Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРХИВ – ТҰНҒАН ТАРИХ

АРХИВ – ТҰНҒАН ТАРИХ


Осыдан үш жыл бұрын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Архив-2025» бағдарламасы бастау алды. Ел тарихын жасақтауда архивтегі көптеген ғылыми құжаттардың айналымға түспегенін ескерген мақалада «Олар әлемнің бүкіл архивтерінде іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік архивтер дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» атты жетіжылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын» делінген.
Еліміздің өткенін зерттеп, електен өткізіуіне қажетті құнды деректердің көзі болып табылатын бір ғана мекеме бар, ол – архив. Архив – ел тарихының қазынасы. «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Шиелі аудандық филиалы жергілікті мекемелер, ұйымдармен тікелей байланыста жұмыс жүргізеді. Қорға келетін құжаттардың құндылығын сараптау – архивтанудың жауапты саласының бірі. Біліктілік пен тиянақтылықты талап ететін, тек нормативтік құжаттар негізінде ғана емес, жан-жақты зерттеліп, зерделенетін, ертеңге қалар тарихтың құнды болуын нақтылайтын жұмыс – архив қорын құнды құжаттармен толықтыру болып табылады.
«Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделгендей ұйым архивінің паспорты жыл сайын жасалып, құжаттардың нақты есебі жүріп отырады және есеп үшін жинақтау көздері құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы төлқұжат толтырып, мемлекеттік архивке жыл соңында тапсырылады.
Өзіміз жұмыс жасайтын Шиелі аудандық архивінде аудан тарихын қамтитын мыңдаған құжаттар бар. Шиелі аудандық Кеңесі атқару комитетінің №1 қордағы тарихи деректері бойынша Шиелі қыстағына жер аударылып келген азаматтардың саны 1944 жылы - 95, 1945 жылы-681, барлығы-776 азаматтар тіркелгендігі және аудандағы көшелерге атау берілгендігі жайлы мәліметтер архив қорында сақтауда тұр.
Негізі, 2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек 215 қорда, 48009 құжат сақтауда бар, оның ішінде 19133 тұрақты сақталатын құжаттар, атап айтар болсақ, 1986 жылдан басталатын аудандық атқару комитетінің шешімдері, қарарлары, жиналыс хаттамалары, аудандық мәслихаттың, нотариалды кеңсенің, халық сотының, аудан көлеміндегі барлық ауылдық кеңестер мен ауыл округтерінің құжаттары. Ал, 28699 құжат аудандағы мекемелер мен ұжымдардың жеке құрам құжаттары екенін айта кеткен жөн.
Қорыта айтқанда, өңірдегі мемлекеттік архив қорын сапалы құжаттармен толықтыруда барлық аудан тұрғындарын бірлесе атсалысуға шақырамыз. Архив – тұнған тарих. Аудан тарихын бірге жасақтап, келер ұрпаққа табыстайық.

Назира Төлешова,
Шиелі аудандық архив филиалының
қор сақтау қойма меңгерушісі
25 қараша 2021 ж. 1 042 0