Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дерттің дауасы –Сақтық шарасы

Дерттің дауасы –Сақтық шарасы

Қазақ халқы кез келген індет, оба сынды елді дүрліктірген аурудың атын тіке атамай «жаман ауру» деген. Бізді ғана емес, күллі адамзатты алаңдатқан сондай «жаман ауру» 3-4 айдан бері еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әбігерге салып қойды. Азуын айға білеген, ғылымы, технологиясы дамыған айтулы елдердің өзі төтеннен келген дертке шипа таба алмай дәрменсіз күй кешуде. Осындайда етек-жеңі жиналмай, жағасы жайлауда жүрген қазақтың қаперсіздігі ойыңды сан саққа жүгіртеді.
Президент Қ.Тоқаев қатаң карантиндік режимді ұсынды. Бұған дейін де Төтенше жағдай жариялап, жұқпалы дертке тосқауыл қоюға тырысып баққан едік. Алайда әп-сәтте қайта өршіген дерт ханнан бастап қара халықты тұзағына іліп өтуде. БАҚ-та тәртіптің, тазалықтың қатаң сақталуын әр елдің тиісті мамандары күн құрғатпай айтып жатыр. Әлем елдері «Ай, қап!» деп сан ұрып, миллиондаған адамдар вирустан ажал құшқанда да, сенімсіздік танытып, селқос қараған едік. Енді міне, жаман аурудан жан тәсілім еткен жандардың қарасы көбейіп, өкпенің қабынуы салдарынан өліммен алысып жатқандар қаншама. Жақындарыңыздың саулығын тілеп, талап, тәртіпке мойынсұнатын кез жеткен сыңайлы.
5 шілдеден бастап қатаң карантиндік режим күшіне енді. Енді Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №16 қаулысында көрсетілген міндеттерге тоқталып өтсек. Әуелі көпшілік іс-шаралар спорттық, ойын-сауық, конференция мен семинар көрмелерді өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуге, дәл қазіргідей жазғы демалыс уақытында оқушылар мен мектеп жасына дейінгі балаларды экскурсияға шығаруға болмайды. Өкпеден қысқан коронавирус той-томалақтың ауылын алыстата тұруды да талап етіп тұр. Өйткені тойға барып, жұқпалы ауруды жұқтырғандарды бұған дейін де естіген болатынбыз. Адам санын арттырып, бір жерге шоғырланудың соңы дерттің таралуына әкеп соғатынын ойлағанымыз абзал. Сондай-ақ облыстық бас санитариялық дәрігердің қаулысында көрсетілгендей, қоғамдық орындарға, демалыс саябақтарына 3 адамнан аспай, отбасы мүшелерімен жүрген жағдайда әлеуметтік қашықтықты сақтап жүруді ұмытпағайсыздар. Айта кетейік, қоғамдық тамақтану объектілердің қызме­т­іне күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ашық ауадағы және үй-жайда 30-дан аспайтын орынға дейін рұқсат етілді. Дегенмен көпшілік орындарда қорғаныш бетпердесі мен медициналық қолғаптың болуы шарт.
Шектеу шараларына шекеден қарауды доғарған мақұл. Коронавирус індетіне ұқсас пневмония, яғни өкпенің қабынуы иммунитеті әлсіз жандардың өмірін қиып түсуде. Күн сайын қаралы хабар жетіп, жаназа оқылуда. Сондықтан егде жастағылардың үйде отырып, сақтық шараларын сақтауы өте маңызды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, бұл ауру алпыстан кейінгі адамдарға, әсіресе, жетпістен асқан қарттарға ауыр тиіп жатыр. Себебі оларда созылмалы ауру көп. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, жалпы кез келген адамда микроб болады. Кейбір микробтар ағзаға пайдалы, кейбірі зиянды. Мысалы, ас қорыту үшін кейбір микробтар қажет, ішкі құрылысқа да пайдалы микробтар бар. Өкпе, тыныс алу жолдарында да түрлі-түрлі микроб тұр. Зиянды микробтар да жетіп артылады, алайда иммунитеттің тежеуімен адамға зиянын тигізе қоймайды. Ал коронавирус келеді де, иммунитетті жоюға тырысады. Міне сол кезде иммунитеті мықты адамдар вирустың өзін жеңіп шығады. Ал иммунитеті әлсіз адамдарда коронавируспен қатар, ағзадағы өзге де микробтары өршіп шыға келеді. Жас адамдарға қарағанда қарттардың бойында микробтар бірнеше жыл жинақталып, көбейіп қалғанын да ұмытпаңыз. Covid-19 бірден өкпеге ұмтылады. Фульминантты пневмония деген бар. Ол ауруға ұшырағанда микробтар оттегін таситын ең кішкентай клеткаларды жойып жібереді. Әсіресе, үлкен адамдардың өкпесі тез фиброзға айналады. Яғни өкпе сіңірленіп, тынысы тарылады. Қарт адамдардың бұл вирусты көтере алмай, қайтыс болып кетуінің себебі осында екен. Сексен жастан кейінгілерде фульминантты пневмонияның жылдамдығы сонша, оны өкпенің жасанды вентиляция­сына отырғызу мүмкін емес, отырғызсаң ол аппаратты қайтып ала алмайсың деп тұжырымдауда мамандар.
Қазір тұрғындардың карантиндік жағдайды тиісінше қабылдап, мемлекеттік құрылымдар тарапынан қойылған талап, шарттарды бұлжытпай орындауы өте маңызды. «Құқығымыздың қорғалуы өз жауапкершілігіміздің деңгейіне байланыс­ты» деген екен Джон Кеннеди. Демек дәл қазіргідей сәтте әр азамат мемлекет денсаулығымды қорғап, амандығыма кепіл болсын десе, шектеу қойылған талаптарды бұлжытпай орындап, темірдей тәртіпті сақтай білуі тиіс.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
08 шілде 2020 ж. 615 0