Дерттен айыққандар саны артып келеді
Бүкіл әлем имене қараған пандемияның миллиондаған адамға зияны тиді. Бұл дерт қазастандықтарды да айналып өтпеді. Аурудың алдын алу, ара қашықтықты сақтау, дезинфекция жұмыстары мен карантиндік режимді сақтау арқылы тәжтажалға тосқауыл қойып үлгерген едік. Дегенмен, республика бойынша 2835 адам осы дертті жұқтырып үлгерді. Ал Қызылорда облысында 182 науқас осы диагнозбен тіркелді.
Айтып айтпай не керек, аты жаман аурудан іргемізді аулақ қылсын деп дұға тілегеннен басқа жұмыр басты пенденің амалы нешік? Коронавирустың таралып кетпеуі үшін барын салған ақ халаттылардың еңбегі орасан. Бүгінгі таңда елді елең еткізген жақсы жаңалық та жоқ емес. Шиелі ауданында 55-ші адам аталған дерттен айығып шықты. Айта кетейік, Шиелі ауданы бойынша 66 адамнан осы аурудың белгісі анықталған болатын. Енді міне, көбі кетіп, азы қалған сырқатты жеңуге таядық. Сүйіншілеп жүріп жарияға жар салатын жағымды жаңалық бұл. Әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін, жұртымыз тыныш болғай. Біз сіздермен біргеміз!
«Өскен өңір» ақпарат