Коронавирус: көрінбейтін қауіп, үзілмеген үміт
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасу жолында небір алмағайып кезеңді басынан өткергені белгілі. Десе де жауға да, кеселге де берілмей, асқақ рухымен қасқайып қарсы тұра білді. Кезінде аштықтан аман қалып, шешектен шетінен қырылып, обадан ойран боп, сүзектен сүйретілген де қазақ еді. Ауру қаншама жанның өмірін жалмағанымен, ұлттың іргесі сөгілмеді.
Дәл қазіргі уақытта тек біз ғана емес, күллі әлем болып емі жоқ дерттен қауіптеніп жатырмыз. Нано технология дамып, небір аты жаман ауруларға шипа тауып, медицина шарықтау шегіне жетті деп жүргенімізде кенеттен келген кесел кімді болса да есеңгіретіп тастады.
Қытай елінен басталған коронавирус аталатын ауруға бастапқыда онша мән бере қоймағанымыз рас. Ел ішінде «Вирус жоқ, у-шудың барлығы қолдан ұйымдастырылып отыр» деген жел сөз де болды. Дегенмен соңғы бір жұма ішінде дүниежүзін дүрліктерген дерт қазақстандықтарды да айналып өтпеді. Алғашқы науқастар анықталған сәттен халық шынымен де қауіпті сезіне бастағандай.
11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Әлемнің 150-ден астам еліндегі 160 мыңнан астам адам бұл ауруды жұқтырды. Олардың көпшілігі сауықты, алты мыңнан астамы қайтыс болды. Соңғы мәліметке сәйкес, елде 49 адам коронавирус жұқтырған, оның 25-і Нұр-Сұлтан қаласында, 22-сі Алматыда, 2 науқас Қарағандыда тіркелген.
Қазір Қазақстанда пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланды. Науқастар анықталған қос мегаполис карантинге жабылды. Жұмысшылардың көпшілігі қашықтан жұмыс істеу форматына көшуде. Сауда, ойын-сауық орталықтары, спорт және басқа да нысандар жабылып, барлық қоғамдық шаралар тоқтатылды.
2019 жылғы желтоқсан айында пайда болып, бүгінде дүние жүзін дүрліктіріп тұрған коронавирустың ресми атауы – Covid-2019.
Covid-2019. Бұл не?
Covid-2019 – коронавирустың осы уақытқа дейін анықталмаған жаңа түрі. Коронавирустар көбіне жануарларды зақымдайтын вирустар тұқымдасы болып табылады, бірақ кей жағдайда адамға да жұғуы мүмкін. Covid-2019 – коронавирустың адам ағзасына әсер ете алатын жетінші түрі.
Коронавирустың қаупі қандай?
Қалыпты жағдайда Covid-2019 жұқпасынан кейін асқыну қаупі жоқ. Бұл вирус 65 жастан асқан адамдарға, бес жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, иммунитеті әлсіз не жүрек, өкпе, бүйректің созылмалы аурулары бар адамдарға қауіп туғызуы ықтимал.
Сырқат кей науқастарда ауыр түрде өтіп, пневмония мен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Сирек жағдайда вирус өлімге әкеледі.
Коронавирус қалай жұғады?
Коронавирус респираторлық жолмен жұғады. Бойында COVID-2019 вирусы бар адам бір рет түшкірсе, айналасына 3 мыңға жуық вирус тамшысын шашып кетеді. Ол тамшылар маңайындағы адамдарға, заттарға, киім-кешекке барып қонады. Вирустың шағын бөлігі ауада қалады. АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты вирусологтарының соңғы зерттеуі бойынша, жөтелден соң ауада қалған вирус тамшылары 30 минутқа дейін тірі болған. Вирус есік тұтқаларында, пластик және ламинат заттарда 24 сағатқа дейін тұруы мүмкін.
Заттардағы вирусты 62-71% спиртті тазалағышпен не 0,5% пероксидті ағартқышпен бір минуттың ішінде өлтіруге болады. SARS коронавирусы Цельсий бойынша 56 градус температурада өледі. Вирустың киімде қанша уақыт тұратыны белгісіз. Бірақ оның табиғи матадан тез ұшып кететіні анықталған.
Профилактикалық шара
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді. Алғашқысы барлығымыз білетіндей, қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу және қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану, көп адам жиналған орындардан аулақ болып, науқас адамдармен байланысқа түспеу, егер дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы секілді салқын тию белгілері пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
Жалпы шетел тәжірибесіне сүйенсек, аталған ауру 3,5-4 апта көлемінде шарықтау шегіне жетіп, таралу аймағы бәсеңдейді екен. Мәселен, соңғы күндері қытайда вирус жұқтырған адамдар тіркелмеген. Біздің елдегі бір айлық төтенше жағдай да осыған негізделсе керек.
Бет қатталып жатқанда...
Мақаланы аяқтауға жақын қалғанда Аустралия ғалымдары COVID-2019 коронавирусына қарсы ем тапқанынан хабардар болдық. Квинсленд университеті клиникалық зерттеушілері сынақтан өткізу барысында бірден екі вакцина тиімділігін көрсеткенін мәлімдеген. Оның біріншісі АҚТҚ, яғни ВИЧ-пен күресте пайдаланатын дәрілік зат болса, екіншісі безгекке қарсы хлорокин деп хабарлады. Бұл дәрілік заттар COVID-2019 вирусымен күресте тиімділігін көрсеткен және бірнеше науқаста нәтижесін берген. ВИЧ препатарымен емделген науқастардың алғашқы толқыны емді жақсы қабылдаған. Ал жаппай зерттеулер наурыз айының аяғына жоспарланып отыр. Ғалымдар жоғарыда аталған дәрілік заттардың коронавирусты жеңуде таптырмас ем болатынына сенімді.
Қалай десек те, әлемді шулатқан қатерлі вирустың кесірі елді шарпуда. Біреудің кәсібі кібіртіктеп, екіншісінің сапары шегерілді, тағы біреулер жиын-тойын кейінге жылжытып жатыр. Бұйырса короновирус құрып, үрей де басылар. Дерт дауаланып, елдің көші түзелер. «Әрнәрсенің бір қайыры бар» деп, тек жақсыдан үміт күтетін халық емеспіз бе? Бастысы, жел сөзге ермей, елдің амандығын тілейік. Бірлігіміз бекем болғай.
Гүлхан ЯХИЯ