МЕЙІРАҒАСЫ ЖАЛҒАС
Қазір күллі әлем коронавирусқа қарсы жаһандық күресте күш біріктірді. Бірақ пандемияның пәрмені қатты. Ешбір елді аяп жатқан жоқ. Індетпен күресте алдыңғы шепте медицина мамандары жанкешті еңбек етуде. Осынау қысылтаяң кезде оларға қолдау көрсету – баршамыздың ортақ мақсатымыз.
Басын қатерге тігіп, ауру ошақтарында үй бетін көрмей, адал еңбек етіп жүрген дәрігерлермен бірге індетпен күресте аянбайтын мейірбикелердің де еңбегі ерен. Елдің амандығы үшін жанқиярлықпен жұмыс істеп жүрген ақ халаттылар қандай құрмет-қошеметке болсын лайық. Осы орайда, індетпен күресте атсалысып жүрген медицина қызметкерлерінің бірі – ЖалғасБазарбайұлы жайлы сөз қозғамақпыз.
Жалғас 2015 жылы Қызылорда медициналық колледжінде «Мейірбикелік ісі» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 2015жылы Шиелі ауданаралық ауруханасының хирургия бөлімшесінде кезекші мейірағасы болып бастаған ол біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында бөлімшенің ота жасау кезекші мейірағасы қызметінекөтеріледі. Жырма алты жастағы Жалғас бүгінде аурухананың білікті мейірағасы ретінде тәжірибесімен бөлісіп жүрген жас маман.
Ол тек қызметте ғана емес қосымша қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Аудандық жастар парламенттінің депутаты, медицина қызметкерлері арасындағы саулық, еріктілер жастарының жетекшісі. Өзі қызмет атқаратын бөлімшеде қызметкерлер арасында үлкен беделге ие. Қызметіне адал болуды басты парызы санайтын Жалғас қазір аудандағы коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге атсалысып жүр. Ақ халаттының айтуынша, тұрғындар карантин талаптарын барынша сақтаулары керек.
– Халық ауруды асқындырмай, барынша таратпауға тырысып, үйде отырғандары абзал. Ең бастысы – оқшаулану. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. 2 науқасты емдеп, үйлеріне жібердік. 2 күн бойы сараптамадан өткіздік, алдағы 14 күн бойы бақылауда болады. Жазылып шыққан пациенттердің де көңілдері көншікті. Алғыстарын жаудырып жатыр, – дейді Ж.Базарбайұлы.
Дәрігерлер қауіпті індетпен күресіп, күні-түні бетпе-бет келуде. Біз олардың инфекцияны жеңіп, отбасына тезірек оралуы үшін үйде қалып, өз үлесімізді қоса аламыз.
Гүлхан ЯХИЯ