Басына құт қонған Құттықыз
Біз есімізді білгелі үлкендер, «қыз баланың жасын сұрама» деп жататын. Қысқа қайырып, «қыздың жасы он сегіз» дейтін. Оны кім білген? Кейін арқалы ақындар «Әйелдің жасын сұрама, әйелдің жасы он сегіз» деп жырға қосты.
Қалай болғанда да, салт-дәстүрге жарасымды, қыз балаға деген ілтипат, құрмет, ізгілікті ниеттің жай-жапсарын білдіріп тұрғандай, ер жігіттердің өмір бойы солай сезініп жүргендері де жақсылықтың нышаны. Қазақ халқы қызын төрге шығарған. Ұлын ұрып жатса да, қызға саусақ тигізбеген. Олардың мәртебесін көтеріп, «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі», «Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу», «Сүйіктің болмаса, дүние суық», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Келіні жақсының керегесі алтын», «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «Қарындасың – қарлығашың» деп, қыздарын төбесіне көтерген. Белгілі өлеңдер мен танымал әндер де сұлуларға арналған. Қазақтың Шернияз ақыны да:
Қалай болғанда да, салт-дәстүрге жарасымды, қыз балаға деген ілтипат, құрмет, ізгілікті ниеттің жай-жапсарын білдіріп тұрғандай, ер жігіттердің өмір бойы солай сезініп жүргендері де жақсылықтың нышаны. Қазақ халқы қызын төрге шығарған. Ұлын ұрып жатса да, қызға саусақ тигізбеген. Олардың мәртебесін көтеріп, «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі», «Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу», «Сүйіктің болмаса, дүние суық», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Келіні жақсының керегесі алтын», «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «Қарындасың – қарлығашың» деп, қыздарын төбесіне көтерген. Белгілі өлеңдер мен танымал әндер де сұлуларға арналған. Қазақтың Шернияз ақыны да:
Жердің тайғақ болғанын мұздан көрдім,
Еттің ащы болғанын тұздан көрдім.
Жас кезімде «қыз бала» деп менсінбеп
ем,
Қартайғанда рахатты қыздан көрдім – деп, ақын да шынын айтқан екен. Ата-бабаларымыз қыз балаға әдемі есімдер қоюға тырысқан. Қыздарынан әсемдікті, сұлулықты, көріктілікті, ізеттілік пен ілтипаттылықты күткен. Біз білетін Құттықыздың да әке-шешесі дүниеге қыз келгенде асыл арман, қиялдарға беріліп, «бұл қыз елге құт-береке әкелсін, әулетіміздің абыройын асқақтататын ұрпақ болсын» деп ырымдағандай, титтей сүйкімді қыздарының есімін Құттықыз қойған көрінеді. Отбасында гүлдей жайнап өскен Құттықыздың өмірі де құтты басталады. 1979 жылы «Коммунизм» колхозындағы №156 Нартай Бекежанов атындағы қазақ орта мектебін үздік бітіреді. Өрімдей қыз ер баладай өжет, жарқын мінезімен танылып, 1982-1986 жылдары «Коммунизм» колхозының комсомол комитетінің хатшылығына сайланып, ауыл жастарына басшылық жасайды. Жастар жетекшісі әншілігімен, ақындық қырымен танылып, аудан жастарының легінен көріне бастайды. 1991-1994 жылдар аралығында ауылдағы «Қарлығаш» балалар бақшасында әдіскер, 1994-1996 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер, 1996-2008 жылдар арасында Н.Бекежанов мемориалдық өнер музейінде директор, 2008-2009 жылдары Шиелі аудандық мәдениет үйлері мен клубтары мемлекеттік қазыналық кәсіпорын директоры қызметтерін абырой биігінде атқарса, 2009 жылдан бастап екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі, даңқты күрішші Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің директоры қызметін біліктілігімен, іскерлігімен басқарып келеді. Ауданда Шиелі аудандық тарихи-өлкетану, Н.Бекежанов пен Ы.Жақаев атында үш музей болса, соның екеуіне Құттықыз басшылық жасады. Музей – табиғи-тарихи материалдық және рухани мәдениеттің ескерткіштерін жинау, тану, сақтау, пайдалану ісімен айналысатын мекеме екені белгілі. Онда жәдігер құндылықтармен бірге халықтың, ұлттың бетбұрыс кезеңдеріне көшбасшылық жасаған белгілі тұлғалардың тұтынған құрал-саймандарын, киім-кешектері мен қатар басқа да түрлі тарихи жәдігерлер орын алады. Музейлер материалдық және рухани мәдениеттің негізгі сақтаушысы бола отырып, халықтың тарихи-мәдени мұрасын ұрпаққа аманаттауды қамтамасыз етеді. Оған зор жауапкершілік, төзімділік пен осы саланы жан-тәнімен жақсы көретін адам керек. Ондай жан Құттықыз Ықанова болып шықты. «Осы Құттықыз нешеде екен» деп отырғанмын.
– Ағау, тек әке-шешемнің шылауынан ерте айырылып қалғаным болмаса, мейірім, шапағатты кем көрдім деп айта алмаймын. Отандағы, отбасындағы тауқыметті үйдің үлкені, балалардың ересегі ретінде менің көтеруіме тура келді. Өкінішім жоқ. Балауыз кезінде қалған екі інім мен бір сіңлімді өсірдім, оқыттым, шаңырақ көтерткізіп, ел қатарына қостым. Аллаға шүкір. Ақтөбе қаласында тұратын Батырхан інім орган саласында қызмет етіп, подполковник шенінде отставкаға шықты. Екінші інім Ғалымжан Ықанов – Керделі ауылдық округінің әкімі. Ал, сіңлім Райхан бір әулеттің келісті келіні болып, түтінін түтетіп отыр. Әкем Шайық «Коммунизм» колхозында шаруашылық бригадирі болды, анам Гүлнаржан үйде бала тәрбиесімен айналысты. Енді жетіліп келе жатқанымызда аспаннан жай түскендей, екеуі де дүниеден ерте озып кете барды. Мен «бауырларымды жетілдіремін» деп, мына жалған дүниеде «кәрі қыз да» атандым. Бірақ бақытым алдымнан шықты. Ол – Шиелі жұртына танымал болып жүрген азамат Әлияр Сейітов еді. Атам Мұхамедияр қажы Сейітов «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі», 88 жастағы қария отбасымыздың жүрегі. Бүкіл әулетіміздің мақтанышы. Жан-жарым Әлияр да су шаруашылығы саласының ардагері атанып, зейнеткерлер қатарына қосылды. Менің тағдырымдай біздің де екі ұл, екі қызымыз ержетіп, бойжетті. Бір қызымыз Гүлжанат Сейітова аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері. Қалғаны қатарларының алды болып жүрген, үйлі-жанды, шаруашылық иелері, біздің қолқанаттарымыз. Өмір зуылдап өтіп жатыр. Бүгін мен де 50 жасты еңсеріп тастаппын – деп, Құттықыз Шайыққызы ағынан жарылып тұр. Бұған не дейсіз? «Әйелдің жасы он сегіз. Құтты болсын, Құттықыз!» дедік. Осы жерде есіме қазақтың «Құс қанатымен, әйел ерімен мақтанады» дегені түсе кетті. Бақытты шаңыраққа Алла тағала денсаулық пен ырысты бере берсін деп тіледік. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Құттықыз балабақшада бүлдіршіндерден «Дин-Дон» қасық қағушылар ансамблін құрып, «Қарлығаш» балабақшасын аудан, облыс көлеміне танытты. «Үздік әдіскер» атанды. Комсомол жастармен жұмысын жандандырып, «Нартай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің би тобының жетекшісі ретінде, ол ауылда би өнерін қалыптастырды. Ауылдан аудандық білім бөліміне бастауыш сынып әдіскерлігі қызметіне келіп, мұнда да ұйымдастырушылық қабілетінің жаңа қырымен көрінді. Бастауыш мектеп мұғалімдері арасынан «Атаулы мектептер» жобасын іске асырды. Бұдан кейінгі жылдар тың бағыт, жаңа мамандық жолдарымен жалғасып жатты.
Қазаққа құтты қоныс, киелі мекен болған Шиелі өңірі тарихы бай, бүкіл республикаға танымал тұлғалары мол өлке. Нартай Бекежанов, Ыбырай Жақаев музейлері соның айғағы. Құттықыз жоғарыда айтқанындай, екеуінде де директорлық қызмет атқарып, ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігін таныта білді. Ол жүгіріп жүріп, тынбастан мұражайларды тың дерек, экспонаттармен байытты. Музейдің көрнекілігі мен эстетикалық талғамына зор көңіл бөлді. Қалың көпшіліктің, жас буынның, көрермендердің танымын толықтырарлық тәрбие ошағына айналдырды.
Құттықыз Шайыққызы – Н.Бекежанов ауылының түлегі. 23 қазан 1962 жылы осы елді мекенде дүниеге келген. Мектептен соң Алматы қаласындағы педагогикалық училищенің мектепке дейінгі балалар тәрбиешісі бөлімін, «Болашақ» университетін «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Құттықыз шағын ұжымға жетекшілік етіп отырып-ақ, аудан, облыс, республикаға танымал болды. Ол өзінің адами асыл қасиеттерімен, ұйымдастырушылық дарынымен, өнерлі талантымен халық назарына тез ілінді. Жайдары жайсаң, ашық-жарқын мінезімен, сұлу келбетімен, өзінің Құттықыз деген әдемі атымен аудан тұрғындарының мақтанышына айналды. Құттықыз отбасында да құрметті, ардақты асыл ана. Оның жүзінен биік парасаттылық, кіршіксіз достық пен сыйластықтың лебі есіп тұрады. Ол ата-анасының да, бірге туған бауырларының да ақ тілегін орындаған бақытты жан. Музей қызметкерлері – қор сақтаушы Аягөз Жақаева, ғылыми қызметкерлер Сүйіндік Нұралиев, Сандуғаш Сағындықова, Анар Қалекеева, экскурсовод-гид Гүлнар Қитанбаева, зал қараушы Айсұлу Бекманова, музей қызметкері Гүлбаршын Қанатова, қарауылдар Алмат Базарқұлов, Ғабит Алдажұманов, Ержан Есжанов, бағдарламашы Рысты Әлиакбарова, музей қызметкері Эльвира Есмұхамедовалар өз істерінің жетік мамандары. Құттықыздың сенімді серіктері, тонның ішкі бауындай әріптестері. Қ.Шайыққызы 2014 жылы тұңғыш рет музей қызметкерлері арасында облыс бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хаттары», «Ы.Жақаев 125 жыл» мерекелік медальдары Құттықыз Ықанованың ерен де еселі еңбегіне берілген баға болса керек. Елу жаста ерлерді «Ел ағасы» деп дәріптеп жатсақ, қыздарды осы жасында неге «Ел анасы» демеске. Өйткені, ол елін, жерін, Отанын, жан-тәнімен, жүрегімен сезініп, шын сүйеді.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі