Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбектің отын ерлікпен жаққандар

Еңбектің отын ерлікпен жаққандар

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен қабат келген ерен еңбегімен бүкіл әлемге аты танымал болған екі мәрте Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын төсіне қадаған, Ақ күріштің атасы, Дала Академигі атанған диқан бабамыз – Ыбырай Жақаевтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр.
«Еңбекпен салдың, ерлікпен салдың, батырым, Кешегі күннің бүгінге жеткен өткелін. Асса да жүзден Жақаев болмай өткен көп...» – деп Әбілда Тәжібаев атамыздың жыр жолдарының өзі Ыбырай атамыз еңбегін еселей түскендей.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданның ортасында жүрген жауынгерлерге өзінің қаржысынан 155 мың сом ақша, 600 пұт сыр сұлысын және жылы киімдер жіберді.
Сонау қиын шақта 1946 жылы Ыбырай шеңгел мен тораңғыл басқан, адам аяғы баспаған Ыбырай түбегін кетпенімен аршып әлемге танылып 171 центнер өнім алып, маңдай терін халқыма пайдасы тисін, ел ашықпасын демеді ме!
Міне, еңбегін елі бағалап, бүкіл қазақ халқы, кешегі кеңес елі Ыбырай Жақаевты «Дән патшасы» деп бағаласа, «Ақ күріштің атасы», «Маршалы», «Жақаевшылар қолбасшысы», – деп таныды.
Асқар Тоқмағамбетовтің «Гималай тауына...» теңеуінің өзі, Ыбырай еңбегінің барша адамзат баласы үшін алынбас асу екенін, оған жету үшін тынбай еңбек ету, яғни «Еңбек» – деген өмірдің қайнаған қазанынан өту керек екенін көрсеткен.
Ыбырай осындай ерен еңбегінің арқасында халқынан алғаны бата, қалдырғаны өсиет болған дуалы ауыз қария екенін ешкім жоққа шығара алмас. Осы орайда, менің ойыма Әбділда Тәжібаев пен Сәбит Мұқановтың:
– Қара жерге табаным тисе, қара шалды іздеп барамын,
Жастайымнан қара шалдан бата алып өскен баламын» – деген сөзі ойыма оралады. Жастарға! «Бір тәуекел бұзады мың қайғының қаласын, бір жақсы сөз жазады мың көңілдің жарасын... Қылыш жарасы жазылғанмен, сөз жарасы жазылмайды. Маған шабыт берген де, табыс берген де еңбек. Мен өмірден үйренуден жалыққан емеспін. Соны ұмытпаңдар!» дегені де көрегендігі болса керек-ті.
Тек, еңбегінің арқасында ғана емес, өсиет, нақылдарымен де, халық жадында қалды, тарихтан тарихқа сақталды, өмір жолы, еңбегі көпке үлгі болды. Осы орайда, «Қызылту» артелі, колхозының ұйымдастырушысы Боқаев Сыздыққа, ауылдың алғашқы ұстасы Ыбырай замандасы Сахов Сейтімханға, ізбасары Әбдімомынов Балтабайға, ізбасары Закира Ержановаларға көшелердің атының берілуінің өзі осы еңбекке, еңбек адамына деген құрмет.
Қай жерде жүрсек те, біздің мақтанышымыз Ыбырай Жақаев есімі.Ыбырай атаның 130 жылдық мерейтойы қарсаңында есімін жарқыратып айтқанда, ол кісінің есімімен бірге аталуы тиіс жандарды айтпай кету мүмкін емес...
Сыздық барда ел қалушы еді,
марқайып,
Демеген ол, он бөлініп тарқайық,
Жер жүзіне мәлім болды Жақаев.
Елге билік жасаған да Боқаев.
Болсын ыстық, қақаған қыс, күз тіпті,
Әр жыл сайын кем қылмаған үздікті.
Құрметпенен еске алу парызым,
Ардақты аға Боқайұлы Сыздықты – десек, дейді С.Сейтенов.
«Қызыл армияға сыйлық» 1942 жылы «Қызылту» колхозының төрағасы П.Нұрбеков 200 кг ұн, 20 кг бал берді. Қызыл армияға сыйлық жіберу ісі колхоздардың бәрінде де кеңінен өрістетілуде». Ақпамбет Қоспамбетовке 1942 жылы соғысқа аттанарда айтқан мына бір өлең жолдары, «Бастық болып ауылға Ақаң келеді, тапсырамын ауылдың кәрі-жасын», – десе, тағы бір сөзінде, Пірман атамыз өз заманында тек халықтың қамын ойлай жүріп, өзінің артында өлмес із қалдырғандығы осындай бір өлең жолдары дәлел, бұл ферма меңгерушісі Досайға арнап:
– «Біз кетеміз, Досеке, сіз қаласыз, тапсырамын Қызылту кең даласын» – деп аманат етіп, соғысқа сол кеткеннен оралмай ерлікпен қаза табады.
Осындай өркеуделі азаматтардың бірегейі Алиакбар Абишев ағамыз – жастайынан соғысқа аттанып, одан 1947 жылы жаралы болып оралғанына қарамастан елдің әл-ауқатын жақсарту барысында өз үлесін қосқан партия ұйымының хатшысы, мал шаруашылығының басшысы, ауыл көркін келтірер алма бағының бағбаны болып еңбек етті.
Ыбырай атамыздың үзеңгілес Ленин орденді бригадирі Оразымбетов Қойшыбайдың естелігінен:
– Ыбырай мен Ұлдар «Науалы» угастогынан «Әрепал» алқабына дейінгі 10 киллометр жерге тұтасқан қалың жиде, жыңғыл, тораңғылды қопарып, 500 гектар жаңа жер ашты. Елестетіп көріңізші, неткен қайрат, неткен төзім, неткен еңбек!!! Таңдана берсеңіз таңдай қақтырар нәрсе көп. Тек соның бәрін қолмен жасап, иықпен көтерген ерлердің еңбегі елінің жадында. Тынымсыз еңбегінің арқасында Ұлдар Дәуішова Ленин орденінің иегері атанды. Ыбырай барған конференциялар мен сессиялардан орын алды.
Ширек атамыздың айтуы бойынша, өзі Сырдария ауданының тумасы, кітапханашы болып жүрген кезінде 1964 жылғы ­Ыбырай атамыздың үндеуінен кейін осы егін, яғни күріш егумен айналысқан екен. Бүгінгі таңда республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы». Ыбырай ізбасары Ы.Жақаев атындағы жүлдені 2 рет жеңіп алған жүлдегер. Жасы тоқсаннан асса да, жерлестерінің көшбасшы батагөйі болып отырған жайы бар.
Ұлы Отан Соғысының сұрапыл жылдарындағы ауыртпалықтарға қарамай, еңбек еткен аналарымыздың бірі Комсомолдың ХІ съезінің делегаты, сол кездегі Ыбырай күрішшілер мектебінің шәкірті, Ленин орденіне пара-пар еңбегі бағаланған апамыз Патан Аймановалар жайлы көзін көргендер күні бүгінгідей еске алады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «...Ер еңбегін елі өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де, тарих білмек», демей ме?!
Бүгінгі таңда еңбегіне құрмет, дәріптеуге және еңбек еткен ердің есімі елімен бірге болатындығы осы мерейтойлардың болуы дер едім.
Баталарың берген елге қабыл боп, Ыбырайдай ұлдар келсін ақтабан. Сан ғасырлар тәлім болар өнегең, Сенің бейнең бәйтерегім деген ем. Еңбектің пірі еліміздің символы, Ыбырай ата, ақ күрішке – сұлу Сырды бөлеген.
Иә, көзі көргендердің алдында, келешек ұрпақ үшін Ыбырай тек адал еңбектің, даналықтың, парасаттылықтың, ұстамдылық пен мейірбандылықтың символы.
Еңбектің отын ерлікпен жаққандар есімі ұрпақтар жадында мәңгіге дараланып қала бермек. Ата-апалардың еңбектегі көрігінің көркін жандандырар келешегіміз аман болсын!

Рауза Байсалбайқызы,
Ы.Жақаев ауылы
18 қыркүйек 2021 ж. 441 0