Құда-құдағи туралы айтылған аталы сөздер
Қазақ халқында «құда – мыңжылдық» дейтін дәстүрлі сөз бар. Бұл сөздің астары сонау халықтың қалыптасу кезінен келеді. Қай елді, қай ұлтты алмайық, ержеткен баласы мен есейген қызын, бірін ұяға, бірін қияға қондырады. Бұл – үйлену дәстүрі. Соның ішінде, үй болып отырған жас отбасының ата-аналары бір-біріне төс қағысып құда-құдағи атанады. Құда-құдағи туралы қазақта айтылған аталы сөздер де жетерлік. Ендеше солардың бір легіне кезек берейік. *** Құданы Құдай қосады. *** Құда болғанша, құлы мен биін сұрас, Құда болған соң, құл да болса сыйлас. *** Жабыны жауға мінбе жалы бар деп, Жаманмен құда болма малы бар деп. *** Бай мен бай құда болса, Ортасында жорға жүреді. Жарлы мен жарлы құда болса, Ортасында дорба жүреді. Бай мен кедей құда болса, Өзара зорға-зорға жүреді. *** Біреу болса – құда, екеу болса – ұя. *** Құданың тайын алғың келсе, Құлынды биесін сұра. *** Құдағи құрдасыңдай болсын, Құдаң шын досыңдай болсын. *** Ағайынның қызығы – алыс-беріс, Құдалықтың қызығы – барыс-келіс. *** Алыс жермен құда болсаң, Түйе-түйе ас келер; Жақын жермен құда болсаң, Түйе-түйе сөз келер. *** Құдасымен Құдай ұрған ұрысады. *** Құда болғанша хал-жайын сұрас, Құда болған соң, қолда барымен сыйлас. *** Құда – мың жылдық, Күйеу – жүз жылдық. *** Құда – Құдайдың аты. *** Құда болдым дедің бе, Құйрық-бауыр жедің бе? *** Аты, тоны бар кісі Жиын, тойға барысар; Ұлы, қызы бар кісі, Құдалыққа барысар. *** Қараның таққа мінгені – Біріне бірінің құда түскені. *** Бай мен бай құда болса, достасады, Бай мен кедей құда болса, қастасады.
Massaget.kz
Massaget.kz