Жаназар батыр ауылына интернет жүргізіледі
«Ақылды» қалалар эталондық стандарты бойынша бағалау кезінде 2020 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы 8-орынға (61%) тұрақтады. Бұл туралы Қызылорда облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте баяндады.
– Қызылорда облысының 293 мектебінде интернет желісіне қолжетімділік 100% - ды құрайды, оның 271-і (93%) кең жолақты интернетке қосылған. 151 мектепте (52%) интернет жылдамдығы 8 мбит / с-тан жоғары, 123 мектепте (42%) 4-тен 8 мбит / с-қа дейін, 4 мбит / с-қа дейін. Өңірде кең жолақты интернетке қосылмаған 19 мектеп (6%) бар. Барлық мектептерде «Bilim Land» және «Күнделік» сандық платформалары қолжетімді. Білім беру мекемелері 100% компьютерлермен жабдықталған, – деді сала басшысы.
Бұл күндері интернетсіз іс бітпейтіні айтпасақта белгілі. Оған эпид ахуалды қосыңыз. Өйткені, өткен оқу жылында қашықтан білім алу үшін әбігерге түскен ауыл балаларының жай-күйін ұмыта қойған жоқпыз. Биылғы оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді десек те, індеттің тосын сыйына даяр болуымыз шарт. Ал, Ю.Тремасованың сөзіне сенсек, бүгінгі таңда облыстағы 230 ауылдық елді мекеннің 201-і (87%) кең жолақты интернетпен қамтылған.
– Халқы 250 адамнан асатын, 3G және 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілмеген 8 елді мекеннің мәселесі әлі шешім тапқан жоқ. Осы және 250 адамнан кем 21 елді мекен бойынша биік ғимараттардың, телефон және теледидар мұнараларының мүмкіндіктеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізілуде, сондай-ақ, жақын маңдағы елді мекендер арқылы интернетпен қамту мүмкіндігі қаралуда. Айта кетейік, биылғы жылы «Kcell» компаниясы облыс бойынша 5 АЕМ Жаңақорған ауданының Екпінді, Шиелі ауданының Жаназар батыр, Қызылорда қаласының Талдыарал, Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин және Қармақшы ауданының Төребай би ауылдарында антенна діңгек құрылысын салуды жоспарлап отыр, – деді.
Білім демекші, «Білім беру саласындағы биылғы жылдың ерекшелігі аудандық және қалалық деңгейдегі білім беру ұйымдарын қаржыландырудың облыстық деңгейіне беру болды. Бұл шамамен 1000 мекеме (666 балабақша, 293 мектеп, 30 ТжКБ, барлығы 989). Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Қазына» бұлтты технологиясының жаңа жүйесі енгізілді. Бұл білім беру саласындағы бухгалтерлік есептің барлық циклін автоматтандыратын кешенді шешім» деп атап өтті басқарма басшысы.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ