Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 540916 кітап бар

540916 кітап бар

Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 32 кітапхана аудан халқына қызмет көрсетеді. Атап айтар болсақ, аудандық кітапхана, 1-аудандық балалар, 4-қалалық, 26-кітапхана ауылдық жерлерде орналасқан. Бүгінгі таңда Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапханада 540916 дана кітап бар. Оның ішінде 355036 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер.
Оқырманын жоғалтпай, кітап құмар қауымның қалауын табу – кітапханашылардың жұмысындағы басты мақсат. Сондықтан болар, аудандық орталықтандырылған кітапхана басшысы Гүлдана Жақыпова үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жаңалыққа, жаңашылдыққа құмар ол зағип жандардың кітап оқу мүмкіндігін арттыру жолында да түрлі жобаларды қорғап, жайлы жағдай жасап қойғанынан хабардармыз.
– Кітапхананың өмірі «карантинге дейін» және «карантин кезінде» болып бөлініп, виртуалды кеңістікке ағылды. Іс-шараларды онлайн өткізудің түрлі жолдарын сынап көрген кітапханаларға оқырмандарын сақтап қалу бір сынақ болды. Себебі кітапхана – пандемия кезінде де кітапхана. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялады. Карантиндік шектеу кезеңінде театрландырылған қойылымдар арқылы балалардың тілін дамыту, әр балаға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлау, балалардың эстетикалық талғамын, қиялын дамыту мақсатында Шиелі аудандық балалар кітапханасы жанынан «Еркетай» book театры ашылып, оқырманның көзайымына айналып, ата-аналар ризашылығын алды. Сонымен қатар өзге де кітапхана филиалдары «Әжем айтқан ертегі» және «Ертегілер елінде» айдарымен әлеуметтік желі беттеріне шыға бастады. Дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында кеңінен танымал. Жоба әдебиетіміздің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған. Биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясына орай түрлі онлайн және офлайн шаралар өтті. Ел іргесі қаланған күннен бастап 30 жылдық мерейтойдың өтілуіне орай бастау алған «30 игі іс» қайырымдылық акциясы негізінде Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы аудандағы тұрмысы төмен жалғызбасты, көпбалалы ана Ләззат Асатуллаеваның үйіне азық-түлік табыстап, «Мектепке жол» акциясына да үлестерін қосты, – деді Г.Жақыпова.
Кітапхана жайындағы тың мағлұматтарды жыл қорытындысына арналған іс-шарада аңғардық. Кешке аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы ­Исабек ­Байкенжеев қатысты. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстың есебін саралаған кеш қонақтары жылы лебізін білдіріп, кітапхана ұжымына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, арнайы аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.

А.Асанов
28 желтоқсан 2021 ж. 483 0