Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықаралық конференцияның шарапаты халыққа тиеді

Халықаралық конференцияның шарапаты халыққа тиеді

2019 жылдың 4-5 қазанында Қарағанды қаласында алғаш рет «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ қолдауымен «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығы «Денсаулық сақтаудағы әлеуметтік жұмыс және психология: даму, инновация және перспективалар» атты ауқымды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырған болатын. Аталған конференцияға 600-ден астам адам тәжірибе алмасу, денсаулық сақтаудағы әлеуметтік жұмыс пен психологияның өзекті мәселелерін талқылау, басқа ұйымдармен ведомствоаралық ынтымақтастық мақсатында Қазақстанның барлық аймақтарынан әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар қатысты. Денсаулық сақтау саласында қызмет жасайтын кез-келген маман үшін білім көкжиегін кеңейтетін игі шаралардың, түрлі конференция мен білікті мамандардың ақыл-кеңесі өте пайдалы. Қарағанды қаласында өткен халықаралық конференцияға Шиелі ауданынан психолог Арайлым Базарбаева мен әлеуметтік қызметкер Жадыра Нұрбаева барып, шет ел мамандарымен тәжірибе алмасып қайтты.
Халықаралық тәжірибе алмасу үшін Финляндиядан, Даниядан әлеуметтік жұмыс бойынша халықаралық сарапшылар келді. Конференцияда халыққа әлеуметтік және психологиялық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру туралы өзекті мәселелер, негізгі кедергілер, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарды аттестаттау, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырыс ҚР Премьер – Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың, ҚР ДСМ министрі Е.Біртановтың, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбектің медицина қызметкерлерін мерекесімен құттықтаудан бастау алды. Одан әрі «Әлеуметтік жұмыстағы Кейс-менеджмент», «Психологиялық кеңес беру ерекшелігі» мастер-класстарына қатысып, «Әлеуметтік жұмыстағы Кейс-менеджмент» сертификаты мен алғыс хатты иелендім. Әлеуметтік қызметкер болғандықтан мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеймін. Шиелі ауданаралық орталық емхана басшылығы сенім артып, тағылымы мол конференцияға жібергені үшін алғысым шексіз. Өйткені, осы конференция тәжірибеме жаңа әдістерді қосуға септігін тигізді.

Жадыра Нұрбаева,
Шиелі ауданаралық орталық емханасы жалпы тәжірибелі дәрігерлік
бөлімінің әлеуметтік қызметкері
19 қазан 2019 ж. 944 0