АУЫЛДАРҒА ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТ ОРНАТЫЛАДЫ
Елде төтенше жағдай жарияланғанда барлық қызмет түрлері онлайн жұмыс істеуге көшкен болатын. Сындарлы шақта сыналған сандық жүйенің сол кездері сыр бергені жасырын емес. Әсіресе, мектеп оқушылары мен мұғалімдердің байланыс орнатуы қиындай түсті. Басты себеп – кеңжолақты интернеттің ауылдық жерлерге әлі жетпеуі.
Ауыл балаларының білім алудағы кедергілері, тұрғындардың үйде отырып онлайн қызметті пайдалануы бір ізге түсуі үшін кеңжолақты интернеттің қажеттігін кешегі палата отырысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин көтерді. Палата қарауына бірқатар депутаттың өздері әзірлеген заң жобалары ұсынылды. Онда депутаттар бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерде Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, ауыл тұрғындарының жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізуі олардың электронды қызметтерді көбірек қолдануына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қашықтан оқыту, білім беру мен медицинаны цифрландыру айтарлықтай артатын болады.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық кеңес отырысында осыған байланысты нақты тапсырмалар берді. Онда білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту туралы міндеттер қойды. Осыларды жетілдірудың маңызды бағыты цифрлық технологияларды тиімді қолдануда осы заң жобасы ықпал ететін болады, – деді Нұрлан Нығматулин. Жалпы телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану қазақстандық нарықтың дамуына зор мүмкіндік береді.
Елімізде жыл соңына дейін 250-ден астам адам тұратын ауылдарды жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамту жоспарлануда. Осы орайда Қызылорда облысының 96 ауылдық елді мекеніне жоғары жылдамдықты байланыс желісі салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Юлия Тремасова мәлімдеді.
– Облыстағы шалғай ауылдарға талшықты-оптикалы желі орнатылады. Бұл елді мекендерді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етіп, ұялы байланыс операторларына өздерінің базалық станцияларын орнатады. Сондай-ақ ұялы операторлар 3G/4G технологияларын қолданады. Сонымен қатар аймақта соңғы екі жылда «Цифрлы Қазақстан» және «Ақылды қалалар» эталондық стандарты мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 50-ге жуық жоба іске асырылды. Бұдан бөлек «автоматтандырылған жүйелерді орнату» жобасы шеңберінде жылдамдық өлшегішті орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді ол.
Пандемияның салдары бар саланы түртіп өтті. Жыл соңына дейін Шиелі ауданына қарасты біршама ауылдық округке жоғары жылдамдықты интернет қосу жоспарда бар. Бүгінгі таңда ауылдарға сараптама жұмыстары жүргізілуде дейді маман. Ал Ақмая ауылдық округі таяуда ғана 4G интернет желісіне қосылды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ