Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Босаңсуға әлі ерте

Босаңсуға әлі ерте

Коронавирус індеті қоғамға үрей туғызып отырғаны жасырын емес. Қоғамдық орында түшкіріп яки жөтеліп қалсаңыз болды айналадағылар ерекше назар салады. Осыдан-ақ көпшіліктің көңілі күпті екенін аңғарамыз. Деректерге сүйенсек, әлем бойынша 16 950 047 адамнан коронавирус індеті табылған. Оның ішінде аурудан айыққандардың жалпы саны – 9 989 115. Ал жаман аурудың салдарынан 664 961 адам жан тапсырды. Байқағанымыздай жер шарындағы ахуал әлі бір ізге түскен жоқ. Тіпті коронавирусты жеңді деген Қытайдың өзінде бір күнде 101 адамнан вирус табылды. Ал Солтүстік Корея билігі шұғыл түрде төтенше жағдай жариялады. Бұдан бөлек Латын Америкасы, Гонконг, Жапония, Ливан сынды мемлекеттер де қатерлі індеттің кесірін көруде. Азуын айға білеген алпауыт елдер зардап шегіп отырғанда бізге де босаңсуға болмайды.
Бұл тұрғыда дерттің дауасын табу үшін Қазақстан ғалымдары үздіксіз ізденіс үстінде. Ақ халатын киіп, алдыңғы шепте тұрған дәрігерлер де адам жанын арашалау үшін аянып жатқан жоқ. Бүгінгі таңда республика көлемінде 87 664 адам жаман ауруды жұқтырса, оның 793-і қаза болды, аты жаман аурудан 57 815 адам айықты деген жағымды жаңалық бар. Шиелі ауданында да жағдай тұрақталып келеді. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, тіркелген 229 науқастың 176-ы емделіп шыққан. Өкінішке қарай, үш адам аты жаман аурудан қайтыс болған. Бүгінгі күні аудандық жұқпалы аурулар ауруханасында 39 науқас және ауру белгілері жоқ 10 адам ем қабылдауда. ТКҚСҚББ тарапынан күнделікті шаралар жүргізіліп, аудандағы ахуалды назардан тыс қалдырған емес. Десек те тұрғындардың арқаны кеңге салуына әлі ерте. Бұл туралы Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында ТКҚСҚББ басшысы Гүлзада Айтекеева мәлімдеді.
– Аудан бойынша соңғы күндері коронавирус індеті мен пневмониямен ауырып жатқан азаматтардың санының төмендеуі байқалады. Аурушаңдық жағдайы төмендегенімен, шектеу шараларын әлі де қатаң ұстану қажет. Себебі бұл вирус жөтелу немесе түшкіру кезінде, сондай-ақ қолдың гигиенасын сақтамаған уақытта, ластанған заттар арқылы беріледі. Инфекция жұқтыру қаупі адамдар көп жиналған кезде артады. Сондықтан санитариялық-дезинфекциялық режим талаптары, бетперделік режим мен қол гигиенасын сақтау жалғасады, – деді Г.Айтекеева.
Коронавирус індетімен ауырғандардың жай-күйі ауданда жақсарғанымен, еліміздің өзге аймақтарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Атырау облысында вирус расталғандардың саны 10 мыңнан азаймай тұр. Бұл дерт әсіресе, Құрбан айт қарсаңында өршіп кете ме деген қауіп те жоқ емес. Осыған байланысты 28 шілде күні Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Абдикаимова №19 қаулыны шығарды.
Құрбан айт қарсаңында шыққан қаулыда облыс аумағында 31 шілде мен 2 тамыз аралығында іс-шара өткізуге тыйым салынғаны жазылған. Нақтырақ айтсақ, мереке қарсаңында көпшілік, мерекелік және отбасылық іс-шаралар, тіпті үй ішінде адам көп жиналатын отырыстар жасауға болмайды. Сондай-ақ мал сою цехтары мен мал сату базарының да жұмысы тоқтатылады. Бірақ орталық мешітпен бекітілген онлайн режимінде құрбандық шалу жүзеге аса береді.
Қазіргі таңда қолдан келетін жалғыз амал – үйден шықпау. Көпшілік орынға қаншалықты жиі барсақ, ауруды жұқтыруымыз соншалықты қауіпті. Төрткүл дүниені шарпыған індет жеке адамдардың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Егер әр тұрғын сақтық шараларын сақтап, жиын-тойды бір сәт ысыра тұрса, өзінің ғана емес, өзгенің де жан саулығына нұқсан келтірмейді. Осы орайда «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деген сөзді есімізде ұстап, деніміздің амандығын, еліміздің тыныштығын ойлайық.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
03 тамыз 2020 ж. 539 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930