Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім негізі бастауышта қаланады

Білім негізі бастауышта қаланады

Ұрпақ болашағын ойлайтын әрбір мұғалім өз шәкіртінің білімді, сауатты болып өсуін қалайды. Ал білімге, өнерге, ғылымға апарар жол бастауыш сыныптан басталады. Сондықтан, жаңа оқу жылы басталып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің заман талабына сай білім алып, ақпараттық технологияны еркін меңгеруіне жағдай жасау бүгінгі күннің басты мақсаты.
Бастауыш сыныптың негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. «Білім негізі – бастауышта» демекші, білім берудің алғашқы атасы – бастауыш білім. Баланы бастауыш сыныптан бастап шығармашылық ойлауға, өз бетінше шешім қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – мұғалімдердің міндеті. Қазіргі таңда жаңа бағдарламаны әрбір мұғалімнің іс-тәжірибeсінe eнгізу мектебіміздің басты талабына айналып, бүгінгі күні, алғашқы нәтижесін де бере бастады. Осы орайда, бастауыш сыныпқа мектепалды даярлық сыныбы – алғашқы тәрбие, білім берудің баспалдағынан өткен бүлдіршіндер сынып өміріне бірден үйрене қоймайды. Оқу мақсаты – баладан мақсаттылықты, шығармашылықты, логикалық пайымдауды қажет еткен кезде бала қинала бастайды.
Ойын іс-әрекетінен оқу іс-әрекетіне көшудің қиындығы қандай? Яғни, сабақтастық болу ­керек. Біріншіден, екі буын арасындағы ортақ мақсат-міндеттер, ортақ мазмұндық жүйе, екіншіден, білім берудің әдістемелік жүйесінің әрбір компонентінің үйлесімділігі. Осының барлығы бір ғана түпкілікті мақсатқа – баланы жүйелі сатылы дамыту, бір буыннан екінші буынға неғұрлым сәтті өтуге бағытталуы тиіс. Өкінішке орай, көптеген әріптестеріміз ойлаудың бұл екі түрін көп елемей, тез арада сөздік-логикалық ойлауды дамытуға кіріседі. Алайда, бала ойлауының жоғарғы формаларының жетік қалыптасуы нақ осы көрнекі-әрекеттік, көрнекі-бейнелік түрлерін берік қалыптастырып, сөздік логикалық ойлау түрлерін біртіндеп дамытуға байланысты жұмыстар жүргізілуі қажет. Осы орайда, ойын технологиясының маңызы зор. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез – құлқын, ерік – жігерін қалыптастырады. Арнайы ойын ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Қазіргі таңда ­сыныбымда жаңа әдіс-тәсілдерді үнемі қолдану аясында ынтымақтастық қарым-қатынастың негізі қаланды. Бұл әдіс-тәсілдерді қолдана отырып,топпен жұмыс жасағанда балалардың өзгергенін байқадым. Жаңа әдіс-тәсілдер оқушылардың өздігінен бірлесіп жұмыс істеуін бір-бірі үшін жауапкершілікті сезінуге, бір бірінің еңбегін бағалай білуге, сыйласым мен үйлесімдікке дағдыландырады. Олай болса, жаңаша оқытуда күш-жігерімізді аямайық!

Айман Мырзаханова
05 қазан 2021 ж. 947 0