Ахуал күрделі. қам жасауымыз қажет

Шыны керек, еліміздегі адам өлімінің жиілеп кетуі Қазақстанда пандемияның ушығып тұрғанының айқын көрінісі екені белгілі. Оны әлемдік сарапшылар да жаһанға жариялап, Қазақстанның «Covid-19» дерті бойынша дүниежүзінде бірінші орында екенін жарыса жазып жатыр. Иә, соңғы айда әлемді есеңгіреткен індетті жұқтырғандар қатары басқаны айтпағанда Шиелі ауданында өршіп тұр. Мемлекет, аудан басшылығы тарапынан аурудың алдын алуға қатысты шаралар атқарылса да, аты жаман дертке дауа табылар емес. Жақындарынан айырылып, өздері де аталған індетпен күресіп жатқан халық арасында «Бұған бір тоқтам болмай ма?», «Осылай жалғаса берсе жағдайымыз не болмақ?» деген сұрақтар бар. Бірақ оған әзірше нақты еш жауап жоқ. Базар бағасы сағат сайын құбылып, дәріханада дәрі, емханада жасанды тыныс алу аппараты тапшы бұл заманда бұқара халыққа басу айтып, сабырға шақыру да оңай болмай тұр.
Бірақ болған жайға бордай тозып кетуге тағы болмайды. Жалпы халықтың басына түскен сынға болаттай сабырмен қарсы тұруымыз керек-ақ. Әсіресе, осындай нәубетті сәтте ер азаматтарымыздың сертке берік, іске бекем болғаны жөн. Аудан мен ауыл халқы, қала берді әр әулет медицина мамандарының нұсқаулықтарына құлақ асып, эпидемияға қарсы сақтық шараларына баса назар қоюы шарт. Байырғы қазақы үрдісті уақытша жиып қойып, салт-дәстүрдегі адам көп шоғырланатын жиын-той, басқосуларға шектеу жасалуы керек. Елді мекендерде Мемлекет басшысы белгілеген карантинге келіспей, коронавирус індетіне әлі де күмәнмен қарайтын жандар жоқ емес. Ондай азаматтарға ауыл әкімдігі тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс деп білеміз.
Иә, әр азамат отбасының амандығын қолға алмаса болмайды. Өз денсаулығымыз бен жақындарымыздың денсаулығын ойласақ, қамсыз, қарекетсіз отырмауға тиіспіз. Қатерлі індеттен құтылудың барлық шарасын жасау керекпіз. Әйтпесе ат төбеліндей халқымыздың басы қатерге тігілуі бек мүмкін.
Елдос ЖҮСІП