Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан тұрғындарына үндеу

Аудан тұрғындарына үндеу

Құрметті, Шиелі ауданының тұрғындары мен қонақтары!
Қадірлі жерлестер!
Өздеріңіз білетіндей, елімізде таралған жұқпалы індеттің қаупі күн санап күшеюде.
Осыған орай, коронавирустық инфекция аурушаңдығының өсуі мен эпидемиологиялық жағдайдың асқынуын ескере отырып, Мемлекеттік комиссия биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап 14 күнге шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Нақтырақ айтқанда, көліктер қатынасын, оның ішінде қоғамдық көліктердің жұмыс уақытын шектеу, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларға, сонымен бірге отбасылық жиындарға (той, ас беру және т.б) тыйым салу сияқты карантиндік шектеу шаралары жүргізілетін болады.
Қызылорда облыстық Бас санитариялық дәрігерінің арнайы бектілген №16 қаулысына сәйкес, карантин талаптары қайта күшейтілуде.
Ауданымызда пневмония дертінің асқынуына байланысты шұғыл шаралар жүргізілуде.
Шиелі ауданы бойынша әр елді мекен бойынша САНИТАРЛЫҚ МОБИЛЬДІ ТОП құрылып шақыртуларды қабылдауда, ал Шиелі кенті бойынша 5 мобильді топ құрылған.
Қазіргі таңда 89 жедел респираторлы вирустық инфекция, 25 пневмония амбулаторлы үй жағдайында емделуде.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары үшін арнайы құрылған CALL-ОРТАЛЫҚ: 4-64-48, 8-777-164-54-13 телефондары тәулік бойы жұмыс жасауда.
Осы байланыс номеріне хабарлассаңыз, сіздің сұрауыңыз бойынша қажетті кеңестер беріледі, егер хабарласушының арнайы тексеруді қажет ететін жағдайы анықталса, мобильді топ мекен-жайына барып, тұрғынның қызуын өлшеп, тиісті медициналық тексеру жұмыстарын жүргізетін болады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халық даналығы. Өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін сақтық шараларына ерекше мән беріп, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырамын!
Қаупі дендеп бара жатқан мына ауруды тұншықтыру өзімізге байланысты екенін естен шығармайық!
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қауіпті індетті бәріміз бірге жеңейік, жақынымызға жанашыр болайық, құрметті әлеумет!

Құрметпен
Қамбарбек Мүбараков,
Шиелі ауданының әкімі
08 шілде 2020 ж. 493 0