Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақындарымызға жанашыр болайық

Жақындарымызға жанашыр болайық

ҚҰРМЕТТІ ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫ! ҚЫМБАТТЫ ЖЕРЛЕСТЕР!
Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі ахуалға байланысты халыққа Үндеу жолдап 13 шілдені - Ұлттық аза тұту күні деп жариялағаны белгілі. Осы ретте, бүгін барша Қазақстан халқы аза тұтып, COVID-19 індеті мен пневмония салдарынан дүние салған азаматтарымыздың жақындарына көңіл айтуда. ⠀
Бұған дейін 4 сәуірден Қытай, 22 мамырдан бастап 3 күнге – АҚШ, 27 мамырдан бастап 10 күнге – Испания секілді елдер аза тұту күнін жариялаған болатын. Себебі, осы мемлекеттерде аталған аурудан едәуір адам шығыны болды.
Әлем халқын әбігерге салған тәжтажал талай отандастарымыздың шаңырағын шайқалтты. Еліміз бұрын – соңды болмаған күрделі кезеңмен бетпе- бет келіп отыр. Өкінішке қарай, қауіпті індет Шиелі ауданының тұрғындарын да айналып өтпеді. Осыған орай қауіпті індет салдарынан көз жұмған жандардың отбасы мен туыстарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Бүгінгі Аза тұту күнінде Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы мекемелер ғимаратындағы Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Үрейге бой алдырмай, түрлі қауесеттерге сенбей, бұл дертті қарқынды күреспен, ауызбіршілікпен, қатаң тәртіппен ғана жеңеміз. Дертті түбі жеңерміз, жақсы күнге де жетерміз. Ол үшін бізге бірлік, ынтымақ, қажыр-қайрат қажет. Қаупі дендеп бара жатқан мына ауруды тұншықтыру өзімізге байланысты екенін естен шығармайық!
"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, қауіпті індетті бәріміз бірге жеңейік, жақынымызға жанашыр болайық, құрметті әлеумет!
Халқымызда «Ынтымақ – ырыс қазығы» деген жақсы сөз бар. Бекем бірлік пен ырыс-ынтымағымызды көрсетіп, ауызбіршілік танытсақ, қауіпті дерттің әрі қарай асқынуына жол бермейтініміз сөзсіз.
«Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін» деп, Мемлекет басшысы сенім білдіргеніндей, бүгінгі күні сабыр сақтап, қалыпты өмірге тезірек оралуды ойласақ, карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде болайық!
Ең бастысы жақындарымыздың денсаулығы мен амандығы өзіміздің қолымызда екенін естен шығармайық.
Еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Бірлігімізге бекем, жақынымызға демеу болайық !
Әр азаматтың амандығы үшін күресейік!
Енді мұндай қаралы күн ешқашан болмасын!
Жақындарымызға жанашыр болайық!

Шиелі ауданының әкімі
Мүбараков Қамбарбек Амангелдіұлы
--

13 шілде 2020 ж. 775 0