Індет дендеп барады
Әлемдік деңгейді жайлаған «тәжді» дерттің зардабын ел көлемінде мейлінше шектеудің мемлекеттік тұрғыдағы тағы бір шарасы ретінде аймақ, өңірлер оқшауланды. Көңілі күпті халықтың көңілі бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін осыдан да біліп жатқаны сөзсіз.
Әлем халқы ауыздықтауға қауқарсыз болып отырған дерттің дауасын табу үшін Қазақстан ғалымдары үздіксіз ізденіс үстінде. Ақ халатын киіп, алдыңғы шепте тұрған дәрігерлер де адам жанын арашалау үшін аянып жатқан жоқ. Бүгінгі таңда республика көлемінде жаман сырқаттан 61 адам айығып шықты деген жағымды жаңалық бар. Дегенмен Нұр-Сұлтан, Алматы қаласынан кейінгі үштікке шыққан Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 104-ке жетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.
– Өңірде COVID-19 вирусының жаңадан 12 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, Сырдарияда-6, Шиеліде-3, Жаңақорғанда-1, Қызылордада-2 дерек. Анықталған азаматтардың барлығы коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы бірқалыпты, емдерін алуда – деді Ж.Әбілқасымұлы.Сондай-ақ, коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 1143 азамат анықталды. Оның 564-і жақын қатынаста болса, 579-ы потенциалды байланыста болғанын тілге тиек етті.
Облыстағы бұл көрсеткішті көтеріп тұрған Шиелі ауданы екені баршаға аян. Кешегі күнгі статистикаға сүйенсек ауданда 55 адам аталған дертке шалдыққан. Әкімі жоқ Төңкеріс ауылын әбігерге салған ауру 44 адамнан анықталған. Ал 6-ы Талаптан, 1-і Ортақшыл, 1-і Жиделіарық ауылынан, 3 науқас кенттен тіркелген. Ал Қызылорда қаласында-12, Жаңақорғанда-17, Сырдарияда-14, Қармақшыда-4, Арал ауданында-2 адам жұқпалы індетті жұқтырған. Облыс бойынша 104 науқастан коронавирустың белгілері нақтыланған.
Осы орайда Шиелі ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері К.Абишевтің №6 қаулысында 10 сәуір мен 24 сәуір аралығында шектеулер қойылып, 18 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан тұрғындарға аса қатты қажеттілік болмаса үйден шығуға тыйым салынғанын ескере кетейік. Өйткені, жұқпалы індеттен сақтанудың ең басты амалы – үйде отыру. Сонымен қатар аты жаман індеттен сақтанудың дұрыс жолы бетперде кию, қолды жиі жуу және дезинфекция екені үнемі айтылуда. Бетперде кию мен қолды жиі жуу – тек өзіңе байланысты іс. Ал дезинфекциялау жаппай жүргізіліп жатқан қауіпсіздік шарасы.Сақтық демекші індет өршіген Төңкеріс ауылдық округінде күшейтілген дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар дерт шыққан мекендер мен Шиелі кентінде залалсыздандыру жұмыстары жүйеленіп, адам көп шоғырланатын орындар мен алаңқайларды тазартып, сақтық шараларын жасауда.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ