Береген қол берекелі
«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын аптал азаматтар жетерлік ортамызда. Асылы, «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» дейтін қазақ мақалы байлықты мақсат-мұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мүмкіндігі деп қарайтын жандар жөнінде айтылған ғой. Қазақ ұғымындағы Атымтай жомарт туралы тәмсілдер де, міне, осындай қолы ашық, жаны жомарт жампоздар жайында сыр шертеді. Ен байлықты еңсеру, оны парасат-пайыммен жұмсау, қасындағыларға қайырымдылықпен қарайласу қанмен келетін қасиет болса керек. Қайырымдылық жасау – имандылықтың нышаны десек, оның шартының өзі адал және әділ болуға, әлсізге, жоқ-жітікке, кемтарға қайырымдылық ету, ұрлық, қиянат сияқты кеселді қылықтарға жол бермеу болып саналады.
Иә, біз бұл мақаламызда қоғамымызда кәсіп ете жүріп, сол кәсібінің нәсібімен мұқтаж жандармен де бөлісіп жүрген жандар жөнінде айтпақпыз.
Құрбан айт мерекесіне орай, «Halyk Bank» акционерлік қоғамының ауданындағы филиалының директоры Ә.Ергешбаевтың бастамасымен ұжым қызметкерлері әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы 5 отбасыға азық-түлік таратып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Мұнымен қоса, жуырда шаңырақ көтерген кенттің жас тұрғындары Анарбек Досыбеков пен Бота Хамитқызы кешкі серуенге шығудың орнына осындай 3 жанұяға көмек қолын созу арқылы өздерінің отбасылық өмірлерінің бастамасын өнегемен өруді жөн санапты. Насихаттауға боларлық. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жүрегі жомарт жандардың қолынан келері анық. Қашанда алған қолдан, береген қол қайырлы. Хадис шәріптердің бірінде пайғамбарамыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар! Сонда көктегі сендерге рақымдылық жасайды», – деген болатын. Ал, халық даналығы «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» немесе «Біреу, біреуге сүйеу» деп ақыл береді.
Міне, адамға адамның қадірі осындайда білінеді. Абайша айтқанда, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп бір-бірімізге қолұшын созып, қиналған сәттерде жақын тартып, жанашырлық танытпасақ, адамшылығымыздың құны қайсы?!
Қоғамда соңғы кездері «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген ұғымды жиі пайдаланып келеміз. Яғни, бизнестің күш-қуатын әлеуметтік салаға жұмылдыру арқылы жасалып жатқан жақсы істер талай жанға қанат бітіріп, қиын күнде қолдау болуда. Аудан көлеміндегі іргелі мекемелер, ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезініп, әлеуметтік әлсіз топқа осы сынды қайырымдылықтың ізін жалғап, айналасынан табылып жатса, игілікті істің үлкені осы болмақ. Біз осынау мақала арқылы бұл іс иелерін көрсетуді мұрат тұтпадық. Тек, жақсының жақсылығын айту арқылы өзгелерге сабақ болса дедік. Олай болса, жомарттыққа жақын болып, жақсылықтың жанынан табыла білейік!
Дина ЖҮСІПОВА.