Әр азаматтың амандығы қымбат
Мемлекет басшысы коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Соған байланысты кеше барша Қазақстан халқы аза тұтты. Иә, төтеннен келген кесел төрімізден бірақ шықты. Осыдан барып аурудың ел мен жер таңдамайтынына көзіміз жетті. Рас, алғашқы кездерде көпшілік сене қойған жоқ. Ал қазір бұл ойдан жұрттың бәрі арылды. Күн сайын жақынынан айрылған ағайынның ащы мұңын көз көріп, құлақ естіп жүр. Өкінішке қарай, пандемия салдарынан көз жұмған жандардың қатарында елдік мұратты ту еткен арыстай азаматтар, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін күресіп өткен ақ халаттылар бар. Біз үшін дүниеден озған әр бәрінде отандасымыздың орны бөлек.
Қазір мемлекет пандемияның таралуына тойтарыс беріп, ауыздықтау үшін қажетті жұмыстар жасауда. Бажайлап қарасаңыз, бабаларымыз сан қилы тарихында бұдан да ауыр сынақтардан сүрінбей өткен және талай тар жол, тайғақ кешуден аман қалған. Сондай сындарлы сәтте олар бекем бірлік пен сабырлылықты ту еткен. Қазір де дәл солай ауызбіршілік танытсақ, аурудың әрі қарай асқынуына жол бермейтініміз сөзсіз. Сондықтан баршамыз қолдан келгенше жақындарымызға жанашырлық танытып, мамандар анықтап берген талаптарды орындайық! Енді ешқашан мұндай қаралы күн болмасын!
Ұлтай Сейлова, ардагер ұстаз