Тойхананың есігінде «Ashyq» тұрса...
Есік, терезе тарс жабылды. Той думан басталды. Көлігін алысқа жасырған тойшыл қауым тойхананың артқы есігін аңдып әлек. Күллі әлем аурудан бас сауғалар жер таппай жүргенде, қазекем тығылып жүріп той жасауда. Сырттан қараған адамға қызық-ақ. Денсаулық өзіміздікі. Бірақ, ауру жұғады деп жанұшырып жүрген біреу. Тіпті, айыппұл да тойға тоқтам болмай тұр. Олай болса, тойшыл халыққа тиімді бір тәсіл ұсынып көрсек қалай?
Ел ішінде «жаман тұмаудың» тыйылмай тұрғанына себепші болып отырған «қазақтың тойы» деген түсінік түпкілікті қалыптасты. Бұлай деуге негіз бар. Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміздің барлық өңірінде жасырын тойлар өтіп жатыр. Бұған тыйым салуға жергілікті атқарушы һәм құзырлы органдардың шамасы келер емес. Әлеуметтік желіде күн сайын рейдтік топтың той үсітінен түскен бейнебаяндары жариялануда. Бір күні Ақтөбе, бір күні Түркістан т.б барлық өңірдегі жағдай осындай. Мәселен, алысқа бармай-ақ, Шиелі ауданының өзінде осы кезге дейін 138 рейд жұмысы ұйымдастырылғанын айталық. 3 жұмысшы топ құрылып, 626 нысанды аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Той-томалақ, жиын өткізген 46 нысанға айыппұл салынды. Осындайда күн сайын эпидахуалдың күрделі екенін мәлімдеп жатқанымен мәмілеге келе қойғандардың жоқтығы қынжылтады. Бірі өкпеден қысқан дертпен күресіп жатса, ендігісі өкпесі өшкенше тойда би билеп, сауық құрып жүр.
Қазіргі таңда, тойлардың «жабық есік жағдайында» өтіп жүргенін жұрт та, бұған тыйым салуға тиіс құқық қорғау органдары мен атқарушы биліктің өкілдері де жақсы біледі. Ара-арасында жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеп жатқаны қаншама?! Әйтсе де, екі жүз, тіпті одан да көп адамға аста-төк той жасау мен карантин талаптарына «түкіріп қойған» тәртіпсіздіктің тоқтар түрі жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тірі қалуды ойлаудан гөрі той жасап, тәуекелге бас тігудің бәсі жоғары тұрғандай.
Енді заңның қатаң талаптарына бағынбай отырған қазақы тойшыл менталитетті тәртіпке қалай көндіруге болады? Қарап тұрсаңыз, бұл құбылыс жолындағысын түгел жапырып келеді. Айыппұлмен тоқтата алмаған тойдың бір шешімін «Ashyq» қосымшасынан іздеп көрсек қайтеді? Қазір ғой, көпшілік жерлерде «Ashyq» қосымшасы іске қосылып, шектеу шараларының тәртіптілігі бір ізге түсе бастады. Мәселен, коронавирус инфекциясынан аман-сау екеніңізді дәлелдейтін қағазыңыз болса бітті: сіз үшін барлық есік ашық. Міне, осы тәсілді тойға неге қолданбасқа?
Мысалы, бұл істі былайша жүзеге асыруға болушы еді. Той жасайтын адам тығылмай келіп жергілікті атқарушы органдарға өтінім түсіреді. Сәйкесінше, бұл жауапты ұйым немесе арнайы құрылған комиссия тойға келген адамдардың «Ashyq» қосымшасы арқылы тексеруден өтуін ұйымдастырып береді. Яғни, тойхананың ішіне тек «жаман тұмаудан» сау немесе екпе алған адамдар ғана өтеді. Дәл осы тәсіл дәстүрлі ас беру сияқты басқа да адам көп жиылатын іс-шараларға да қолданылса... Осылайша, кәсіпкерлердің де жұмысы ретке келіп, халық та аурудан сақтануға тырысар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, заңның темірдей қатаң тәртібі тоқтата алмаған тойды тек осы түзеуі бек мүмкін деп «Ashyq» қосымшасына ғана үміт артуға тура келіп тұр. Біздікі аурудың таралуына тоқтам болар деген ойдан туған ұсыныс. Арғы жағын өздеріңіз сараларсыздар...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ