Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дағдарғанға пана болар

Дағдарғанға пана болар


Қоғамымызда отбасы өзге адам қол сұқпайтын ұйым және онда болып жатқан істер отбасына ғана қатысты болғандықтан, оған ешкімнің араласуы тиіс емес деп саналады. мұнымен отбасы бақытты болған жағдайда келісуге болады. Ал, егер отбасында зорлық болатын болса, онда ол — мемлекеттік іс. Өйткені, мемлекетке қарыштап даму үшін бейбіт өмірмен дені сау азаматтар қажет.
Зорлық-зомбы­лық – бүкіл әлем бойынша ең көп таралған тәртіп­сіздіктің бірі. Үйдегі зорлықтың шекарасы жоқ. Ол балаларға, зайы­бы мен жолдас­ына немесе қарттарға, мүгедектерге, асырап алған балаларға да қатысты болуы мүм­­кін. Егер мемлекет пен қоғам отбасындағы зорлыққа қарсы әрекет етпесе, онда ол зорлыққа қатысқан болып есептеледі.
«Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының мәжіліс залында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы көмек көрсету барысы, оның қоғамдағы рөлі, маңыздылығы мақсатында жиын өтті. Кеңінен ақпарат беру үшін ауылдық округтердегі мамандар, мектептегі тәрбие ісі жөніндегі ұстаздар, бөлім қызметкерлері қатысты.
Шараны «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов жүргізді. Бүгінде аймақ бойынша осы орталықтың көмегіне жүгінген әрбір адамға жан-жақты құқықтық кеңес беріліп, психологиялық қолдау көрсетіліп келеді. 8 жылдан бері зорлық-зомбылыққа тап болғандар орталықтың көмегіне жүгініп, қолдау алуда. Аталмыш орталық директорының айтуынша: «9 айдан бері облыс көлемінде 150 адам психологиялық кеңес алған. Сондай-ақ, күш көрсету, психологиялық, сексуалдық, экономикалық зорлық-зомбылық бағыттары бойынша мамандарға жүгінген. Елімізде қылмыстың үштен бір бөлігі осы зорлық -зомбылыққа байланыс­ты орын алып отыр», – дейді орталық директоры. Кейінгі жылдары осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша заңнамалық және практикалық шаралар орын алып, түсіндірме жұмыстары атқарылып келеді.
«Отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс туындағанда, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылу керек. Кикілжіңі көп болатын отбасында өскен балалар есейген соң не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін-өзі ұстау үлгісін алады.
Елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты 20 дағдарыс орталығы бар. Әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық проблемасы азаймай отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жылына 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болады екен.


Ж.Қауғанбаева.
20 қараша 2018 ж. 1 319 0