Босаңсуға болмайды
«COVID-19» вирусының белгілері қайта байқала бастады. Аты жаман дертті еңсеріп, карантиндік режим кезең-кезеңімен шешіле бастаған уақытта ауруды жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Нақтырақ айтар болсақ, 8531 науқастан коронавирус анықталған. Сондықтан әлі де сақтық шараларын сақтап, босаңсуға болмайды.
Коронавирустан айыққандардың саны артып, бұқараның көңіліндегі үрей сейіле бастаған еді. Алайда, Атырау облысы 8 маусымға дейін карантиндік режимді ұзартқанын хабарлауда. Кешегі күнгі дерек бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында 70-ке тарта адам коронавирусты жұқтырғаны анықталды. Сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл облысында – 33 адамнан, Батыс Қазақстан облысында – 28, Атырауда – 12, Павлодарда – 10, Қызылорда мен Ақтөбеде – 6 адамнан, Маңғыстау мен Ақмолада – 1 науқастан дерттің белгілері анықталып отыр. Қызылорда облысындағы ахуалға байланысты өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов «Егде жастағы азаматтар үйде болса дер едім. Өйткені, коронавируспен тіркелгендер саны алдыңғы 2 аптаға қарағанда 43 жағдайға өсіп кеткен. 60 науқас ем алуда, қазір 6 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Ал сол емделіп жатқан науқастардың 14 пайызы зейнеткерлер. Карантин талаптары жеңілдеген 2 апта ішінде бетперделер саудасы 34 пайызға төмендеген. Егде азаматтардың үйден шығып, түрлі шараларға (қайтыс болған туыстарына көңіл айту, кішігірім отбасылық тойларды атап өту) баруы жиілеген» деп халықты сақтық шараларын сақтауға шақырды. «Базар қайта жабыла ма?» деген бұқараның сауалына Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ә.Әбдіқайымова:
– Халықтың әл-ауқатын арттыру, тыныс-тіршілігін жандандыру мақсатында карантин талаптарын жеңілдеткен болатынбыз. Бірақ соңғы індеттің таралуы, әлі де болса азаматтарымыздың өз жауапкершілігін толық сезінбеуіне әкелді. Жағдай ушыға беретін болса, кейбір шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Аурумен айқасу билік органдарының ғана жұмысы емес, ол сіз бен біздің ортақ мүддеміз болуы тиіс. Жастар арасында ауру белгісі білінбей кетуі ықтимал, дегенмен олар тасымалдаушы болып шығуы да бек мүмкін. Біз алдағы 14-20 күннің ішінде жағдайдың қалай өзгеретінін айта алмаймыз, себебі, қазіргі бейқамдық статистиканы мүлде басқа жаққа өзгертіп жіберуі мүмкін, – деді.
Биылғы жыл тек бізге емес, әлем үшін «тосын сыймен» басталды. Олай дейтін себебіміз, Қытай елінен бастау алған коронавирус дерті көп ұзамай күллі әлемді әбігерге салып, жер шарының 191 мемлекетін карантин жариялауға мәжбүр етті. Сарапшылардың пікірінше, бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемде қалыптасып отырған күрделі жағдай. Тіпті бұл дерттің алдында әлемнің көшбасшысы саналатын АҚШ пен Еуропадағы маңғаз ел Италияның өзі дәрменсіз болып қалғаны мағлұм. Тәжтажалдан сақтану мақсатында біздің елімізде де 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланып, қауіпсіздік шаралары қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда 4352 науқас дерттен айығып шықты. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегендей, деніміздің амандығын, еліміздің тыныштығын ойласақ, карантиндік талаптарға жеңіл-желпі қарауға әлі ертерек.
Шиелі ауданының ерікті жастары аудан тұрғындарын қауіпті індеттен сақтандыру мақсатында 3500 медициналық бетпердені аудан тұрғындарына таратып берді. Жұқпалы індет тұрғындар арасында одан әрі таралмауы үшін қорғаныш бетпердесін міндетті түрде киіп жүрулері қажет. Сонымен қатар адамдар жиі шоғырланатын орындарда ара қашықтықты сақтап, антисептикалық құралдарды пайдалануды ұмытпайық. «Өз денсаулығымыз өз қолымызда» екенін ескеріп, карантиндік талаптарды орындауға ықылас танытайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ