Уақыт уысындағы жылдар
Өзі сондай жас па, әйтеуір, ойланбай, толғанбай жата алмайтын болдық. Кәріден ұйқы қаша ма, әлде кәрілік ұйқы бермей ме? Түсініп болмайсың. иә, қолымыздан ештеңе келмесе де, ой-пікірімізді білдіріп отырсақ, “жақсылықтың жоқ сәулем, ерте-кеші” дегендей, болашаққа сеніммен қарағымыз келеді. Кейде мына заманның сиқына қарап түңіліп те кетеміз. Көп қазақтың бірі ретінде ұятымыздың аянышты хәліне жүрегіміз сыздап, жанымыз ауыратын да бар.
Бысты мәселе – тіл тағдыры. Халықаралық «қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Шиелі аудандық филиалының директоры бола жүріп, ана тілімізге байланысты ізденіп, көптеген мақалалар жаздым. Абай атамыздан бастап, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, Б.Момышұлы, Ж.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев т.б арыстарымыздың тіл жайында айтқан жанашырлық сөздерін, өлеңдерін оқырмандарға жеткізуге тырысып бақтық. Не өзгерді? Ештеңе. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Ата Заңымызда айқындалғанымен, өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігіне айнала алмай отырғаны өкінішті. Өз уақытында айта беретін Алаштың арда азаматы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы тілі» деген екен. Ақиқат емес пе? Призидент Қ.Тоқаев елімізде саяси жүйені жетілдіруге алғашқы қадамдарын жасауда. Өйткені қоғам саяси реформа жасауға жетіліп, пісіп тұр. Мемлекет басшысының ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы тек жастардан тұратын кадрлық резервтің жасақталуы, қоғамдық негізде жұмыс істейтін экономикалық реформалар орталығын құруға пәрмен беруі – осының бәрі бізді қуантады. Осындай дұрыс бағытты халық та қолдайтыны анық. Аты айтып тұрғандай, осы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарындағы әңгімелер бірыңғай орыс тілінде өтетіндігі де тіпті ыңғайсыз. Сонда біз қазақ тілінің қолданыс аясын қай кезде кеңейтеміз? Осыған дейін данышпандарымыз да, ғалым мамандарымыз да мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін айтып-айтып тауысқан шығар. Әлде, 1700 жылдары Маңғыстау өңірінде өмір сүрген Мөңке бидің болашақты болжап жазған толғауында айтылғандай:
... Домалақ-домалақ түймедей
дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмал дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Бұқараны құм алады,
Төрткүлді су алады.
Халықтың қанын сорған надандар болады,
Қабағын түйіп, қайыр тілейтін
адамдар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ
жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Сарылып келіп тосасың,
Құны жоқ қағазды судай шашасың.
Соның бәрін көресің,
Көріп барып өлесің ... дегендеріне шынымен-ақ жеттік пе?
Мына алапат дүние не болып кетті өзі. Мен не деймін, домбырам не дейдінің кері ме?. Тығы да Абай атамызға жүгінеміз. Өз ұлтын сынаудан Абайдан озған адам бар ма? Ол «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дей отырып:
Бірлік жоқ, береке жоқ,
Шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын – дейді.
Қазағына күйіне түсіп, сынай келе парасатты ақыл-ой салады. Иә, үнемі кешігіп жүретін, асықпайтын, сөйтіп жүріп көп нәрседен ұтылатын, қалып қоятын халықпыз ғой. ХІХ ғасырдағы Абайды ХХІ ғасырда ғана мойындай бастадық. Осы күнгі хәлімізді болжағандай ол кісі де:
... Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап – депті.
Сол айтпақшы, қазақ халқы жалтақтамай, жұдырықтай жұмылған ұлт қалыптастырып, бірлік пен берекесін келтіріп жатса, еңсесін түсірмей түзетсе, әлі де кеш емес сияқты. Жер шарында текті халық саналатын қазақтар жер бетінен неге жойылуы тиіс? Оның тілі де, діні де – мәңгілік. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, әр қазақтың бойында ар, намыс, ұят ұялап тұрса, даңғаза дақпырт, даңқ құмарлар далбақтауларын қойса, құлдық санадан арылса, бодандыққа бас имесе, өжет, патриот Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының ғұмыры да ұзақ боларына сенемін. Осы Қазақстан Тәуелсіз ел бола тұра неменеге екіге бөлініп, бір мемлекетте екі идеология, қос тілді саналдық екен деп те, Кеңес үкіметінің сайқал саясатының қамытынан қашан босанады екенбіз деп те, 130 ұлт мекендейтін көп ұлтты мемлекет деп Қазақстанды алдаусыратып қойғанына, патшалық Ресей мен қазіргі Ресей мемлекетінің озбырлықтары мен менсінбеушіліктері қашанға дейін созыла береді деп те – шаршадық.
Жуырда қазақ халқының саны 19 млн болды деп қуандық. Бұл мемлекет құрушы ұлт – қазақтар саны. Есепке шақсақ – 69,01 процентке жетіпті. Жалпы мемлекет бір тілді болмай, ортақ мүдде көзделмейді. Ұлт болудың бірнеше шарты бар десек, оның ең негізгісі – ұлттық тіл. Ал, біз өз мемлекетімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінде Парламентте, Үкіметте сөйлеп жүрміз бе? Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтің «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген қанатты сөзін де елемедік. Қалайша күйінбейміз? Рас қой. Осының бәрі – елімізді ұзақ жыл өзге ұлт өкілдері тізгіндегендіктен бе деген ойда қаласың. Сонымен бізді кімдер басқарып еді? Тарихқа көз жүгіртейік. Олар Қазақстан тарихында қандай қолтаңба қалдырды? Республикаға бірінші басшы болған адамдар кімдер? деген сауалдарға тарихымыздан жауап іздеп, сіздер де біле жүрсін, осы мені қызықтырған тақырып оқырман үшін де керек болып қалар дедім. Өткен тарихымызды білген дұрыс.
Қазақ елінде Кеңес үкіметі орнап, Казревкомның (1919 ж. шілде – 1920 ж. сәуір), РКП (б) Қазақ облыстық бюросы президиумының төрағасы болып, орталықтан жіберілген С.Пестковский тағайындалады. Ол елді (1920 ж. мамыр – 1920 ж. қыркүйек) аралығында басқарады. Алашорда басшыларымен мәмілеге келеді. Республикамыздың тұңғыш астанасы Орынбор қаласын айқындауға ерекше еңбек сіңіреді. Жергілікті жердің жағдайын жете білмеді. Жұмысты телефон арқылы, жиналыс жүргізумен, кабинетінде отырып басқарған. Іс-қағаздар, жиналыстар тек орыс тілінде жүргізілген. Одан кейін қазақ елін И.Акулов, М.Мырзағалиев, М.Костеловская, Г.Коростелев, В.Нанейшвелилер (1920 ж. қыркүйек – 1925 ж. тамыз айы арасында) басқарып, араға екі-үш, жеті-сегіз ай салып, ауысып отырған. Бір қазақ, бір грузин деп басқару жүйесін орыс тілінде жүргізген. Ол жылдары елдегі сүзек, оба сияқты қауіпті індетпен, қыз-келіншектер басына бостандық берумен, ауылдарды жаппай сауаттандырумен күрескен. Сонымен қатар, республика науқаншылдық, шолақ белсенділік, әсіре сілтеушілік осы басшылар тұсында өмірге келген еді. Іс-қағаздар, жиналыстар тек орыс тілінде өтілді. Қазақ еліне қасірет, жұт әкелген басшы – Ф.Голошекин болды. Ол – ВКП (б) қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы (1925 ж. тамыз – 1933 ж. қаңтар) қызметін атқарды. Қазақ халқының басына қарабұлт орнады. Ф.Голошекин көрнекті қазақ қайраткерлерін «ұлтшылдар» (1926 ж.) деп елден кетіреді. 1927 жылы «кіші октябрь» деген өте қауіпті идеяны ойлап тауып, «ауылдарға азамат соғысын» бастайды. Ол республикадағы атқару комитетіне өзі тікелей араласып, 1928 жылы қазақ байларын, дәулеттілерін тәркілеп, жер аудару туралы қаулы қабылдаттырады. Залым басшы В.Лениннің Алашордашыларға жасаған рақымшылығын біле тұра бұзып, Қазақстандағы «кіші 37-ні» ерте (1929 жылы-ақ) бастап жібереді. Елде зобалаң, қуғын-сүргін, репрессия етек алып, осындай зұлымдықтардың кесірінен 1930-32 жылдары республикадағы 5,8 миллион қазақтың 1,8 миллионы қырылып, елді аштық жайлаған. Қазақстанға ешқандай жақсы іс істемеген. Орыс тіліне үстемдік беріп, іс-қағаздар, жиындар сол тілде атқарылып отырған. Басшылыққа ұлты армян Л.Мирзоян – ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы (1933 ж. қаңтар – 1938 ж. мамыр) лауазымына келеді. Ол Голошекиннің «аша тұяқ қалмасын» тәртібіне қарсы болып, ауылдағы колхозшы-шаруаларға жеке мал ұстауға рұқсат береді. Халық таланттарын қолдап, қаламгерлердің тұңғыш форумын ұйымдастырады. Қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігін өткізеді. Оған біздің мақтанышымыз, атақты сазгер, ақын Нартай Бекежановтың қатысқанын жақсы білеміз. Қазақ зиялыларын қуғын-сүргіннен арашалауға араласады. Бірақ, тарих қойнауынан оның да репрессияға қатысы бар құжаттар табылып, қазақтар «Мырзажан» деп кеткен Мирзоянның да кемшіліктері анықталып, Алматы қаласындағы Мирзоян атындағы көше басқаша аталады. Басшылықта майда-шүйде барлық жұмысқа араласа береді екен. Мырзажанның кезінде де қазақ тіліне деген қамқорлық болмаған, іс-қағаздар, жиналыстар орысша өтіп отырған. Қазақстанға тағы да орыс азаматы Н.Скворцов – Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады (1938 ж. мамыр – 1945 ж. мамыр). Қолынан іс келетін қазақ кадрларын өз уақытында көріп, тани біледі. Осы Николайдың тұсында Ж.Шаяхметов, І.Омаров, Н.Оңдасынов, Ә.Қазақбаев, Д.Қонаев секілді қабілетті адамдарды жоғарғы қызметтерге қояды. Ол бар күш-жігерін өндірісті өркендетуге арнап, қалаларға ғана мән беріп, колхоздар мен елді мекендерді жәй шаруашылық деңгейінде қалдырады. Артынша қазақ елін басқаруға орталықтан Г.Барков келіп, бір-ақ жыл қызмет етеді (1945 ж. мамыр – 1946 ж. маусым). Өмір бойы комсомол, партия қызметінде болған ол, шаруашылықты да, өндірісті де түсінбей, ұйымдастырушылық қабілеті сын көтермей, келген жағына тайып тұрған. Құдай қалап, республиканы басқару – жергілікті ұлт өкілі Ж.Шаяхметовке тиеді (1946 ж. маусым – 1954 ж. ақпан). Еңбекқор, ұйымдастырушылық іскерлігі мол басшының тұсында тәртіп күшейеді. Партия ұйымдарын нығайтып, жұмыс нәтижесі сұралып, талап ету бағытын ұстанады. Қазақ тіліне мән беруге тырысады. Бірақ, жоғарғы жақтың ықпалы күшті еді. Оның кезінде репрессияның екінші кезеңі басталып, 1948-1952 жылдары Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов Сібірге айдалып, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, І.Омаровтар Қазақстаннан кетіп, Мәскеуді паналауға мәжбүр болады. Сондай-ақ, Семейдегі атом полигоны ашылып, қазақ жерінде қауіп-қатер орнайды. Украин ұлтының өкілі Т.Пономаренко қазақ еліне жанашырлықпен келгендей еді (1954 ж. ақпан – 1955 ж. тамыз). Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Т.Пономаренко жайлы замандастары тек жақсы жағынан сипаттап кеткен екен. Бір-екі жылда беделге ие болған. Осы жылдары ол Қазақстанның ауыл шаруашылығына Одақтан 6105 миллиард сом ақша бөлгізуге қол жеткізеді. Қазақтың көрнекті зиялы азаматтарымен тығыз байланыс орнатып, туған еліміздің тарихы, мәдениеті мен тілін білуге ынта қоя бастайды. Оның осы тірлігі Одақ басшыларына ұнамаса керек. Көп ұзамай оның орнына Л.Брежнев – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына (1955 ж. тамыз – 1956 ж. наурыз) қонжияды. Аз мерзімде партия, кеңес, комсомол аппараттарына жергілікті ұлт өкілдерін тарту ыждағаттылықпен жүргізіледі. Мүмкіндігінше елмен, жермен танысуға ұмтылады. Ол басшы болған тұста Қазақстанның солтүстік, орталық аймақтарында ұйымдастырылуға тиіс 250 шаруашылықтың 142-нің іргетасын қалап кетеді. Бірақ, кейін КСРО-ның бас хатшысы болған кезінде Қазақстанның жан-жақты дамуына көмегін аямады. Д.Қонаевпен сыйлас дос болады. Есесіне Қазақстанда тың көтеруде желеу еткен Кремль басшылары республикаға бөтен ұлттың келімсектерін үсті-үстіне тоғытып, елімізді «Қазақстан халықтар достығының лабараториясына» айналдырды, Қазақстанда 130 ұлт өкілдері тұрады деген құйтырқы саясат та сол жылдардың жемісі болып қалды. Бұл жасанды ұранның азабын әлі тартып келе жатқанымыз да жасырын емес. Артынша И.Яковлев – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы тағына отыра кетті (1956 ж. наурыз – 1957 ж. желтоқсан). Республикаға бұл басшы жетекшілік еткен тұста Қазақстан одақ қамбасына 1 миллиард пұт астық құяды. Қазақстан картасында 130 жаңа кәсіпорын пайда болады. Осы басшының кезінде Қазақстан келімсектерге лық толады. Орыстандыру саясатын ұстанғандай кейіп танытқан шағында елден кетіп, соның салдарынан этностық ара салмақ түбейгейлі өзгеріп сала береді. Жиын да, іс-қағаздар да орыс тілінде жүргізіліп, қазақ халқы демографиялық азшылыққа ұшырайды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Н.Беляев тағайындалады (1957 ж. желтоқсан – 1960 ж. қаңтар). Оның тұсында Торғай боксит кеніші, Павлодар аллюминий зауыты, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты іске қосылады. 1959 жылдың 1 тамызындағы Теміртау қаласында болған жұмысшылар көтерілісін аяусыз басып – жаншуға жол береді. Салдарынан 16 адам қаза болып, 50 жұмысшы ауыр жараланып, көптеген адам қамауға алынады. Орыс тілі саясаты міз бақбайды. Тағдырдың жазуы солай шығар. Қазақ халқының бағына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына (1960 ж. қаңтар – 1962 ж. желтоқсан) ел тумасы Д.Қонаев келеді. Республика тізгінін қолға алып, халықтың әл-ауқатын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайын, тілін, дінін қолға ала бастаған шағында араға Мәскеу басшылары араласып, Қазақ елін басқаруды ұйғыр ұлтының өкілі И.Юсуповқа (1962 ж. желтоқсан – 1964 ж. желтоқсан) тапсырады. Ол ешқандай жетістіктер жасай алмайды. Ол басшы болып тұрғанда Қазақстанның 3 миллион 500 мың гектар жері Өзбекстанға өтіп кетеді. Екі жыл ішінде дау-дамай, кінәласу көп болып, Кремльге арыз қардай борайды. «Қазақстандағы ұйғыр автономиясы» туралы қаңқу сөз де осы тұста шуға айналған. Қазақ халқының тілеуін Алла тағала қабыл көрген болу керек, Д.Қонаев – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қайта оралып, (1964 ж. желтоқсан – 1986 ж. желтоқсан) республиканы ширек ғасырдай уақыт абыройлы басқарды. Павлодар қаласын Хрущевград деп өзгертуден, Маңғыстау облысын Түрікменстанға беруден сақтап қалады. Қазақстанның Кеңес Одағындағы (СССР-дағы) рөлін нығайтты. Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ жерінің қомақты бөлігін қайтарып алды. Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Талдықорған облыстарын ашты. Күрделі, қиын шақтарда қазақ елінің алдында сіңірген еңбегі толассыз, ұшан-теңіз. Ғылым дамыды, экономикамыз бен мәдениетіміз артты. Оның тұсында он екі томдық қазақ энциклопедиясы жарық көрді. Қырықтан аса қала салдырған атамыздың аты келесі ұрпақ үшін де мақтаныш болып қалары сөзсіз. Д.Қонаев өз ұлтының мәдениеті мен тіліне зор мән берді. Ол заманда жиналыстар екі тілде де өтіліп, іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізіле бастады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VIII, IX пленумдарында Д.А.Қонаевтің қателіктерін әшкерелеу науқаны басталған еді, бірақ оны қазақ халқы қолдамады. Ардақты ұлын жамандыққа қимады. Қызыл Кремль қарап жата ма? Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Г.Колбинді (1986 ж. желтоқсан – 1989 ж. маусым) әкеліп отырғызды. Келе салып не істейді? «Тұрғын үй-91» бағдарламасын өмірге әкелді. 1986 жылдың 17-18 желтоқсандағы Алматыдағы көтерілісті аяусыз жазалауға жол береді. Өзінің шовенистік көзқарасын танытып бағады. 99 желтоқсаншы сотталып, екі адам өлім жазасына кесіліп, 83 адам 2 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Екі жарым жылда қазақтың орта, жоғары буындағы 122 басшы кадрлары қуғындалып, тағдыр тәлкегіне түсті. Ол Торғай, Маңғыстау облыстарын жауып, таратып жібереді. Неге екені белгісіз, қазақ халқына деген өшпенділігін өзімен бірге ала кетті. Кейін Мәскеу қаласындағы бір метроның алдында белгісіз жағдайда өмірден озғаны жайлы ақпарат тарады. Қазақ жастарының обалы алысқа жібермесе керек. Қазақ халқының арманы қайта оралып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып, (1989 ж. шілде – 1991 ж. қыркүйек) Н.Назарбаев тағайындалды. Қазақстан Республикасының Президенттігіне (1990 ж. сәуір – 2019 ж. мамыр) сайланады. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады (1991 жылы 16 желтоқсан). Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануына негіз қалады (1992 жылы 2 наурыз). Ұлттық валюта – теңгемізді өмірге келтірді (1993 жылы 15 қараша). Қазақстанның Ата Заңын қабылдауға еңбек сіңірді (1995 жылы 30 тамыз). Республика астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі идеяны жүзеге асырды (1997 жылы 10 желтоқсан). Соңғы 30 жылда елімізде атқарылған, атқарылып жатырған істер, жетістіктер баршаңыздың көз алдарыңызда. Тұңғыш Президент, Елбасының осыған дейінгі атқарған істеріне, 30 жылғы еңбегіне уақыт, тарих өз бағасын бере жатар. Ал бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (2019 ж. мамырдан) Қазақ елін қарышты қадаммен алға бастап келе жатыр. Тәуелсіз еліміз үстіміздегі жылы өзінің 30 жылдық мерейтойын тойлап, өркениетті 30 елдің қатарынан көрінетіндігіне еш шүбәміз жоқ. Бізді кімдер басқарып еді дей отырып, айтпағым, біздің тіліміздің мемлекеттік тілге айналуына ешқандай жол берілмегендігін, ешкімге ренжи алмайтындығымызды сездіріп, осыған да шүкіршілік жасайық дегім келеді. Егеменді елміз, Мемлекет басшысы бір Жарлығымен мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне мәртебе беріп жіберсе деген үкілі үмітіміз де жоқ емес. «Байдың асын кедей байғұс қызғаныпты» дегендей қазақ халқының төл тілінде өзгенің несі бар? Бір тілді болу – бір мемлекеттің, бір ұлттың, бір атаның баласындай бірлікте, ынтымақта болу емес пе?!
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»