Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРЖЫН САЛУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

ҚОРЖЫН САЛУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


Жас жұбайлар, той иелері, құда-құдағи, жүректі жарып шыққан ақ тілектер, көңілді әуен, қызықты шоу-бағдарлама және осының барлығын бір – бірімен байланыстырып, өмірде бір рет қана болатын оқиғаны барынша есте қалатындай етіп өткізуге өз үлесін қосатын дарынды асаба. Бұның барлығы бір күнде ғана орын алатын оқиғалар. Алайда, дайындығы мен машақаты бірнеше айларға созылады. Той алдында әулеттің ақылдасуы (құрылтай), тойға дайындық, ас мәзірі, қонақтар тізімі, өтетін орны (мейрамхана), киіт және басқада кәде сыйларды дайындау, бұның барлығы уақыт бөлуді қажет ететін жұмыстар. «Тойдың боларынан, боладысы қызық» деген содан қалса керек. Бұдан бөлек, міндетті түрде өткізу керек жөн-жоралғылар, салт-дәстүрлер де бар. Оларды өткізу үшін де арнайы дайындық қажет. Солардың бірі қоржын апару, яғни «құда қоржын» турасында жазған болатынбыз. Бұл жолы Күйеу қоржын туралы айтатын боламыз.

Қоржын апару ежелден келе жатқан қазақтың кәде сыйы. Қоржын түрлі қуаныштарға байланысты қос қалтасы сыйға толтырылып апарылады. Бесік тойдан басталып үйлену тойына дейін апарылатын қоржынның бүгінде сан алуан түрі бар. Барқыт матасынан тігіліп түрлі ою-өрнек, жылтырақ тастармен әшекейленіп, барынша сән-салтанатқа сай тігілетін қос қалташаның үлгісі ежелгі пішінін сақтап қалған. Соған сай бағасы да сан алуан. Күйеу қоржынды құда қоржынмен қатар құда түсу, сырға салу бүгінгі күні құдаласуға да апарып жүр.

Күйеу қоржын (Куйеу коржын)Ең алдымен жігіттің ата-анасы өз үйлерінде көрші-қолаңын, туыс-туғандарын шақырып қоржын шай береді. Қонаққа келгендер қоржын тігу, қоржын салу үшін жиналады. Дастарханнан дәм татқаннан кейін жиналған қыз-қырқын өздерінің келген негізгі жұмыстарына кіріседі. Тойға шашу деп әкелген қант-кәмпиттерін, киім-кешегін, орамал-матасын салып қоржынның аузын байлайды. Құдалар жақта қоржын ашатын әйелдің кәдесі деп орамал байланып бір көйлектік мата салынады. Қоржынның барлық керегі түгенделіп салынғаннан кейін сыртына түрлі алқа-моншақ, білезік, жүзік және т.б қыз балаларға арналған әшекейлер тігіледі. Қалташаның сыртына тігілген алқа-моншақ, әшекейлер қаншалықты молынан болса, жігіттің туған-туыстары болашақ келіндерінің сұлулығы мен тәрбиесіне соншалықты риза болғандықтарын білдіреді. Қыздың үйіне апарылған бұл қоржынның сыртындағы барлық әшекейлерді қоржын сөгуге қатысқан тұрмыс құрмаған қыздарға беріледі. Бұл жұғысты болсын, жақсы жерге келін болсын деген ниетпен орндалатын жоралғы. Әкелінген кәде сый, дәмнің барлығы құдаласуға келгенде арнайы уақыт бөлініп әйелдер бірігіп қоржынды сөгу рәсіміне кіріседі. Қыздың ата-анасына салынған сыйлықтар табысталып, тәтті-дәмді және басқада тағамды қоржын сөгуге қатысқан қонақ әйелдерге таратылады.

Қыздың ата-анасына, яғни құдаларға әкелінетін қоржын түрлері бірнешеу. Солардың бірі құда қоржын мен күйеу қоржын. Екі қоржын да арнайы кәде сыймен толтырылып қыздың отбасына апарылады. Басты айырмашылықтың бірі күйеу қоржын қыздың үйінде қалады. Ал құдалар әкелген қоржынның іші кәде сыйға толтырылып кері қайтарылады. Осылайша, отбасы болып, отау құрған екі әулетке ортақ қуаныштарға әкелінген қоржын сый кәдеге толтырылып екі отбасының арасында жүреді. Бұл әрине, құдалар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту және сый-құрметті арттыру. Жалпы қазақ халқында қандай салт-дәстүр болмасын өзінің мән-мағынасы бар. Жөн-жоралғылардың қайсысы болмасын бүгінгі күнде де өз мәнін жоғалтпаған және сол себептен де өз нақышында орындалып жүр. Той – қазақтың қазынасы. Ендеше, қазынамызды сақтауға, жандандыруға ат салысайық.

https://reactor.inform.kz/
15 қаңтар 2019 ж. 44 123 0