Бақыттың байрағы – бейбітшілік
Биыл Тәуелсіздіктің ордалы 30 жылдық мерекесі.«Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі» деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың келелі сөздері тәуелсіздік жылдарының әр кезеңі тарих болып қалыптасып жатқанын айқындайды.
Тәуелсіздік! Қандай терең ұғымды сөз десеңізші! Тәуелсіздік алу, тәуелсіз ел болып өмір сүру – әр халықтың көкейтесті арманы. Қаншама елдер өз тәуелсіздігін алмағанын ескерсек, біздің еркін өміріміздің сонау биікте тұрғанын анық аңғарамыз. Тәуелсіздік – бізге берілген баға жетпес сый. Ата-бабаларымыз аңсап, білектің күшімен, найзаның ұшымен шайқасу арқасында бұйырған киелі ғұмыр! Осы еркіндігімізді, бейбіт өмірді қанымен жуып, жанын құрбан етумен жақындатқан жалынды жастарымыз қандай ержүрек еді!? Ең бастысы, мұның бәрі зая кетпеді. Қазір біз бар даусымызбен көкірек қаға отырып, тәуелсіздігімізбен мақтана алар халге жеттік. Бұл үлкен қуаныш және жетістік.Тағдырдың тар жолынан ата-бабамыз талай нәубет замандарды көріп, тәуелсіздікті аңсады. Болашақ ұрпағы үшін қолдарына қару алып, жаумен шайқасып, жанын пида етті. Сол батыр бабаларымыздың ерлігі мен дұға тілегінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Ұлы даладағы жүздеген толқулар, көтерілістердің түп төркіні Тәуелсіз ел болу. Қай-қайсысының да арманы бір арнада тоғысады. Ал, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – азаттықты аңсаған халықтың бойында піскен ашудың сан ғасыр санада жетілген намыстың көрінісі, тәуелсіздік соның жемісі.
Көңілде көмескі тартқан көне заманнан көк түрікке дейін, көк түріктен бүгінгі Тәуелсіз көк байрақтың арасында қазақ халқының шарықтап шыңға шыққанын, құлдилап құзға кеткенін де көреміз. Тағдыры тайғақ кешіп,алқалы көл, ақтабан шұбырынды болған қазақ алмағайып замандарды, аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан кешіп, тауқымет шексе де, кең байтақ, ұлан-ғайыр Ұлы даланы ұрпағына аманат етті.
1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды. Егемен ел азаматтарының құқықтарын, мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Салт-дәстүріміз, діліміз, дініміз қайта жаңғырды. Азаттықтың ақ таңы атты. Дәл осы күні тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Қазір елімізге тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президенттің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасы. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашағына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.
Жомарт Ақбергенов,
Бәйтерек ауылдық округінің әкімі
Бәйтерек ауылдық округінің әкімі