Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік –бабалардан қалған сый

Тәуелсіздік –бабалардан қалған сый


Биыл Тәуелсіздіктің ордалы 30 жылдық мерекесі.«Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі» деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың келелі сөздері тәуелсіздік жылдарының әр кезеңі тарих болып қалыптасып жатқанын айқындайды.
Тәуелсіздік! Қандай терең ұғымды сөз десеңізші! Тәуелсіздік алу, тәуелсіз ел болып өмір сүру – әр халықтың көкейтесті арманы. Қаншама елдер өз тәуелсіздігін алмағанын ескерсек, біздің еркін өміріміздің сонау биікте тұрғанын анық аңғарамыз. Тәуелсіздік – бізге берілген баға жетпес сый. Ата-бабаларымыз аңсап, білектің күшімен, найзаның ұшымен шайқасу арқасында бұйырған киелі ғұмыр! Осы еркіндігімізді, бейбіт өмірді қанымен жуып, жанын құрбан етумен жақындатқан жалынды жастарымыз қандай ержүрек еді!? Ең бастысы, мұның бәрі зая кетпеді. Қазір біз бар даусымызбен көкірек қаға ­отырып, тәуелсіздігімізбен мақтана алар халге жеттік. Бұл үлкен қуаныш және жетістік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 5 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тәуелсіздігіміздің баға жетпес қазына екенін айқын ұғындырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзімен айтар болсақ, «алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды». Бұл қадамдар мемлекетіміз үшін мақтанарлық серпіліс.
Шынында да, осы 30 жыл аралығында шаңырағын шайқалтпай, берік ұстап тұрған елімізге күллі әлем таңырқай да тамсана қарап отыр. Ендігі міндет – осы ел тұтастығын, тәуелсіздігімізді мәңгілік ету: «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуіміз керек. Президент тапсырғандай, даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болса, жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асырар болсақ, алар асуымыз да биіктей түспек.
Өз мақаласында мемлекет басшысы әр бөлімде түйінді ойларымен бөліседі. Бағдар мен белес деп аталатын мақаланың бастапқы бұл бөлімі өткенімізді бағалап, келешегімізді бағамдауға бағытталған. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығын Президент еліміздің іргетасын қалаумен сауатты байланыстырған. Бұл тоқырау кезеңінде ел экономикасына қатысты қиындықтармен қатар, Ата Заңымыздың қабылдануы, Қарулы Күштеріміздің құрылуы, Ұлттық валютамыздың айналымға енуі – мемлекет үшін зор жетістіктер болып есептеледі. Ал, таным мен тағылымда тарихсыз ұлт болмайтынын ерекше ескерген Президент бұл бөлімде ұлтымыздың тарихи құндылықтарын кеңінен насихаттау қажеттігін алға тартқан. Мәселен, Мемлекет басшысы қазақтың басынан өткен небір нәубетті жылдарды түбегейлі зерттеу жұмыстарын жалғастыру, Алаш арыстарының асыл мұраларын игеру істерін ілгерілету, сапалы тарихи фильмдердің қатарын арттыру, Желтоқсан оқиғасының қаһармандарын лайықты бағалау қажеттігіне айрықша мән берген. Бұл мақсаттарға қол жеткізу арқылы біз жастар мен кейінгі ұрпаққа өлшеусіз мұра қалдыра алатынымыз ақиқат. Осы тұста Президент ғалымдар мен жазушылардың еңбектері ерекше бағалануы қажеттігін атап өтті. Осылайша, бұл бөлімді «Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деген қорытынды жасайды.
Қоғам мен құндылық. Бұл Президент назар аударған үшінші мәселе. «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын» дей келе, бүгінге көпшілікті алаңдатып отырған жер мәселесіне ерекше тоқталып, қазақ жерінің ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтінін, сатылмайтынын шегелеп, нүктесін қойды. Ата-бабаларымыздың да, қазіргі әрбір қазақтың да көксегені осы болатын.
Келесі ұлағат пен ұстаным бөлімінде сая­си жаңғырудың жаңа белесіне қол жеткізу арқылы ел күткен жаңа жобалардың жүзеге асатынына басымдық берілген. Мәселен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы келешекте бұқараның талап-тілегімен ауыл, кент, аудан әкімдерінің сайланатыны жазылған. Тіпті, биылдан бастап бұл жоба жүзеге асып, жақында ғана ауыл әкімдерін халық өзі сайлады.
«Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт бөлімнен тұратын мақалада мемлекет басшысы 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерімізді, бағындырған белестерімізді үш кезеңге бөліп, ашық талқылайды, күрмеуі қиын мәселелерді еңсеру жолдары туралы кемел ойларымен бөліседі. Сондай-ақ, экономика, білім, экология салалары, мемлекеттік тіл, жер, мәдениет, жастар тәрбиесі сияқты еліміз үшін маңызды мәселелер жайлы кесек ойлары көпшілік назарына ұсынылған.
16 желтоқсаннан бастау алған Тәуелсіздік ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерілгенін білдіреді.
Тәуелсіздік - бабаларымыз аңсап асыға күткен және ұрпағына аманат еткен киелі сый. Тәуелсіздік – мағынасы тереңде жатқан құтты да, құдіретті ұғым.Ауыр жолмен келген еркіндік мәңгі болғай, тәуелсіздіктің көк туы желбіреп, жанымызға қуат беруін тоқтатпасын. Барды бағалай білейік.

Гүлмира ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ
10 қыркүйек 2021 ж. 615 0