Қайырымды істің басында қоғамдық қор
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Қазіргідей үміт пен күдік қатарласа орын алған алмағайып кезеңде мұқтаж жанның қажеттілігін орындаудың сауабы жоғары болмақ. Қайырымды істің басы қасынан табылып жүретін, ашылғанына 2 жыл болған «Қазақстан Республикасы Ел құрметі» қоғамдық қорын жұрт жақсы біледі. Аталған қор кент пен ауылдардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар және көпбалалы аналарға көмек қолын созып жүр. Сондай-ақ, жалғыз басты қарттарды да назардан тыс қалдырмайды.
Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Биыл қарашадағы қыстың ызғарлы желі аудан тұрғындарын әбден әбігерге салды. Тіпті, ауданда көмір кезегін күткен көліктердің де қарасы қалың болғаны жасырын емес. Иә, мұндай суықты күтпеген жұрт қыс қамына дайын болмай шықты. Әлбетте, осындай кезде қиындықты басынан өткізген қолдауға зәру өңір тұрғындарына өздерінің өнегелі істерімен танылып жүрген «Қазақстан Республикасы Ел Құрметі» қоғамдық қорының директоры Жарылқасын Шынарбекұлы игілікті іске бастамашы болып, арнайы қаражат бөліп отыр. Сонымен қатар, аталған қордың Қызылорда облысы бойынша филиал төрайымы, «Тұлға тағылымы» журналының меншікті тілішісі Маржан Сәдуақасқызы мен аудан еріктісі, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Сәдуақасұлы аудандағы тұрмысы төмен бірнеше отбасыға қол ұшын созды. Айта кетейік, жомарт жандар жуырда Ақмая ауылдық округіндегі Құлжан Қадыров көшесінде тұратын тұрмысы төмен бір отбасыға қажетіне қарай көмір түсіріп берсе, тағы бір Шиелі кенті Тәттімбет көшесінде тұратын жалғызбасты анаға да көмір түсіріп берді. Сондай-ақ, Шиелі кенті, Жүргенов көшесінің тұрғынына газ орнатуға ақшалай көмектесті. Бұл игілікті іс алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
– Халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп тегін айтпаса керек-ті. Қазір көптеген отбасы қиындықпен күресіп жүргені рас. Сондықтан барымызбен бөлісіп жатырмыз. Бұл алғашқы және соңғы көмек емес. Әлі де игілікті істерге бастамашы боламыз.Бұл қордың мақсаты аудандағы барлық тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмек беру, — деп атап өтті «Қазақстан Республикасы Ел Құрметі» қорының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Маржан Сәдуақасқызы.
Иә, қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Иә, мұндай игілікті істің қайыр-берекеті көп болып жұмылғанда ғана артып, тиетін сауабы еселене түседі. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресі, 215-ші аятында Жаратқан Алла Тағала: «Кімге қандай жақсылық жасасаңдар, Алла тағала оны шүбәсіз біледі», – деп әрбір қайыр мен жасаған жақсылықтың есебі қараусыз қалмайтынын ашық білдіреді.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ