Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шуақ сыйлаған шара

Шуақ сыйлаған шара

Қараша айының 21 жұлдызында Шиелі ауданаралық орталық Емханасының Әлеуметтік қызметкері Жадыра Нұрбаеваның ұйымдастыруымен «Жақсы көңіл-күй – жан азығы» атты іс-шара өтті. Тағылымға толы шараның негізгі мақсаты – адамдардың арасындағы психологиялық қал-ахуалды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі жандардың көңіл-күйін көтеру, өзін-өзі бағалап, шығармашылық қабілетін дамыту. Сондай-ақ олардың қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік жасау.
Сіздің ойыңыз денсаулығыңызға шабуыл жасай алатынынан хабарыңыз бар ма? Денсаулықтың салауатты өмір салтымен, генетикамен және ағзадағы ауытқушылықпен байланысы барын білеміз. Алайда, ішкі ағза мен көңіл-күйдің арасында біз біле бермейтін қандай байланыс бар?
Көңіл-күйіңді бірқалыпты ұстаудың пайдасы ұшан теңіз. Эмоциясын басқара алатын адамның жетістікке жылдам жететінін ғалымдар да дәлелдеген. Шиелі ауданаралық ауруханада өткен шарада көңіл-күйдің адам денсаулығына әсері жайында мол мағлұмат берілді. Шараны бас дәрігердің орынбасары Г.Құрманғалиева ашып, ыстық ықыласымен бөліссе, профилактика бөлімінің меңгерушісі Г.Оразбекова, емхана психологі А.Базарбаева, дәрігерлік комиссия дәрігері Н.Айтбаева сәттілік тіледі. Кеш қонақтары П.Өтегенова, М.Таңатарова, С.Сағындықова, А.Марсел, М.Бекжанов, Н.Қошқаров, Қ.Әлімқұлов, Л.Байғазиева, Б.Ахметов сынды мүмкіндігі шектеулі жандардың шексіз мүмкіндікке ие екеніне тағы көз жеткіздік. Шара барысында жүрек жарды өлеңін оқыған кеш қонағы Г.Дербишова «Мен бүгінгі шарадан ерекше әсер алдым. Көңіл-күйім көтеріліп, өмірге деген махаббатым оянды. Бұл ауданаралық орталық емхананың ұйымдастыруымен өтіп жатқан алғашқы шара емес. Алдағы уақытта да осындай шуақты, серпіліс беретін кештер өткізіліп тұрса деймін. Жадыра Нұрбаева мен барша емхана қызметкерлеріне алғыс білдіремін» деп, жылы лебізін білдірді.
Шара барысында Нартай ­Бекежанов ауылының әлеуметтік қызметкері Ш.Қасымбекова баяндама жасаса, Алғабас ауылының әлеуметтік қызметкері Н.Қауыс «Қара нүкте» тренингін ұйымдастырды. Сондай-ақ Бестам ауылының әлеуметтік қызметкері Қ.Сахиева өзін-өзі бағалау тренингін жасаса, Ортақшыл ауылының әлеуметтік қызметкері Г.Әбдіслам сиқырлы сөздерімен кеш қонақтарына ерекше серпін сыйлады. Кеш соңында шараға қатысушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
26 қараша 2019 ж. 565 0