Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Техниканың тілін тапқан

Техниканың тілін тапқан

Көктемге дейін техникасын сайлап, қыс бітіп күн жылынса жер жыртып, тұқым себу, жаз ортасында пресс шөп дайындау, ал, күзде күріш ору секілді жұмыстар кәнігі механизатор маманның тынымсыз жұмысы. Тіпті, олар құла таңнан кеш батқанша алқап басында бел жазбай еңбек етеді. Бүгінгі кейіпкеріміз ауыл шаруашылық саласында 11 жыл еңбек еткен Ғабит Омаров жайында сөз қозғамақпыз.
Күз, егін алқабы десе қай қайсымыздың болсын көз алдымызға ауылдан әріректе иір-иір жолдармен жететін қырмен, ондағы жал-жал болып дәннен үйілген таулар келеді. Керуеннің түйесіндей жүк артқан көліктер, даланы арқыраған дауысына бөлеген дала кемелері, сосын осының барлығын адал еңбегімен иіре білген, жүздерінен күн қаққан, шаруадан шаршамай, есесіне шыңдалған жандар елестейді. Иә, еңбекке бала күнінен араласып, 10-сыныпты бітіре сала трактор мен комбайынды тізгіндеген Ғабит Көзебайұлы 1993 жылы Шиелі ауданына қарасты Бидайкөл елді мекенінде дүниеге келген. Үйдің ең кіші баласы. Көпбалалы отбасында 4 ұл мен 4 қыз тәлім-тәрбие алған. Әкесі кезінде колзхозда қой қырқымда болып, кейіннен шаруашылықты өркендетуге үлесін қосқан атақты механизатр болса, анасы колхозда сауыншы болып еңбек еткен. Кейіпкеріміз әкесінің тынымсыз еңбегін көріп қана өскен жоқ, қолғабыс жасап жүріп, біліп те өсті. Еңбектің наны тәтті болатынын сол кезден-ақ түсінген.
Әңгімемізге арқау болған кейіпкеріміздің жұмыс уақыты әрқилы. Таңсәріде үйден шығып, тас қараңғыда қайтқан кездері де аз емес. Бүгінде қожалықтағы немістің «Claas» комбайнын еш қиындықсыз басқаратын кейіпкеріміз қысы-жазы тынымсыз тірліктің тұтқасында. Көктем шыға жер ашып, оны айдап, егіске ­дайын­­даса, одан кейін дайын жерге дән сеуіп дәрілейді. Онан кейінгі маңызды науқан дәл қазіргі дала төсіндегі тоқтаусыз тірлік. Ала жаздайғы ырысының қамбаға ысырапсыз құйылуы үшін жаңа техникаларға иек артып отыр. Бұл машина жай техника емес, заманауи тетіктерімен жабдықталған. Компьютерленген, навигаторы бар. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі ақылды техникалардың бірі болып тұр. Бұрынғылардан әлдеқайда артық екендігін кейіпкеріміз өз сөзінде де айтып отыр.
– Бұл кәсіпті мен әкемнің көзіндей көремін. Өйткені, әкемнің өмірінің соңына дейінгі айналысқан кәсібі осы болатын. Трактор айдады. Одан соң комбайн тізгіндеді. Сегіз ұл-қызын техника тізгіндей жүріп өсірді. Алғашында әкеме еліктеп, түскі асқа келсе, жүгіріп рөлге отырып алатынмын. Талабым барын білді ме, кейін әкеміз техника меңгеруде маған ұстаз болды. Қазір 10 жылдың жүзі болды, осы салада жұмыс жасаймын. Осылайша ержеткенде түрлі техниканы үйреніп, қазір сол кішкене талабым мен үлкен ізденушілігімнің арқасында жетістікке жетіп жүрмін. Әкемнің ауыл шаруашылығындағы өнегелі жолын мен жалғап келемін, – дейді еңбекқор жігіт ағасы. Осылайша, әкеден қалған кәсібін нәсібіне айналдырған жігіттің бір күнгі тіршілігімен танысқан біздер «қайнаған тірішіліктің қабатында техникаң тозса да, жаның тозбасын» деп жылы қоштасып жүріп кеттік.

Шапағат Тілеубаев
24 қыркүйек 2021 ж. 491 0