ТАРИХТА ҚАЛАТЫН ҚАРАЛЫ КҮН
Бүгін барша қазақ елі үшін ауыр күн. «Ел аман, жұрт тынышта» төтеннен келген індет қаншама отандастарымызды, туған-туыс, дос-жаран, елге танымал азаматтарымызды бақилыққа аттандырды. Осы індет алғаш белгілі бола бастағанда көңілімізде бір күдік болғанымен, бізге келмейтіндей көрінген еді. Көпшілігіміз бұл індет елімізге таралмағандықтан сенбестік танытып, қауіпсіздік шараларын сақтамай, бұл дертке жеңіл - желпі қарадық. Ақырында күдігіміз шындыққа айналып, бүгінде көзге көрінбейтін дертпен арпалысудамыз.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген мақалдың бүгінгі күні мәні келмей тұр. Қол-аяғы балғадай, еш ауру-сырқаусыз жүрген тепсе темір үзетін азаматтарымыз, үйде отбасының тірегі болып, ұл-қыздарының тілеуін тілеп отырған қарттарымыз, бала-шағаның қамымен күнделікті тұрмыс тауқыметін тартып, отбасын асырап жүрген әкелеріміз,аналарымыз бір күнде індет жұқтырып,келместің кемесіне мініп кетуде. Жанымызды алып қалар деп бар үмітімізді, сенімімізді ақ халатты абзал жандарға артып, аурухана есігіне телміріп, жаппай дәрі-дәрмек іздеп, бір күнде шарасыз халге түстік. Ал бүгінде сол дертімізге дәру, емімізге шипа беретін дәрігерлеріміздің өзі ажалмен бетпе-бет келіп, қайтсем індет құрығына іліккен жандарды аман алып қалам деп жан аямай күресіп жатыр, көпшілігі өздері де ажал құшуда.
Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлының шешімімен 13 шілде короновирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу - Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл күн қазақ елінің әрбір азаматы үшін тарихта қаралы күн болып қалады. Өз атымнан індет салдарынан көз жұмған барша жандардың отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Әсіресе, алғы шепте жүріп, қаншама жанды құтқарамын деп өздері де ажал құрығына іліккен дәрігерлеріміз қандай құрметке болсын лайық. Олардың алдында баршамыз мәңгі қарыздармыз.
Бұл індет әлі өршіп тұр. Әлі қаншама жанның тағдыры қыл үстінде. Ендеше баршамыз осынау қиын- қыстау күнде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміздің, жақындарымыздың өміріне жауапкершілікпен қарап қана бұл дертті жеңе аламыз. Той- томалақ,бос қыдырысты доғарып,дәрігерлердің кеңесін мұқият тыңдап, індетке қатысты ережелерді сақтайық, ағайын!
Елжасарова Оразкүл Сүлейменқызы
№40 А. Қыраубаева атындағы орта мектеп директоры