МҰРАҒАТ – МӘДЕНИЕТТІҢ МҰРАСЫ
Ел тарихындағы құнды жазба деректерді жинастырып сақтау ісіне әуелгі замандардан бері мемлекеттік деңгейде мән беріліп келеді. Өңіріміздің өткен тарихын көз алдымызға келтіріп, болашаққа қызмет жасайтын мекеме, ол – архив.
Өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Біле білсек, архив – тарихи шежіре қоймасы. Айта кету керек, 1998 жылғы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы өмірге келді. Осы ерекше дата мемлекет үшін зор маңызға ие. Бұл күн еліміздегі мұрағат қызметкерлері үшін де айтулы мереке.
Өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Біле білсек, архив – тарихи шежіре қоймасы. Айта кету керек, 1998 жылғы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы өмірге келді. Осы ерекше дата мемлекет үшін зор маңызға ие. Бұл күн еліміздегі мұрағат қызметкерлері үшін де айтулы мереке.
Архив десе, барша халықтың есіне «Ұлттық архив қоры» түседі. Неге дейсіз ғой? Себебі, онда ата-бабаларымыздың тарихын ғана емес, олардың парасаты мен үлгі-өнеге өсиеттері, мемлекеттік құжаттар, тарих қойнауының сан ғасырлық естеліктері мен аса маңызды іс-парақтар сақталған. Сол секілді әрбір өңірдің өзіндік мұрасы сақталатын Мемлекеттік архив қоры болады. Солардың бірі – «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Шиелі аудандық филиалы.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Шиелі аудандық филиалы Шиелі аудандық атқару комитетінің №40 шешімі негізінде аудандық атқару комитеті жанындағы шаруашылық есептегі мұрағат болып 1987 жылдың 2 ақпанында ашылады. «Шаң басқан архив талай сырды шертеді». Ауызекі тілде осылай дегенімізбен, тап осы теңеудің қалың-қалың папкілерді қораптармен қаптап, үстіне тозаң қондырмай, көздің қарашығындай сақтап отырған архивтың аудан үшін де, мемлекет үшін де маңызы зор. Осы кезеңге дейін аудан туралы өте ауқымды әлеуметтік-экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени ақпараттар жинап, демократиялық қоғам қалыптастырудағы идеологиялық мәні жоғары деректердің алтын қорын жасақтап отырған аудандық архив – мәдениеттің мұрасы болып табылады. Аудандық мұрағат 2008 жылдан бастап облыстық бюджеттен қаржыландыруға көшіріліп, жұмыс істейді. Штаттық кесте бойынша мұнда архив басшысы, қор қоймасының меңгерушісі, 3 архивист, 1 бағдарламашы, 0,5 бірлікте электр маманымен, 1 кіші техникалық қызметкер еңбек етеді. Ғимарат 2 қор қоймасы, құжат қабылдау мен құжат өңдеу бөлмелері мен жұмыс кабинеттерімен жабдықталған. Архив қорында 1987 жылдың ақпанында 1148 құжат болса, бүгінгі таңда аудандық архивте 215 қорда 48009, 211 фото құжаттары, жеке тектік 177 сақтау бірлігі сақталып, халықтың игілігі үшін қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, жыл сайын жинақтау көздері болып табылатын аудан көлеміндегі 88 мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен мекеме құжаттарының саны артқан сайын, қор сақтау қоймаларының толу дәрежесі де 100 процентке толыққан. Аудандық мұрағатты 1987-1997 жылдар аралығында Бәкір Токбаулин басқарса, 1997-1999 жылдары Қалдыбай Сүгірбаев, одан кейін 1999-2004 жылдары мұрағат көшін Аманберді Әлімов өрге домалатып, 2005-2010 жылдары Мәрия Дүйсеаманова басшылық етті. Ал, 2010 жылдың қазан айынан бастап аудандық архивтың басшылық қызметін Ерболат Әбішұлы абыроймен атқарып келеді.
– Аудандық архив бөлімі жыл сайын өз деңгейінде түрлі іс-шаралар атқарып, экскурсиялар, ашық сабақтар, көрмелер, дөңгелек үстелер, жиналыстар, түрлі семинарлар өткізіп отырады. Архив саласының нормативтік-құқықтық талаптарына сәйкес, 13 іс-номенклатурасы құрастырылды. Сондай-ақ архив қызметкерлері тарапынан іс жүргізуді қалыптастыру туралы архивте 32, мекемеде 44 рет қызметкерлерге кеңестер мен тәжірибелік көмектер көрсетілді. Және де ТМД елдерінен келген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы электронды порталы арқылы келген 4 сұраныстың 4-уі де қанағаттандырылып, жауабы жіберілді, – деді мұрағат басшысы Ерболат Әбішұлы.
Қорыта айтатын болсақ, аудандық архивте атқарылып жатқан толымды тірлік жетерлік. Мұрағатшыларды 22 желтоқсан – архивистер күнінің жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, патриоттық рухтың бастауы – ұлттық тарихымыздың негізін құрайтын нақты дерек көздерін жинақтап, сақтап, ел игілігіне жарату ісінде еңбектеріңіз елене берсін дейміз.
Бабалар мұрасын асыл қазынаға айналдыруды азаматтық парызы деп ұққан, келешекке үкілі үмітпен, жанашырлықпен қараған еңбегі биіктен көрініп, абыройлары асқақтай берсін.
Сымбат Сұлтан