Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойға тоқтам болу керек

Тойға тоқтам болу керек

Адамның жаны – ауырған жерінде. Иә, бүгінгі жұқпалы дерт жанымызды сыздатып, жақынымызды жанымыздан жұлып алып кетуде. Елімізге келген аты жаман вирустың қаупі өте күшті болып тұр. Бұл індетпен бір жылдан астам уақыт күресіп келеміз. Қауіптілігі соншалық арамыздан арыстай арда азаматтарды алып кетті. «Тәжтажал» тақиясын төбесіне қойып, алақанын жайып, ақ батасын беріп, ақыл айтып отыратын аудандағы ардагер ақсақалдардың жанын қиды. Енді міне түрленген дерт жас балалардың, жаңа туған сәбилердің бойынан табылуда. Ел болып бірігіп, індетпен күреспеске болмайды. Мемлекет барлық іс-шараны толығымен тоқтатты. Бірақ, бір алаңдарлық жағдай жекелеген той-томаққа бару мен жасырынып той жасау әлі де сейілмей тұр. Осындай қиын жағдай тойға, түрлі кештерге тоқтам бола алмауда. Қуанышымызды бөлісеміз деп жүріп, қайғыға ұрынып қалмайықшы. Айтылып және жазылып жатқан кеңестерге құлақ түрейік. Мен үшін қазағымның амандығы бәрінен жоғары. Талай қиындықтан Құдай дегені үшін аман шыққан қазағым бұдан да өтеміз. Тек дұрыс нәрсе ойлап, дұрыс нәрсе айтайық. Тойға бармайық, бала-шағамыздың қасында аман жүрейік. Ағайын-туғанның амандығын ойлайық. Құдай бәрімізге қуат беріп, жақсы күнде жолығуды жазсын.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
07 тамыз 2021 ж. 398 0