Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның кеселі

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның кеселі

Өткен сенбіде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қызметі» әлеуметтік жобасы бойынша «Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның кеселі» тақырыбында 8 сағаттық семинар-тренинг болып өтті.
Аталған шараны «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұйымдастырылып отырған жиынға қыз-келіншектер мен жергілікті ішкі істер бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі инспекторы Фарида Досболова қатысты.
Жиында «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шамшат Оразымбет сөз алып, баяндама жасады.
– Мен 2016 жылы мемлекеттік қызметте жүргенімде басқа аудандарға іс-сапармен жиі бардым. Сол кезде бізден де кішірек аудандарда осы секілді бірлестік ашылып, менен жасы әлдеқайда үлкен апайлар осы істі дөңгелетіп отырғанын көріп таң қалдым. Сонда маған бұл бірлестікті неге Шиеліден ашпасқа деген ой келді. Кейін аудан басшысына жолығып, мән-жайды түсіндірдім. Ойымды құп көріп, сол жылы «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігі құрылып, 2017 жылдан жұмысын бастады. Осыған дейін түрлі шараларды қолға алған қоғамдық бірлестік халықтың оң бағасын да алып үлгерді. Міне, бүгінгі болып жатқан семинар-тренинг те осының нәтижесі. Осы секілді шаралар әлеуметтік жобаға байланысты жылына 2-3 рет ұйымдастырылып тұрады. Аудан қыз-келіншектерінен бастап, жасы ұлғайған ақ жаулықтыларымыздың алғысын алғанда шабыттанып, жасап жатқан жұмысымның зая кетпегеніне қуанамын, – дейді Шамшат Оразымбет.
Семинар-тренингті Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал доценті, психология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аяғанова жүргізді. Тренинг барысында отбасындағы кикілжің мен шиеленісті шешу жолдары талқыланып, қатысушыларға отбасы мүшелерінің міндеттерін түсіндірді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Фарида Досболова да бірқатар ақыл-кеңестерін айтып, зорлық-зомбылық орын алған жағдайда дағдарыстан шығу жолдарын сөзіне арқау етті. Шараның соңы қатысушылардың алған әсерлерімен бөлісіп, осы секілді қоғам үшін қажетті семинар-тренингтер көптеп ұйымдастырылса екен деген ізгі-тілек, алғыстарын жеткізумен аяқталды. Қатысқан барлық қыз-келіншектерге арнайы сертификат табыс етілді.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
21 мамыр 2019 ж. 1 215 0