Ел аузында жүрген есім
Бұл өмірде адам екі мәрте өледі дейді. Біріншісі кеудесінен жаны шығып, мәңгілік сапарға аттанғанда, ал, екіншісі атын еске алатын ешкім болмай, ұмыт болғанда. Біріншісі ақиқат, дүниенің қызығынан айырған өлімнен ешкім қашып құтылған емес. Ал, екіншісі әркімнің өз қолында секілді. Себебі, бұл өмірден өтсе де, аты өлмей, істеген ізгі істері ел аузында жүрген азаматтарымыз қаншама. Сондай жандардың бірі – Әжімұрат Тәшімұлы.
Ол 1908 жылы Сырдарияның жағасынан орын тепкен Қарғалы ауылының солтүстігіндегі «Аққала» деген жерде жарық дүниеге келген. «Болар бала жасынан» демекші, Әжімұрат жас күнінен елгезек, бауырмал, өтірік айтқанды ұнатпайтын, ұнамағанын тура бетке айтатын тік мінезді болады. Мүмкін оған хақ Алланың әмірін үйреткен ауыл молдасының дәрістері себеп шығар дейді көзі көргендер. Уақыт өте оң мен солын таныған Әжімұрат 1930-шы жылдары күнкөрістің қамымен туған жерден жырақтап, Өзбекстан шекарасынан асып, Баба Омар деген бағбанға көмекші болады. Осылайша білгір бағбанның қасында бірнеше жыл жүріп, өміріне қажетті тәжірибе жинайды. Уақыт өте 1936 жылы туған жері Шиелі топырағына оралып, Қызылту колхозының жұмысына араласып, бірнеше жыл тер төгеді. Осы жылдары Ликпезде оқып, жаңаша сауат ашады.
Ел басына қара бұлт үйіріліп, неміс әскерлері елге басып кіргенде алғашқылардың бірі болып қару алып, Отан қорғауға аттанады. Шілде айында әскерге шақырылған ол, дайындықтан соң қараша айында Мәскеу үшін шайқасқа қатысады. Мұнан соң 1941 жылдың желтоқсан айында Владивостоктағы 44-ші дивизияның құрамында болады. Ал, 1942 жылы қаңтарда Брянскіні қорғауға қатысып, неміс әскерінің оғынан жараланып, Ленинград қаласындағы госпитальда ем алады. Өлім мен өмірдің арасында өткен төрт жылды артқа тастап, 1945 жылы елге аман-есен оралып, сағынышпен күткен туған-туыстарымен қауышады. Ызғарлы күндерді артта қалдырған соң диқаншылықты қолға алады. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жақаевтың ізбасарларының бірі болып, егіс алқабында еңбек етеді. Аты ауданға белгілі Заһира Ержановамен қатар жүріп, сол кісінің «сушысы» болады.
«Биссмиллә» дегендер оққа ұшып жатқан Кеңес дәуірінде имам болмақ түгілі намаз оқудың өзі қиындық тудыратын. Бірақ, тұрғындардың қалауымен Әжімұрат Тәшімұлы 1976 жылы Ы.Жақаев ауылының имамы болып сайланады. Бір жағынан діннен хабары болса, екінші жағынан оған ауыл тұрғындары сенетін. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдары алқасының мүшесі еді. Түлен түртіп, ағайын арасында дау, жанжалдар болса осы кісіге жүгінетін. Ол ақылмен, «Е өгіз өлмейтін, е арба сынбайтындай» етіп, екі жақты бітістіре білген.
Өмірінде бейнетті аз көрмеген Әжімұрат зейнет жасқа толғанда да тыным таппайды. 1977 жылы Ы.Жақаев ауылында ашылған мәдениет үйін және 1981 жылы бой көтерген балабақшаны абаттандыруға ауыл басшыларының ұсынысымен білек сыбана кірісіп, тақыр жерді гүлзарға айналдырып, саялы және жеміс ағаштарымен түрлендірді. Ауыл тұрғыны Жүніс Тілеубаев: «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Дініміз бойынша да ағаш пен жеміс ағаштарын егу сауапты амал. Егілген жеміс ағашының жемістерін тек адам ғана емес, жәндіктер мен құстар да жесе, сауап болады» дегенді жиі айтып жүретін. 1980 жылы көкемнің егіп берген жүзім, алма ағаштарының жемісін әлі күнге дейін дәмін татып отырмын. Өмірден өткеніне 22 жыл болса да, осы жеміс ағаштарын көргенде еске алып, рақметімді айтып отырамын. Ол кісінің қолы тиген ағаш көгеріп кете беретін» дейді.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Міне, осындай елге қызмет етіп, айналасына қамқор болып, өнегелі тәрбиені дәнін еккен Әжімұрат Тәшімұлының есімін осы мақала арқылы бір жаңғыртуды жөн санадық.
Ерұлан ДАТКЕНОВ