Қазақ жазуының тарихы
Қазіргі кезең – білімділер заманы. Күн сайын өзгеріп жатқан жылдамдыққа толы уақытта талқыға түстіп, талданып жатқан мәселелер де көп. Соның бірі – латын әліпбиі. 2017 жылдың қазан айынан бастап қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы пікірлер айтыла бастады. Бір тарап латын тілінің өміршеңдігін қолдаса, енді бірі үйренген жолмен жүріп, ештеңені өзгертпеуді қалайды. Біріншілер латын әліпбиін қолданысқа енгізу арқылы халқымызға тән өз тіліміздің тазалығы сақталады, тіліміздің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашылады, түркі әлемімен байланыс нығаяды деген пікірлерді алға тартса, екіншілері латын графикасының ағылшын әріптеріне ұқсастығы көп адамды оқу мен жазу барысында шатастырады, бұл мәселеге қыруар қаржы жұмсалады, қолданыстағы оқулықтар мен әдеби кітаптар пайдасыз болып қалады деген пікірлерін айтады.
Тарихымызға көз жүгіртіп қарайтын болсақ, 1929 жылға дейін араб әліпбиі, 1929-1940 жылдар аралығында – латын әліпбиі қолданыста болса, 1940 жылдан бастап кириллица қолданып келеді. Бір айтарлығы, әр кезеңнің өз қиыншылықтары қатар жүрді, бірақ тоқтап қалған ештеңе жоқ. Демек, ештеңеден қорқып, үркудің қажеті жоқ. Жан-жағымызға қарасақ, латын әліпбиін қолданатын Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан сияқты түркітілдес мемлекеттерден тілге қатысты ешқандай қиындық байқалмайды, бәрі әлдеқашан қалыптасқан.
Енді біз де бірнеше жыл көлемінде латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне көшуді жоспарлап отырмыз. Оның көшу кезеңдері де айқын. Біріншісі 2018-2020 жылдар – дайындық, талқы, соңғы латын нұсқасын бекіту кезеңі. Осы аралықта бұл нұсқа тағы да сараланып, кемшіліктер болса түзетілуі әбден мүмкін.
Екіншісі 2021-2023 жылдар. Бекітілген нұсқа бойынша жалпы дайындықты пысықтап, кезең-кезеңімен, сала-саласымен латынға көшу. Үшіншісі 2024-2025 жылдар – латын графикасына өтудің соңғы басқышы.
Қалай болғанда да, мақсатқа жету, алға қойған істі аяғына дейін жеткізу, оның нәтижесін көру – қазіргі заманның талабы. Ал заманмен қатар жүру, өмір ағымы мен қажеттіліктерін қанағаттандыру – білімді ұрпақ еншісінде және әрқайсымыздың парызымыз.
Олай болса, іске сәт! Болашақты айқындайтын жаңалыққа жанашырлықпен кірісейік. Нәтижесінде әлемдік бетбұрыс бастауы, яғни, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне көшу – тілімізді тар бұғаудан босатады. Тіл жанашыры «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген Ахмет Байтұрсынов сөзімен айтсақ, бүгінімізбен ғана өмір сүрмей, ертеңімізді де ойлайық, ерте қамданайық, қазақ елі!
Гүлмира ӘЛИХАН,
№152 қазақ орта мектебі орыс тілі пәні мұғалімі.