ЖАҒДАЙ МӘЗ ЕМЕС, БІРАҚ...
Осы уақытқа дейін елімізде коронавирус жұқтырған 60 мыңға жуық науқас тіркелген.
Десе де бұл анықталған ресми мәлімет қана. Үйінде ауырып, өз бетінше ем қабылдап жатқан науқастар қаншама. Дегенмен бүгінге дейін вирус жұқтырушылардың жартысынан көбі, дәлірек айтқанда 34 мыңнан астамы жазылып шыққаны көңілге демеу. Ал аты жаман індет ел тұрғындарын әбігерге салған бірнеше айдың ішінде 375 адам ажал құшты. Оның 111-і соңғы бір аптаның ішінде көз жұмғандар.
Десе де бұл анықталған ресми мәлімет қана. Үйінде ауырып, өз бетінше ем қабылдап жатқан науқастар қаншама. Дегенмен бүгінге дейін вирус жұқтырушылардың жартысынан көбі, дәлірек айтқанда 34 мыңнан астамы жазылып шыққаны көңілге демеу. Ал аты жаман індет ел тұрғындарын әбігерге салған бірнеше айдың ішінде 375 адам ажал құшты. Оның 111-і соңғы бір аптаның ішінде көз жұмғандар.
Соңғы бірер аптаның ішінде Шиелі ауданының өзі қаншама арыстарынан айырылып, қара жамылып қалды. «Вирус жоқ, бұл жай ғана саясат, сенбеңдер» деп жүргеннің талайы пневмонияға шалдығып, ажалмен бетпе-бет келді. Иіс пен дәм сезбей, қызуы көтерілген жұрт дертіне шипа іздеп дал. Дәріханада сағаттап кезекте тұрғандар санында да шек жоқ.
Шынында да қазір ауданда эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Бұған жақын күндері коронавирус пен пневмония салдарынан болған өлімнің көбеюі дәлел. Қолға тиген соңғы мәлімет бойынша, ауданда бүгінге дейін барлығы 194 адам коронавирус жұқтырған. Дәл қазір осы диагнозбен тіркелген 22 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Бұл – COVID-19 белгісі бар белгілі науқастар саны. Ал пневмония дертімен осыған дейін 367 адам ауырса, қазіргі таңда 99 науқас дәрігерлердің бақылауында. Ауру белгісі анықталған 182 тұрғын үй жағдайында емделіп жатыр. Бүгінге дейін дерті асқынған 28 аудан тұрғынының жағдайы қайғылы оқиғамен аяқталды. Олардың біреуіне коронавирус диагнозы қойылса, қалғаны пневмониямен ауырғандар.
Дәл қазір аудандық ауруханада ем қабылдап жатқандардың 22-сі оттегі аппаратына тікелей тәуелді науқастар. Ал 8 адамның жағдайы тіптен ауыр. Дәрігерлер оларды тәулік бойы бақылап, қажетті ем-домын жасап жатыр. Одан бөлек стационарда ем қабылдап жатқан 100-ден аса науқас тағы бар. Иә, осы тұста үстеріне бірнеше қабат ауа өткізбейтін қорғаныш киімін киіп, аяқтарынан тік тұрып науқастарға қызмет көрсетіп жатқан медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Тәулік бойы өз денсаулықтарын қатерге тігіп жұмыс істеп жатқандарын былай қойғанда, айлап үй бетін көрмегендері қаншама. Бүгінге дейін емхана мен ауруханада еңбек ететін 12 медицина қызметкерінен аты жаман індет анықталған. Олардың үшеуі әлі күнге дертінен айыққан жоқ.
Мылтықсыз майданда күресіп жүрген ақ халаттыларды бүгінгі күннің батыры деуге болады. Стационарда еңбек етіп жүргендерді айтпағанда емханадағы күнделікті келушілерді қабылдайтын медицина мамандары да вирусты жұқтырып алмасақ екен деп алаңдайды. Өйткені күніне қаншама пациентті қарайды, арасында симптомсыз вирус тасымалдаушылардың болуы да әбден мүмкін. Жоғарыда атаған індетке шалдыққан 12 медқызметкердің басым бөлігі осы жолмен жұқтырғаны анықталған. Сондықтан олар барынша сақтық шараларын мұқият ұстануға тырысады. Тіпті таңертең жұмыс орнына келгенде ұялы телефонына дейін арнайы қорғанышпен қаптап қояды. Мұны аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Құрбанғалиеваға жоғарыдағы келтірілген мәліметтерді алу үшін хабарласқанымызда білдік.
Дәл қазір аудандағы, бүкіл ел ішіндегі эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Дегенмен қашанда бұлт артынан жарқырап күннің шығатына сенетін, жақсыдан үміт ететін халықпыз ғой, бұйырса бұл күндердің де артта қалатынына, бұрынғы алаңсыз өмірге қайта оралатынымызға сенеміз. Тек ол үшін әр адам жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын мұқият орындауы керек.
Гүлхан ЯХИЯ