Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теорияны тәжірибемен ұштастырды

Теорияны тәжірибемен ұштастырды

Бұрнағы күні «Шиелі ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аталған шараны Қарағанды қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысып, тәжірибе алмасқан әлеуметтік қызметкер Жадыра Нұрбаева мен психолог Арайлым Базарбаева ұйымдастырды.
Өркениетті елдер денсаулығында кінараты бар жандарды қамқорлығына алып, олардың қоғам тірлігіне араласуына барынша жағдай жасап отырады. Ал мұндай қамқорлық біздің ата салтымызда бұрыннан бар, сондықтан тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап елімізде әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыруға баса назар аударылып келеді. Бұл орайда әлеуметтік қызмет көрсету саласының қалыптасуы өтпелі кезеңнің қиын жағдайларында жүзеге асқанын атап өткеніміз жөн. Соған қарамастан тарихи қысқа мерзімде әлеуметтік қолдаудың ескі тетіктері халықтың әлеуметтік жағынан ең аз қамтылған және осал топтарының қажетін қанағаттандыруға бағытталған өмірге бейім жүйеге ауыстырылды.
Әлеуметтік қызмет көрсету саласын 2021 жылға дейін дамыту және одан әрі күшейту шаралары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін әзірленді.
Жоғарыда атап өткен шараға Н.Бекежанов дәрігерлік-амбулаториясының әлеуметтік қызметкері Шынар Қасымбекова мен Бидайкөл дәрігерлік-амбулаториясының әлеуметтік қызметкері Гүлзат Мұхтарова қатысып, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» тақырыбында баяндама жасады. Тренинг барысында дамыған елдердің тәжірибесін қолданып, түрлі психологиялық ойындармен сергіту сәттерін жүргізді. Шараны қорытындылаған «Шиелі ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның бас дәрігерінің орынбасары Қазбек Шәукебаев пен емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Оразбекова арнаулы әлеуметтік қызметкерлер арасындағы өткізілген алғашқы шараға оң бағасын берді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

29 қазан 2019 ж. 810 0