Сурет және өмір
Осыдан екі жыл бұрын Елбасының өзі дамыған елдердің қатарына қосылу үшін, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Рухани жаңғыруға серпін беретін көшелі ғылым – тарих ғылымы екені айқын дүние. Ал тарихтың қайнар көзі «шаң басқан архивтерден» табылады.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Шиелі аудандық филиалы – аудандағы маңызды нысандардың бірі. Мұнда елдігімізге қатысты құнды құжаттар қоры сақталады. «Біздерді де ойлайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табыламыз» деп Мұқағали ақын жырлағандай, өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Осы ретте архив ісіне жүктелетін жауапкершілік орасан деп ойлаймын. Біле білсек, архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әрбір ұлт тарихының қазынасы.
Аудандық архив қорына Шиелі ауданында өткізілген іс-шаралар, жаңадан ашылған нысандар бойынша 1968-2018 жылдар аралығындағы сурет құжаттары сақтаулы. Мәселен, 1968 жылы қос алып дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, академик, ғалым Ш.Есеновпен дидарласуы,1969 жылдары Шиелі ауданының фототілшісі, Қазақ ССР Журналистер Одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі С.Хутаев Социалистік Еңбек Ерлерімен бірге, Ы.Жақаев өзінің ізбасарлары – шиелілік Социалистік Еңбек Ерлері Заһира Ержанова, Ким Ман Сам, Ким Ган ГУ, Маман Қалдыбаев, Байдүйсен Оразов, Ким Ек Се, Нартай Көкиевтермен бірге кездескені, 1970 жылы жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбаев мектеп оқушыларына қолтаңба қалдыру сәті, 1971 жылы Ыбырай Жақаев ел ағалары Шиелі ауданының бірінші хатшысы Орынбасар Бәйімбетов, Кеңес Одағының батыры, генерал-лейтенант Георгий Ковтуновпен бірге кездесу сәті, 1998 жылы Елбасының Шиеліге келген сапары, 2011 жылдары математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев туған жеріне қонаққа келгені, Ескендір Хасанғалиев пен Дарико Хасанғалиеваның «Әнге айналған Шиелі» республикалық ән байқауына қатысу сәттері бейнеленген. Қорда бұдан басқа да ауданның тарихынан, басынан өткерген әртүрлі оқиғалар мен кезеңдерден сыр шертетін құнды, тарихи сурет құжаттары сақтаулы тұр. Бұл дүниелердің барлығы тарихтың теңдесіз қазынасы болып қала бермек.
Назира Төлешова,
қор қоймасының меңгерушісі