Географиямызға демографиямыз сай болса
Менің анам Күлайша «Батыр ана» атанып, Кеңес заманының алтын жұлдызын тағып, «Мен бақыттымын» деп өмірден озды. «Он бес құрсақ көтеріп, бәрін жарық дүниеге әкелдім. Құдайға шүкір, содан төрт ұл, төрт қыз ержетіп, бойжеттіңдер, қалғанын ертелі-кеш жастай берген құдай өзі алып кеткен» деп отырушы еді. Адам жас кезінде ештеңеге мән бермейді екенбіз. Әсіресе, кешегі КСРО-ның құрамында жүргенде мамырақан күндерімізге мәз болып жүре беріппіз. «Өз күніңді өзің көр» деп әке-шешеміз еншімізді беріп, қояндар сияқты маңдайымыздан бір тепкендей болды. Тәуелсіз ел атанған соң басымызға, отбасымызға, мемлекетімізге демографияның қажет екенін дәл қазір сезінгендейміз.
Қазақстан Республикасы осы кезге дейін егеменді елімізді ұшпаққа шығару үшін алдымен экономика, сосын саясат бағытын ұстанды. Ал бүгінгі жағдайда әлем елдері экономикасын сақтап қалу үшін қарманып жатқаны белгілі. Кең байтақ ұлы даламызда көрші Қытайдың бір қаласының тұрғынындай 19 миллионнан сәл асатын халық тұрады екенбіз. Оның да 10 миллиондайы ғана мемлекетті құрушы қазақ ұлтының өкілдері. Кеңестік кезеңде де қазақтың санын саналы түрде өсірмеу, азайтып көрсетуге түрлі саясат жүргізілгені баршамызға белгілі. Коронавирус дерті елімізге қиындықтар әкелумен қатар экономикамызды дағдарысқа ұшыратып, халықтың әлеуметтік жағдайларынан хабардар етті. Республикамыздың демограф мамандары мен ғалымдары «Енді экономикалық дағдарыстың арты демографиялық дағдарысқа ұласса не болады?» деп уайым жеуде. Онсызда жігіттеріміз простатит, қыздарымыз бедеулікке душар болып, тұқымымыз азайып бара жатқаны мынау. «Қалаулым», қазір «Қослайық» (дұрысы қосылайық емес пе?) деп аталып жүрген телешоудағы жастары елуді алқымдаған қыздар мен егде тартқан жетпістегі «жетпегірлер» ол жерде неғып жүр дейсіңдер?
Есі дұрыс қыз-жігіттер махаббатын, сүйікті адамын осындай телемазаққа барып іздей ме? Қазақ ұлты – әлемдегі даналығы мол халық. Оның салт-дәстүрі, тәрбиесі аналарымыз бен аталарымыздың ұлттық деңгейдегі сірескен ғашықтығы, жақсы көруі, біріне-бірінің ынтығы, шынайы сүюі, сезімінің оянуы, өмірде бас қосып жұбай атанайық деуі кәмелетке толмай жатып-ақ «ұшқын» шашып жатқан. Мына «Қослайктағы» қыз-келіншектер отыздан асса да, менде ұшқын жоқ деп күлкіңді келтіреді. Ондай жаста ненің ұшқыны? Ондағы қатысушылардың алды өзін таңдап келген жігіттерден қорқып, жылап жатқанын да көзіміз шалып қалды. Жалпы қазақ қыздары қырыққа келгенше анау-мынау деп жүре бермей, тұрмыс құруға асыққаны жөн. Әрине, тағдырдың тәлкегіне түскендерге аяныштан басқа айтарымыз жоқ. Аталарымыз «Жол мұраты жету, қыз мұраты кету» деген. «Әйелдің жасы он сегіз, әйелдің жасын сұрама» деп әнге қосқан. Ал жігіттер «Қайран жиырма бес» деп шапқылап, орда бұзар отыз жасқа дейін үйленіп, отау құрып, әке-шешелеріне иісі бұрқыраған немере ұл-қыздарын дүниеге әкелген. Сүйікті жары екеуі өзі келін болып түскен әулеттің ұрпағын көбейтіп, кемпір-шалға, отбасына бақыт, қуаныш сыйлаған. «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деп жастарға ертерек ескерту жасап отырған. Арасында «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» деп сақтандырып та қойған. «Қослайк» бағдарламасындағы қыз-келіншектерді қай бағытта насихаттап жатқандары белгісіз. Оны тағы шынайы бағдарлама деп қояды. Біз жігіт пен жігіттің, қыз бен қыздың ұрыс-керісін білуші едік, мұнда жігіт пен қыздың махаббатын емес, қырқысын көріп, таң-тамаша болудамыз. Әйтпесе, қыздарымызға халқымыз «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі», «Қарындасың – қарлығашың», «Анасын көріп қызын ал», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу» «Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады», «Екі жақсы қосылса, Ай мен күндей жарасар» деп оларды қадірлей білген, мақтаныш тұтқан. Ал еркектер, жігіттер туралы «Ердің екі сөйлегені өлгені», «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді», «Жүкті нар көтерер, қайғыны ер көтерер», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп шорт кескен. «Ер – бас, әйел – мойын» деп адамзатқа жариялаған. Бір адамдай тату-тәтті өмір сүріп, жарық дүниеге ұрпақ әкеліп, еліңді, туған жеріңді көгерт, мемлекетіміздің тұтқасын болашақ балаларымыз, келешегіміз ұстап, Қазақстанды қас жаулардан да, бәлекеттерден де, бәле-жалалардан да, жаман індеттерден де, ұлтсыздықтардан да, тілсіздіктен де қорғайтын қайсар ұл-қыздарымыз болса, Тәуелсіздігіміз мәңгілік тұғырына айналса деген бабаларымыздың арманы қиялға айналып кетпесін дейміз. Сол қауіптің алдын алудың нағыз жолы еліміздің демографиялық жағдайын түзеу болып табылатыны аян. Ұланғайыр даламыз жанға толса, малға толса, ниеті арам мемлекеттердің көздеріне шел бітсе, көпшілік халықтың қаһарынан сескенер еді. Қазақ халқын «қырамын» деп жүріп Қытай империясының шапқыншылығына ұшырап, бір адамы қалмай жерден жойылған жоңғар-қалмақтарындай болмау үшін, біз қазақтардың санын көбейтуге үлес қосуымыз керек. Қыздарымыз дер кезінде тұрмысқа шығып, жігіттеріміз дер шағында балалы-шағалы болулары тиіс. Олар көпбалалы ана мен әке атанып, республикамыздың демографиясын алға сүйрегендері абзал.
Қойшылар ертеректе қойлары егіз тапса қуанатын. Қозылардың арқасында әр жүз аналықтан екі жүз қозы алып, озат шопан атанатын, омырауына орден, медаль тағатын. Қазір көп балалардың арқасында аналар қызығатындай қызықтар болып жатқан жоқ. Әйеліміз енесіне еріп «Алтын алқалы» ана болғанымен, өзге бір-екі баласы барлармен бірдей жеңілдіктер берілмеген, сондай ана екенсіз» деп жатқандар да кездеспейді. Қиналған шақтарында «көпбалалы анамын» десек, «Болсаң қайтейін, кім саған туа бер деген» деп талай мазақ сөз естіп, ұялып, аузымызға құм құйып алғандай үндемей қалатынбыз. Біз оған шыдай-шыдай кәдімгі кемпір болдық» дейді ол миығынан күліп. Риясыз күлкі. Қазақ «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дейді. Күйінгеннен емес, қуанғаннан. Керісінше Құдай перзент бермей қойғанда ашынғаннан осылай деп зар жылаған. Бала – ананың бауыр еті. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп отыратын әжелеріміз. Мысалыға, біз үлгі тұта беретін Ресей үкіметі «Ана капиталын жылма-жыл өсіріп бағуда». Онда екінші баланы өмірге әкелген аналардың үкіметінен алатын бір реттік «Ана капиталы» 453026 рубль болса, бұл сома 2021 жылы 470241 рубль болып өсетін көрінеді. Бұған қоса орыс халқы үшінші бала туған аналарға 10 сотық жер беру, ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысу тәрізді толып жатқан жеңілдіктер қарастырып, аналарын төбелеріне көтеруде. Сол сияқты Жапон үкіметі де өмірге екінші нәресте әкелген аналарға 500 евро жалақы төлеп, өз елінің демографиясына аса мән беріп отырғанын білеміз. Жалпы деректерге сүйенсек, біздің елімізде бала туу демографиялық тасқыны өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өтіпті. Сол жылдары әр мың қазақ әйеліне шаққанда 225 баладан келсе, 1990 жылы 130-ға, 1998 жылы 82-ге төмендеген, ал қазір екі-үш есеге төмендеп кеткен. Осы 1990 жылғы бүкілодақтық санақтың дерегінде тәжіктер – 45, қарақалпақтар – 39, өзбектер – 34, қырғыздар – 32, түрікмендер – 30 процентке өскенде , біздің қазақтар 24 процентке әрең жеткен. Бұған не себеп? Әрине, ана капиталы, бала капиталы мардымсыз болған соң қазақ әйелдері бала санын шектейді. Олардың әлеуметтік жағдайлары төмен болғандықтан бір-екі баладан артық тумайды. Қазіргі келіндердің ұстанымына айналған бұл әдет қазақ еліне қауіпті. Географиямызға демографиямыз сай болмаса, кім көрінгенге жем болатынымызды осы бастан ойлағанымыз дұрыс сияқты. Ол үшін біз бала туу жасындағы келіншектерге әлеуметтік көмек, қолдау көрсетуден еш танбауымыз керек. Телеарналардан, әлеуметтік желілерден көмек сұрап алақан жайған, үй-күйсіз босып жүрген аналар, бала тумақ түгілі ашығып отырған әйелдерді, туар шағында ойға шомған келіншектер мен пәтер жалдап бір бөлме немесе біреулердің сарайына тығылып отырған балаларды көргенде жанымыз ашып, сөйтіп жүріп бала тапқан аналарға ырза боламыз.
«Әттең тонның келтесі», «Бай болғанымда көмек қолын созар едім» деп жатамыз. Әр нәрсе уақытысында. Әйелдердің де туу жасы өтіп кетеді. Біздің үкімет 2019 жылы «Әр балаға 21 мың теңгеден төлейміз» деді де, артынша бастама жоқ болды. Одан соң «Әр балаға 10 мың теңгеден төлейміз», «15 бала тапқандар 159 мың теңге алуға мүмкіндіктерің бар» деген халықты әлеуметтік тұрғыда қорғауы тиіс министрліктің тірлігі – бала туатын әйелдер оларға емес, олар аналарға «Тусаң ту, тумасаң қой» дегендей сыңай танытып, бала санын саналы түрде шектеуге итермелегендей көрінді. Осы жерде қазақтың белгілі демограф-ғалымы Мақаш Тәтімов ағамыз тірі болғанда шыр-пыр болар ма еді, кім білсін? Ол кісі талмай қазақтың өсуін қадағалап, қазақ әйелдерінің көпбалалы ана болулары – олардың бақыты, ал мемлекетіміз үшін байлық, сонымен қатар қорғаныс күші деп санады. Шетелдердің анау-мынаусын қабылдай бергенше, олардың аналарға, балаларға жасап жатқан көмектері мен жеңілдіктерін елімізге енгізіп, көпбалалы аналарды қамқорлыққа алсақ, бәріміз де ана алдындағы борышымызды ақтағандай болар едік. Сондағы айтпағым, ана мен әкені қатар қойып, қазақтың санын арттыру әр отбасының мақсатына айналуы тиіс. Өмірге бір қозы келсе, бір жусан артық шығады екен. Он бала тусаңыз да, әрқайсысының несібесін Алла тағала маңдайына жазып қояды. Ана бақыты деген сол. Ұлы даламыз мал-жанға толмай, жан-жағымызға алаңдай беретініміз аян. Содан құдай сақтасын!
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі