Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойхананың бағасы қымбаттай ма?

Тойхананың бағасы қымбаттай ма?


Қызды қияға, ұлды ұяға қондыру – кез келген ата-ананың парызы. Сол қуанышты көппен бөлісу, ұлан-асыр той жасау дәстүрге айналғаны жасырын емес. Санаға сіңіп кеткен «қатардан қалмау», «жұрттың жасағанын істеу» сынды бәсекелестік банкке бас сұққызбай қоймасы анық. Өйткені, той шығыны қалтаға салмақ салады.«Қараша айынан бастап тойханалардың бағасы қымбаттайды» деген жаңалық шиеліліктерді бейжай қалдырмады. Той десе, қу басы домалайтын қазақ барын киіп, бақанын асынып, аптаның 5 күнін тойда өткізеді. Бізді өзге ұлттардан ерекшелейтін бір қасиетіміз де осы тойшылдығымыз, думаншылдығымыз. Халқымыздың ұғымында той – елдiң, отбасының жылдар бойы жинаған ішкі рухани байлығының сарқып көрiнер ортасы. Сол себептi де қазақ оны «халықтың қазынасы» деп атаған. Алайда бүгінгінің той-томалақтарына барсақ, қазына ма, даңғаза ма деп дағдарамыз да қаламыз. Бай барын шашады, кедей қатарымнан қалмайын деп қарызданып-қауғаланады. Өзінің ет жақын туыстарының басын қосып, қуанышын бөлісу үшін емес, барын көрсетіп мақтану, шені үлкен, шекпені қымбат қонақтарға құрмет көрсету үшін той жасайтындар көбейіп барады. Туған-туыс, дос-жаранның тойына апарғанын қайтару үшін ат шаптырым мейрамхана жалдап, аста-төк дастарқан жаятындар да аз емес. Той дегенде алдымен басқа келетіні осы ой. Бірді айтып, бірге кететін әдетіміз ғой. Енді әңгіме ауанын тақырыбымызға қарай бұрсақ...
Жөн-жоралғы, төл дәстүрі бар, орынды-орынсыз шығыны бар, қалай болғанда да той жасау қазақтың қалтасы үшін аз салмақ болмай тұр. Қызын ұзатып, ұлын үйлендіретін ата-ана қаражат іздеп, тентіреп кететіні сондықтан. Шарасыздықтан несие деген құрдымға сүңгiп, ай сайын айлығының жартысын банкке апарып беретіндері тағы бар. Дегенмен ең әуелі тойға дайындық мейрамхана іздеуден басталады. Өйткені, дәл осы сәт той науқаны қыза түседі. Тіпті тойханалардың көбісі бос болмайды. Үш жүз, төрт жүз адамсыз той өткізбейтін Шиеліде тойхана да жетерлік. Қысы-жазы оңайлықпен босамайтын мейрамханалардағы бір орынның бағасы 2000 теңге. Мысалыға халықтың сұранысына ие «Нұрай» салтанат сарайы мен «Астана» мейрамханасын алайық. Базар нарығының қымбаттауы мейрамхана бағасына қалай әсер етті деген ниетпен «Астана» мейрамханасының ұйымдастырушысы Сәуле Қалтаеваға хабарласқан болатынбыз:
– Халықты толғандырған жаңалықпен біз де хабардармыз. Алайда, біздің баға сол қалпы адам басына 2000 теңге болып қалады. Көпшілікті қалтасына қонымды әрі тиімді тұсы осы деп ойлап отырмыз. Барлық дастарханға қойылатын заттар өзімізден, екі тамақ, бір реттік сусындарын қоямыз. Қалған сусындары мен ішімдіктерін ғана өздері алып келетін болады, – деп жылы жауап қатты.
Қымбатшылықтың құрығы тимеген мейрамхананың бұл ісі тойшыл халықтың көңілін жайландырды. Тойдың одан бөлек шығыны яғни асаба, той көйлегі, сұлулық салоны, той серуені, тойбастар, қысқа бейнеролигі, мейрамхананы безендіру секілді дүниелердің өзі көп қаржыны қажет етеді. Ал сәні мен салтанаты келіскен «Нұрай» салтанат сарайы қараша айынан бастап адам басына 3000 теңге болады. Одан бөлек, ет, сусын, арақ-шарапты той иесі сырттан алып барады. Кенттегі біршама мейрамханаларға хабарласқанда бірі қымбаттайды, енді бірі сол бағада тұрақтап қалатынын айтты. Енді кезек халықтың өз таңдауында.
Дана халқымыз «Той – халықтың қазынасы» дейді. Бұл әрине той үшін қазынаңды шаш деген сөз емес. Тойдың өзекті тұсы бәсекеде емес, «ұят болмасын» деген мәселеде тұрғаны белгілі. Ал ас атасы – нан қымбаттап басталған нарықтың қыспағында аста-төкпе той жасау кімнің қалтасына қонымды?
27 қазан 2019 ж. 832 0