Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылына алаңдаған азамат

Ауылына алаңдаған азамат


Бәйгеқұм ауылының бүгінгідей дамып, өркендеуіне кешегі өткен ел азаматтарының қосқан үлестері ерек. Жалпы кеңес дәуірінің орта тұсынан бастап Қазақстандағы ауылдарға жан біте бастағаны бізге белгілі. Арнайы матормен кешкілік бір мезгіл жарық жанып, шаңы шығып жататын жолға тас төселіп, тегістеле бастаған кезең де осы тұс болатын.

Сол ауылдардың көркейіп, қалыптасуы алдыңғы аға буынның ерен еңбегі мен елді, жерді сүйген азаматтардың күш-жігер, маңдай терімен келгені ақиқат. Олардың жан дүниесіндегі ағалық парызға деген адалдық, имандылық, мейірімділік секілді туа бітті қасиеттері де ерекше еді. Осындай ерекше жандардың бірі, Бәйгеқұм халқы ардақ тұтып, аса құрметтеген абзал жан Бектас Тоқсанбаев болатын.
Бектас Болатұлы 1939 жылы Бәйгеқұм елді мекенінде өмірге келіп, осы ауылдағы мектептен білім алып, кейін Қызылорда медицина училищесін тәмамдайды.
1964-1970 жылдары Алматы медициналық институтында білім алып, еңбек жолын Жөлек ауылдық ауруханасында дәрігер-терапевт болып бастаған. 1973-1988 жылдары Жөлек, Бәйгеқұм ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып қызмет етті. Он төрт жыл ауылдық кеңес депутаты болып, ауылдастарының көкей кесті мәселелерін жоғары басшылық назарына салып, шешімін табуға талмай жұмыс жасады. Кейіпкеріміз өзінің еңбекқорлығының арқасында талай мәрте салалық мақтаулар алды, Қазақстан дәрігерлерінің съездеріне қатысты. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін иеленді. «Социалистік жарыс жеңімпазы» белгісімен екі мәрте марапатталды. Сонымен қатар, «Еңбек ардагері медалі» Қазақстан терапевтерінің III съезінің делегаты. Қазақстан бойынша өткізілген дәрігерлер байқауында III дәрежелі диплом иегері болды.
Бірақ Бектас ағаның ең жоғары марапаты елдің алғысын алуы еді. Соның дәлелі болар Бәйгеқұмдықтар осы күнге дейін ол кісінің есімін ауыздарынан тастамай, айтып жүреді.
Мына бір оқиға кейіпкеріміздің туған жеріне, жерлестеріне нағыз жанашыр адам екенін дәлелдейді. Өзі зейнетке шыққан соң, басшылық ауыл ауруханасының бас дәрігерлігіне сырт жердің адамын әкеледі. Осы жағдайда ауылдағы әрбір науқас адамның тарихын білетін, олардың басы ауырса, шекесі сыздайтын ауылдан шыққан қатардағы дәрігерді құзырлы орынға дәлелдей отырып, бас дәрігерлікке бекіттірген.
Зейнетке шыққан алғашқы жылдары тұрғындар ауруханаға барудың орнына осы кісіге келіп көрінетін. Осының өзі-ақ Бектас ағаның адам жанына жақындығымен бірге білгір маман екендігін көрсетсе керек.
2012 жылы өмірден өткен Бектас Болатұлы осы дүниеде қаншама науқас жандарды емдеп, оларға өмір қуанышын сыйлады. Артына ізгілікті іс қалдырды. Өз кәсібіне баулып, біліктік тәжірибесін үйреткен Зағира Мұхамеджанова, Алексей Ким, Гүлмира Оразбекова, Индира Құдайбергенқызы, Ерлан Кулманов секілді шәкірттері бүгінде белгілі дәрігерлер, ел денсаулығы күзетінде қызмет етіп келеді. Сондай-ақ «Ата көрген оқ жонып» артынан ерген ұл-қыздары да елі үшін қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандар. Олар бүгінде ел-жұрттың алғысын алып, әке атына кір келтірмей келеді. Соның бірі – Бейбіт Тоқсанбаев. Ол Қызылорда облыстық медицина орталығында кардио-реанимацияның бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасайды.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөзінің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш деген еді. Осы сүбелі сөздің артынан туған жеріне еңбек күшін арнаған, ағайыннан қолда барын аямаған Бектас Болатұлы секілді азаматтарды дәріптеу ұрпақ алдында өз құндылығын жоймақ емес.

Г.ДҮЙСЕБАЙ.
15 маусым 2019 ж. 1 112 0