Қыз өссе – елдің көркі емес пе?
Достарым Бердібай, Төрехан үшеуміз бір ас-құдайыдан келе жатқанбыз. Айналасына аңғарымпаздықпен, оң көзбен қарайтын Төрехан жол қысқарсын деді ме, әңгімесін бастады. «Ой, Алла-ай, бұл қазақ қыздары не боп барады? Қазақ қызы десек, өзімізге тиеді. Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Бірақ мынандай сұмдықты естімеппін. Көшеде келе жатқанмын. Мен әр кез сақ жүруге тырысамын. Әсіресе, әйелдер, қыздар кездесіп жатса, реті келсе, алдымнан кесе-көлденең өткізбеуге тырысамын. Небір жайсаң әйелдер тоқтай қалып, алдынан мені өткізіп жібереді. Ондайда ана кісіге іштей риза болып, алғысымды білдіріп, маңғаздана қаламын. Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстанған, әлі де ұмытпайтын осындай аналарымыз, апаларымыз, қыз-келіншектеріміз өкінішке орай сиреп бара жатқандай. Құдайдың кең көшесінде кеше бір қыз үлкен кісі келе жатыр демей, алдымды кескені былай тұрсын, қаға-маға өтті. Асығып, сонша қайда барады екен? Байқамай қалды ма екен деген оймен «Айналайын-ау, абайласайшы» деп едім, тайсалмастан «Көзіңізге қарап жүрмейсіз бе?» деп өзіме ұрсып берді. Мені адам екен деген жоқ, бұртаңдаған күйі кете барды. Мен ұялғанымнан жан-жағыма қарадым. Әбүйір болғанда таныс ешкім болмады. Әдепсіз, көргенсіз қыздан опық жеген басым біразға дейін шыңылдап, көңіл-күйім де түсіп кетті. Сонда біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Жап-жас қазақ қызының іс-әрекеті дұрыс па? Мен жетпісті алқымдаған ақсақалмын. Менен кешірім сұраудың орнына, айтқан сөзі анау. Бұған не дейсіздер?» деп, ортаға сауал тастады. Анау-мынауды жақтырмайтын Бердібайдың кесіп айтатыны бар. «Оңбаған қыз екен ғой – деді, шошып кеткендей. Тәрбиесі жоқ біреу да. Ата-анасы кім болды екен? «Оны ит білсін ба? – деді, ашуға булыққан Төрехан досым, шыдамай. «Оған сен ренжіме, менің де жолымды талай қыз тайраңдап кесіп, өтіп жатады. Ол үйдегі тәрбиеге байланысты. Үлкенді сыйла, алдынан кесіп өтпе, жол бер деп жатса, әдепті, саналы қыздар мұндайға бармас еді. Бірақ айтып отырғаның дұрыс, өте орынды» – деді, келеңсіздіктің белең алып бара жатқандығын қостай, растай түскен досым Бердібай. Ата-бабаларымыз, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деп, бүкіл әйел қауымына ескертіп отырған. Қызға қырық үйден тыйым салған. «Жаман дағдыдан аулақ бол», «Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе», «Ер адамға әйел киімі жараспайтыны сияқты әйелдер мен қыздарға ер киімі де қонымсыз әрі тәңіріңнің бұйрығында да жоқ нәрсе», «Жәннат – Алла разылығын алған әрбір ананың аяғының астында», «Қыздың ұяты шешеде», «Қыздың жолы жіңішке», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бір кездессе – бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да, ашықтық пен абайсыздық кездессе – бірін-бірі асырыңқырап тұрады», «Қызды асырап білмеген күң етер» т.б. дей келе, «Қыздар – олар мейірімді, игі жандар» деп, біржағынан ескерту жасаса, екіншіден олардың мерейін үстем етіп отырған. Қазақтың көрнекті ақыны, ұлтжанды тіл жанашыры, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов «Барлығының түйіні бір тереңдік. Ол – ақыл, ол – парасат, ол – ұстамдылық. Сіздердің бойларыңызда осы тереңдік табылуы шарт. Ақыл, парасат, ұстамдылық Сіздердің бойларыңызда үйлесім тауып, бір арнада тоғысқан кезде ғана қазақ қызы деген мәртебелі атқа ие болып, адами бақыттың биігінен көрінесіздер» деп, аналарды, қыз-келіншектерді 8 наурыз – әйелдер күнімен құттықтаған екен. Біздің қазіргі қыздарымызға ақын айтпақшы, осы тереңдік, үш тереңдік – жетіспей жатқандай. Қос досыма мен де басымнан өткізген мынадай жағдайды айтып жатырмын. Орталыққа бара жатқанмын. «Бота» әмбебап дүкеніне жете бергенімде. Бір қыз сатырлап алдымнан жүгіріп өтті. Тұрып қалдым. Дүкеннен шыққан жаңағы қыздың шешесі болу керек.
–Әй, жалмауыз! Қайт кейін. Үлкен кісіні өткізіп жібермейсің бе? Мен саған қашанғы айтам, – деп айқайлап жатыр. Оны тыңдайтын қыз бар ма? Сораңдап кете барды. Мен қыздың анасына риза болдым. Бір білместігім, аты-жөнін сұрап қалуым керек еді. Адам сасқанда ойыңа ештеңе түспей қалады екен. Бұл біздің көшедегі мәдениетіміз. Мәдениет – ол өмір. Күнделікті өміріміз. Мәдениетсіз өмір сүруге әсте болмайды. Ол – бізге күш беріп, адамдардың қарым-қатынасын реттейтін дүние. Жаңағыдай ата-аналар ұл-қыздарына тыйым сөздер айтып жатса, олардың санасына «үлкенді сыйла, кісінің алдын кесіп өтпе, ақсақалдарға тіл тигізбе» деп құйып отырса, жоғарыдағы жағымсыз қылықтар болмас та еді. Оны танымал қазақ ақыны Исрайл Сапарбай бір шумақ өлеңмен:
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
Қыз өссе-елдің көркі, – деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам, – деген жоқ па? Өмірдің өзі новелла. Оны біріміз байқасақ, біріміз аңғармай жатамыз. Жастарды, ұл-қыздарымызды бетімен жіберу – өзімізді ұятқа қалдыратын жолдары жіңішке ұрпағымыздың атына кешірілмес сын, күнә. Қыздар анасына қарап бой түзейді. Сана өзгермей, жаңғыру да бола қоймас. Ол үшін қоғам болып түзелуіміз керек. Оған апарар жол – отбасы тәрбиесі. Көшеде жүрсек те қазақтың ізетті, ибалы, инабатты қыздарын көргіміз келеді.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Мәдениет қайраткері.