Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОС АУЫЛ КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ҚОС АУЫЛ КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Халық ағартушысы Ыбырай Алтынсарин­ айтпақшы, «Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын» сапалы интернет пен ұялы байланысты емін-еркін пайдаланатын заман қазір. Десе де онлайн оқу үшін жылдамдығы тәуір интернетке қол жеткізе алмай жатқан ауылдар жетерлік. Төтенше жағдай басталғалы бері елімізде интернетке қосылу жайлы 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осал топтағы отбасылардың балаларын компьютер және сапалы интернетпен қамтамасыз етуді баса айтқаны белгілі. Президент ол үшін жыл соңына дейін 250 тұрғыны бар ауылдың барлығына интернет жүргізуді тапсырды. Жолдау жүктеген міндет айқын.
Президент тапсырмасына сәйкес елде жыл соңына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауылдық елді мекен кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады. Шиелі ауданына қарасты ірілі-ұсақты 40 елді мекен болса соның 10-на әлі күнге жоғары жылдамдықты интернет кабельдері жеткізілмеген. Мәселен Қосарық (Полуказарма), Досбол би, Лесхоз, 20 бекет, 21 бекет, Ақтам, Қосүйеңкі, Жуантөбе, Жансейіт, Жаназар батыр, Ортақшыл, Қызылқайың ауылдарының тұрғындары ғаламторға емін-еркін кіретін күнді асыға күтеді. Бір қуанарлығы Kcell/Active операторымен келісім нәтижесінде жыл соңына дейін Ортақшыл мен Қосүйеңкіге 4G станцияларын орнату жұмыстары жүгізілуде. Көп ұзамай қос ауылдың халқы шексіз жылдамдықтағы ғаламтордың игілігін сезінбек. Ал қалған ауылдарға интернет желісін тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр дейді мамандар.
Ұялы байланыстың жоқтығы, интернеттің жылдамдығының төмендігі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, өз міндеттерін ойдағыдай атқаруына, жұмыстарын құлшына істеуіне, балаларының тиісті деңгейде білім алуына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Жалпы ауылдарға интернет «Қазақстан Республикасының Ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен (КЖҚ) қамтамасыз ету» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында іске асырылады.
Өткен жылы жоба аясында Қоғалы, Ортақшыл, Алмалы, Ақтоған, Телікөл, Бестам, Жиделіарық, Еңбекші, Жаңатұрмыс, Қарғалы ауылдарындағы ауылдық округ әкімі аппараты, мектеп, емхана секілді 30 мемлекеттік мекемеге байланыс кабельдерін жүргізіп, талшықты-оптикалық интернет желісіне қосылды. Одан бөлек ауданда «Қазақтелеком» АҚ-ның талшықты-оптикалық байланыс желісі кент пен Ақмая, Бәйгеқұм, Бидайкөл, Жөлек, Алғабас, Жақаев, Н.Бекежанов, Сұлутөбе, ­Бала би, Тартоғай, Ш.Қодаманов ауылдарының АТС-теріне жеткізіліп, мемлекеттік мекемелерге орнатылған. Ал интернет кабелі жетпеген елді мекендердегі мемлекеттік мекемелер «Қазақтелеком» АҚ-ның радиокүшейткіш құрылығылары арқылы ғаламторға қосылып, лаждап отыр. Алайда ауылдардағы мектеп пен мемлекеттік мекемелерде интернет болғанымен, үйлерде жоқ. Ал қашықтан білім алып жатқан оқушыларға интернет қажеттілігі үйде туындап отыр.
Иә, биылғы оқу жылында көпшілік интернетке иек артып отырғаны белгілі. Осыны ескеріп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұсынысы бойынша «Білім» тарифі қыркүйектен бастап іске қосылды. Оқушылар мен мұғалімдер үшін ұялы байланыс операторлары 990 теңгеге арнайы білім тарифін енгізген. Қазір арнайы білім беру процесі үшін SIM-картаны 990 теңгеге сатып алып, оны планшетке немесе модемге салып, барлық білім беру ресурсын тегін пайдалануға болады. Дегенмен онлайн оқитын оқушыларға бұл жеткіліксіз. Себебі қашықтан білім беру үшін алдымен интернет жүйрік болуы керек.
Ауылдық аймақтарға интернет желісін тарту жобасы 2018 жылы басталған. Содан бері ел бойынша 632 елді мекенде 2000-ға жуық мектеп пен аурухана, әкімдіктер мен полиция бөлімдері желіге қосылған. Ал қазір халық саны 250 адамнан асатын ауылдардың бәрін ұялы байланыс және мобильді интернетпен қамту жүріп жатыр. Жоба ойдағыдай іске асса, халықтың 99,3 пайызы кең жолақты интернетпен қамтылады. Ауылдағы елдің ең үлкен тілегі – осы. Бүгінгідей заманауи технологиялар қарыштап дамыған кезеңде көштен қалып қою жақсы емес.

Гүлхан ЯХИЯ
05 қазан 2020 ж. 596 0