Қиқар қыздар қынжылтты
Біз көбіне аңғара бермейді екенбіз. Қазақтың үш әріптен тұратын көптеген сөздері: тіл, діл, дін, нан, жан, апа, ана, әке, қыз, көз, ару, бас, аяқ, қол, қас, тіс, оқы, біл, күл, сүй, гүл, жар т.б адамзаттың парқына сай берілген, ең қажетті зат есімдер мен қасиетті киелі ұғымдар екен. «Нан болса, ән болады» демекші, нан сөзін теріс оқысаңыз да нан болып қалады. Теңеу жетпес ардақты ана сөзі де ана күйінде қала береді. Анамыз бен әкеміз жайлы ән шырқап, күнделікті құрметімізді көрсетіп, олардың алдындағы балалық, сәбилік қарызымыз бен борышымызды өтеп жатамыз. Қазақ тіліміз, ұлттық дәстүрлі діліміз туралы, мұсылмандық, имандылық дініміз тұрғысындағы жолымыз да айқын. Жанымыз қысылып бара жатса, мемлекетіміз, үкіметіміз, азаматтық құқығымызды қорғайтын Ата заңымыз бар. Көзіміз ашық, басымыз түгел, аман-есен, тісіміз бүтін, денеміз мықты, Отанымызды, қазақ елін патриоттық сезіммен сүю арқылы, оқып, білім алып, ару қыздардай, қыран жігіттердей күліп-ойнап, тәуелсіздік тұғырын аласартпай, гүлдей жайнап, көгеріп-көктеп, өсіп-өніп өмір сүріп келеміз. Киелі сөздер тобынан қыз сөзін қадір тұтпайтын пенде жоқ шығар, сірә?! «Ұл тумайсың» деп әйелін сабайтындардан басқа. Қыз – болашақ бойжеткен, келін, келіншек, әйел, ана! Біз солардан туған қыздар мен ұлдармыз, ұрпағымыз. Иә, қыз – өмірдің гүлі. Қыз өссе, елдің көркі. Күлән жырлағандай «Қыз – қызғалдақ, көзін ашқан үлбіреп, Қыздар – жауын, жерге жауған сілбіреп.» Қыз – сезім, Қыз – гүл. Гүл өссе, жердің көркі. Тұманбайша «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған.» Бұл бақыт құшағындағы қыз бен жігіттің сезім лебі. Қыз – бақыт. Қыз – махаббат. Қыз – ана. «Әйел бір қолымен бесігін тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен» аяулы ана, адал жар. Жер шарында, дүние жүзінде әйелі жоқ, анасы жоқ мемлекетті естуіңіз бар ма? Жоқ, әрине. Әйелсіз күн тасқараңғы.
Олардың бойына әсемдік жарасқан. Әсемдік те, әдемілік те адам өміріне ұқсас жастық, кемелдік, кәрілік шақтардан өтеді. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей, бүгіндері Қазақстанның телеараналарын ашсаңыз. көргенсіз жайттарға тап болып, «Бәледен машайық қашыпты» деп, теледидарды өшіре салатын болдық. Әсіресе, «Пендеміз ғой,» «Кеш жарық» бағдарламаларындағы қазақ қыздарының жалаңаш бейнелері орысша, қазақша қойыртпақ сөздері өз ана тілінде сөйлей алмайтын байғұс қыздарымыздың екі аяғын айқастырып, бұтына дейін жалтыратып, миллиондаған көрермендерге «Маған не істейсің?» дегендей қасқайып отыруы нағыз әбестік, көргенсіздік емес пе? Қазір «Не істесем де өзім білемін, қалай жүріп тұру өз еркім» дейтін кекірейген қыздар, келіншектер көбейіп барады. Оған бет аузын бояған, құлақтарына алтын сырға салған, шаштарын қызыл-жасыл түске ендіріп, ұялмай-қызармай жүре беретін «қызтеке» жігіттеріміз де «атың шықпаса жер өрте» деп, қосылып жатқандарын көріп жағамызды ұстадық. Астапыралла демеске болмайды. Осы қыздар келешек бір соры қайнағанның келіні болмай ма? Қазақ бабам «Келіні жақсының керегесі алтын» деді емес пе? Ал әлгіндегідей қыздардан қандай келін шығады? Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірбек те жалаңаш хабарларды көрсе керек.
«Сөз жалаңаш, дәл қазір жыр жалаңаш,
Құм жалаңаш, сайын мен қыр жалаңаш.
Ұятынан безген бұл дүние,
Тыр жалаңаш, құдай-ау, тыр жалаңаш.
Алла өзің сабыр бер індетіңе,
Кешірімді жасай гөр үмбетіңе.
Алпыстағы қария үңіледі,
Тыр жалаңаш әйелдің суретіне» дейді.
Ұлы суретші Леонардо «Адам баласының үш түрі бар: Көретіндер, көрсеткенді көретіндер, көрмейтіндер» десе, жерлесіміз, халық әртісі Сәбира апайдың шешесі қызына «Өтірік айтпа, ұрлық істеме, әйелдердің жеңіл жүрісін жасама» деп өміріне серік етіп осындай үш ақыл берген екен. С.Майханова анасының сөзін екі етпепті. Ата-ананың міндеті – ұл-қызына ұлттық тәрбие беру. Анау жалаңаш, әжептеуір қыздың «Қазақ қыздары дамуы, өсуі керек. Осылай қазақша отыра береміз бе? Біз Еуропаға шығуға тиіспіз. Өнеріміз де, биіміз де, киім киісіміз де өзгеруі қажет. Мен қалай сөйлеймін, қалай киінемін, қалай отырамын өзім білемін. Маған бәрібір. Заман өзгерді, мен де өзгердім» деуі ақылға сыйымсыз. Маған ұнамады. Сонда қазақ қыздары қазақтың бүкіл әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін аяқасты етіп, Еуропаша жаңғыруы керек пе? Осы қызға хабарды жүргізіп тұрған жігіт те ләм-мим демеді. Теледидардың ар жағында кіжініп біз қалдық. Ұлттық санамыз уланып жатқандай әсерден ұйқым да шала болды. Рухани жаңғырамыз ба деп жатқанда мынадай келеңсіздіктер келешегімізге балта шабу емес пе? Бала тәрбиесі, әсіресе, қыз тәрбиесіне мұқият болуымыз керек. Әсем қыздарымызды әдемі етіп тәрбиелеу, келешекке келісті келін ретінде ұзату, ұятсыз тірліктен аулақ ету, өзінің өзім білемін емес, ата-анасының рұқсатымен жүріп-тұратындығын еске салу баршамыздың парызымыз болмақ. Оған заманды, қоғамды шатыстырудың, капиталистік дүниені кінәлаудың керегі жоқ. «Шындық та әйел сияқты, біреулерге жалаңаш, енді біреулерге киіндіріп қойғаны ұнайды» депті бір данышпан. Сондай-ақ «Адам да сөз секілді, орнымен айтылмаса, мағынасын жоғалтады» деген де әңгіме айтылады. Инабатты, ізетті, сүйкімді де сұлу қыздарымыз көп болсын.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі