Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасаттың мекені

Парасаттың мекені


Кітап адамға рухани азық беретін болса, кітапхана – ақыл мен парасаттың мекені. Бұл жерге келген адам білімін арттырады, сондай-ақ, ертеңгі күніне, болашақ өміріне ғибрат боларлық тағылым алады. Осындай сан-салалы қызметтерді атқаратын кітапханашылардың білімін жетілдіру, дәуір үніне сай жаңашылдыққа ұмтылдыру заман талабы болып табылады.Осындай мақсатпен Еңбекші ауылында аудандық кітапханалар жүйесінің кітапханашыларына семинар өткізілді. Жалпы, ауыл кітапханашылары бас қосқан шара жастарға патриоттық тәрбие берумен ұштасып жатты. Жиын қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың кітап пен кітапхана жайлы қанатты сөздерінен бастау алып, желтоқсаншылардың ерлігін паш ететін Ләззат Асанова жайлы көрініспен өрбіді.
Сонымен бірге, «Сымбат» және «Әділжан» балабақшаларының бүлдіршіндері ұлттық би билеп, отансүйгіштік бағыттағы өлеңдерді оқыды. Семинар соңында кітаханашы Нәзира Әлиева онлайн орталығының жұмысын саралап өтсе, шараға белсенділікпен қатысқан оқырмандарға орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Жақыпова алғыс хаттар табыстады.

«Өскен өңір» ақпарат.
30 наурыз 2019 ж. 1 222 0