Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕРТ ДЕНДЕМЕСІН ДЕСЕК

ДЕРТ ДЕНДЕМЕСІН ДЕСЕК

Өкінішке қарай, кеше елімізде Германиядан келген азаматтардан коронавирус анықталғаны мәлім болды.
– Үш айдан бері біз коронавирусқа Қазақстанда жол бермеу бойынша көп шараны іске асырған едік. Бірақ өкінішке қарай, бірнеше рет тексергеннен кейін Қазақстанның екі азаматында коронавирус инфекциясы табылды. Бүгін біздің Алматыдағы лабораторияда Қазақстанның екі азаматынан коронавирус расталды. Олар Германиядан келгендер, – деді Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл азаматтар карантиндік стационарға жатқызылған. Қазір барлық шара бекітілген алгоритм бойынша жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ науқастармен байланыста болған, бірге ұшып келген жандар түгелдей бақылауда болады. Айта кетейік, бұған дейінгі әлеуметтік желілерде елді дүрбелеңге салған ақпараттардың барлығы жалған.

Президент жедел жиын өткізді
Кеше Президенттің төрағалығымен Шұғыл әрекет ету штабының кеңесі өтті. Оған Үкіметтің және бірқатар мемлекеттік органның басшылары қатысты. Кеңес барысында еліміздің экономикалық және гео­саяси ахуалы жайлы сөз болды.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына қарсы күрес жөніндегі шешімнің ақталғанын және дер кезінде қабылданғанын, оның отандастарымыздың денсаулығын сақтауға бағытталғанын атап өтті. Президент кәсіпорындар мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы балаларына қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналарға ақылы еңбек демалысын беру қажеттігін жұмыс берушілерге түсіндіруді тапсырды. Сондай-ақ медициналық мекемелер мен азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешуді, медициналық нысандардың дайындығын тексеруді талап етті. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер мен басқа да лауазымды тұлғалардың шетелдерге іс-сапармен баруына тыйым салынады.
Сонымен қатар Президент мемлекеттік органдарды жекелеген тауарлардың сұранысына дүрбелең тудырмай, бос үрей мен алып-қашпа сөздің алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге, оның ішінде, әлеуметтік желілерге айрықша көңіл бөлуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады, тұтыну тауарларына қатысты ешқандай тапшылық болмайды.

Дерттен сақтанудың жолы
бар ма?
Қазіргі сәтте халықтың азық-түлігін қамдап жатқанын пайдаланып дүкендерде баға да шарықтауда. Сондықтан босқа әбігерленіп, сауда орындарына қарай жүгірудің қажеті шамалы. Елдің мазасын алатын сенімсіз ақпараттарды да ватсап, фейсбук секілді желілерде бөліспеу қажет. Себебі, жалған ақпарат таратушыларға қылмыстық жазаның қатаң екені белгілі. Біле білсек, мамандар коронавирустың тұмау мен қызылшадан қауіпті емес екенін айтады. Елді дүрліктіріп отырған дерт оған қарсы вакцинацияның жоқтығымен қорқыныш туғызуда. Дегенмен дүние жүзі бойынша коронавирусты жұқтырғандардың 80 проценті айығып кеткен. Қазақ ежелден «Ауру – астан», «Тазалық – саулық кепілі» деп бекер айтпаған. Дәрігерлердің өзі әлемді үрейлендірген вирустан сақтану үшін тазалық пен құнарлы тамақтану қажет дегенді алға тартады.

Аймақта жұмыс қарқынды
Облыс әкімінің орынбасары ­Наурызбай Байқадамов коронавирустан сақтану шараларының пысықталуына байланысты жедел отырыс өткізді. Арнайы отырысқа қатысқан облыстық кәсіпкерлік басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Далатекс» тігін фабрикасы өкілдері мен жеке дәріхана иелері сақ­­тық шараларын талқылап, бір шешімге келді.­­ Бұған дейін ерлер жейдесін шығарумен айналысқан «Далатекс» тігін фабрикасы қазіргі уақытта көп ретті пайдалануға жарайтын жеке қорғаныш бетперделерін шығарып жатыр. Тауарды қала ішімен аудандардағы дәріханаларға жедел жеткізу қолға алынатын болды.
Жиында 13 наурыздан бастап барлық дәріханаларға 3 мың данасы жеткізіледі деп келісілді. Әрі қарай сұранысқа қарай 5 мың данаға жеткізу жоспары бар. «Далатекс» тігін фабрикасы өкілінің мәлімдеуі бойынша, келесі аптадан бастап арнайы қондырғының көмегімен бір реттік жеке қорғаныш бетперделері шығарылатын болады.
Одан бөлек Қызылорда қаласындағы автобус паркі кешеден бастап қоғамдық көліктерде алдын-ала дезинфекциялау жұмыстарын бастады. Бұл туралы «Қызылорда автобус паркі» хабарлады.«Қоғамдық көліктерді тазарту және дезинфекциялау бағытқа шығар алдында және жолаушылар соңғы аялдамалардан түскеннен кейін жасалып отырады. Короновирустық инфекцияның алдын алу және болдырмау жөніндегі қосымша шаралар туралы алдағы уақытта хабарланып отыратын болады» делінген хабарламада.
«Сақтансаң сақтаймын» дегендей, бұл облыстағы алдын алу шаралары. Аудан тұрғындарын жұрт арасында негізсіз дүрбелең мен дүрлікпе тудырмау үшін мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын басшылыққа алуға және күмәнді дереккөздерінің ақпаратын таратпауғашақырамыз. Қазіргі таңда медицина мамандары, жауапты министрліктер, Президент, бүкіл әлем болып, аурудың алдын алуға қарсы жұмыс істеуде.
Біз бұған дейінде небір алмағайып кезеңдерді басынан өткерген халықпыз. Медицина дамымаған заманда да аты жаман сан түрлі дертен дұғамызбен Аллаға сыйынып шипа тапқан елміз. Сондықтан босқа даурығумен іс бітпесі анық. Бастысы жел сөзге даурықпай, сақтық шараларын сақтайық. Әрқашан басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай.

Гүлхан
СӘБИТҚЫЗЫ
14 наурыз 2020 ж. 415 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930