Коронавирус жұқтырған алматылық әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Kyzylorda-news.kz. Алматыда коронавирус дертіне шалдыққан әйел өзімен байланыста болған адамдар туралы мәлімет беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
«Алматы қалалық полиция департаменті коронавирусен ауырғандардың бірі – азаматша Б-ның санитарлық қызмет жұмысына кедергі келтіріп, вирусқа шалдыққаннан кейін өзімен байланыста болған азаматтардың мәліметтерін беруден қасақана бас тартқанын хабарлайды. Әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабында (Санитарлық ережені немесе гигиеналық номативтерді бұзу) көзделген қылмыстың белгілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деп атап өтеді қалалық полиция департаментінен.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау, сондай-ақ аталған адамдардың жауапкершілігі күшейтіледі.