Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТІ ДӘРІГЕР

ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТІ ДӘРІГЕР

Әлемге төнген қауіп әрбіріміздің жүрегімізге үлкен уайым алып келді. Десек те, пандемея кезінде адам баласын ажалдан арашалап қалған ақ халатты абзал жандардың арқасында, бұл дертті жеңдік. Олардың ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Аяқтан тік тұрып, антына адал болған медицина саласының қызметкерлері «тәжвирус» пайда болғалы бері, онымен күресіп келеді. Тіпті, олардың күн-түн демей адам баласының өмірі үшін жанын беріп, қиындықта күрескені есте. Ал, осы індет кезінде аудандағы сала қызметкерлерін біріктіріп, ауданаралық ауруханадағы ахуалдың оңтайлы шешімін табуға тырысқан, індетпен аман-есен күресуге барын салған жанның бірі – Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмірұлы.
Дертке шипа, денге саулық сыйлайтын медицина қызметкерлерінің қоғамда алар орны ерекше. Мәртебелі мамандық иесі болудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп ­Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулық. Ал, денсаулықтың қорғаны дәрігер. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген тәмсілді жиі қолданамыз. Рас, кәсіби біліктілігі жоғары, қолы шипалы, сөзі дәру мамандарға бүйрегіміз бұрып тұратынын несіне жасырайық.
Біз бүгінгі мақаламызға медицина саласының үздігі, жауапкершілігі мол саланың қыр-сырын жетік меңгерген, жүрегі жылы Нұрлан Әмірұлын арқау етпекпіз. Ол 1968 жылы Шиелі кентінде дүние дидарына келген. Оның аудан халқы үшін еткен еңбегін барша халық жақсы біледі. Кейіпкеріміздің денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі еңбегі көпке үлгі. Нұрлан Әмірұлы 1994-2003 жылдар аралығында Шиелі аудандық ауруханасында, дәрігер анестезиолог-реаниматолог», 2003-2009 жылдары «Шиелі аудандық орталық ауруханасы, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары», «Шиелі аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері, Бас дәрігер» 2010 жылдың ақпан айынан бастап «Шиелі аудандық емханасының бас дәрігері», 2013-2016 жылдары «Шиелі аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері», 2016 жылдың бесінші желтоқсанынан бастап, Шиелі аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің қызметі тоқтатылып, «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық орталық ауруханасы» құрылымдық бөлімшесі қайта құрылуына байланысты «Туберкулезге қарсы» бөлімшенің және Психатриялық бөлімшесінің меңгерушісі» болып қызмет атқарса, 2019 жылдан бастап Шиелі ауданаралық ауруханада бас дәрігері қызметін атқарып келеді. Нұрлан Әмірұлының қоғам алдындағы игі істері, іскерлігі мен білімділігі, аудан тұрғындарына жасаған жақсылықтары, қаншама адамды ажалдан арашалап, дертіне дауа тапқандығы еленбей қалған жоқ. Оның кеудесіндегі жарқыраған төсбелгілері жемісті еңбегінің куәсіндей көрінеді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы халқының денсаулық сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін кеудеге таққан «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі белгісі», Қызылорда облысының дамуына үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына – 70 жыл» медалі, Шиелі ауданының дамуына қосқан үлесі үшін «Шиелі ауданына 90 жыл» мерейтойлық медалі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 26 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі, кәсіпорындар рейтингі негізінде Қазақстан Республикасы Бизнес рейтингінің ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Қазақстан даңқы» ордені, Шиелі ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай «Үздік дәрігер» номинациясы, Ұлттық бизнестің рейтингін ұйымдастыру комитетінің және кәсіпорын рейтингтерінің шешімімен «Кәсіби жүлде» медалімен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хаты», «Нұр Отан» партиясының басшысы Қ.Жұмашевтың «Алғыс хаты», «Халық алғысы» медалі, 2021 жылы Қазақстан Республикасы «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хаты», Республикалық «Ел Құрметі» қоғамдық қорының «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
– Менің мақсатым заманауи талапқа сай жас мамандарды халықаралық стандарттарға сай оқытып, ауданның маңдай алды емхана орталығында емделушілерге жоғарғы сапалы медициналық көмек көрсету, – дейді сала басшысы Нұрлан Әмірұлы.
Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған кейіпкеріміз адам баласының денсаулығын сақтап қана қоймай, қарапайым тұрғындарға көмек-қолын созуға әрқашан дайын. Нұрлан Әмірұлы аудандағы көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, қажеттілікке мұқтаж жандарға әрдайым көмектесіп отырады. Ол Шиелі ауданаралық ауруханасындағы медицина саласының қызметкерлерімен бірге еріктілер тобын құрды. «Бәрін айт та бірін айт» демекші, аталған еріктілер тобы «Думан Шиелі» орталығындағы қажеттілікке мұқтаж жандарға заттай, және қажетті киім-кешектермен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, олар 7 балалы анаға көмектесіп, қысқы маусымға керекті көгілдір отынның кіргізілуіне үлес қосты. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Адам баласын ажалдан арашалап, дертіне дауа таба білген бас дәрігердің әрбір ісі, біз үшін қуаныш һәм үлкен жетістік.

Сымбат СҰЛТАН
02 қараша 2021 ж. 519 0