Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киелі Ыбырай

Киелі Ыбырай


Адамзат баласы үшін өмірден қымбат ешнәрсе жоқ. Өмірге армандап келесің, армандап кетесің, таңның атқанын, күннің батқанын күтесің, зуылдап өміріңнің өтіп жатқанымен жұмысың жоқ. Атам қазақ өмірдің қызығын «Анық күнгі жұмақтан бір күнгі жалған артық деп, бір-ақ бағамдаған. Даңғайыр диқан Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері ­Ыбырай атамыздың 125 жылдығын атап өткенімізге бес жыл толып, 130 жылдығының да келіп қалғанын байқамай қалыппыз. Атаның мерейтойын өткізу кезіндегі аудан халқының тойға деген қуанышы мен ықыласы көз алдымызда.
Аудан әкімдігі, қоғамдық ұйымдар аудан жұртшылығы тойға белсене атсалысты. Әрбір аудан тұрғынының жүзінде даңғайыр диханға деген ыстық ықылас ерекше ынта сезіліп тұрды. Ата балаға сыншы демекші, Ыбырайдың әкесі Жақай атамыз баласының бойындағы ерекше қасиетті бала кезеңден-ақ байқаған. Сыр табиғатының қаймағы бұзылмаған кез ғой. Сексеуілдің биік өскені соншалық көлеңкесіне қараша үйлерін тігіп, ауыл қариялары демалып отырады екен. Отырған қариялардың жанынан балалар жүгіріп өткенде жер дүрсілдеп, дыбыс шығарса, баламның келешегі зор болады-ау дейді екен. Әке жүрегі баласының тегін еместігін бойындағы ерекше жаратылысты киесінің бар екенін сезген. Кейін жаппай колхоздастыру науқаны басталған кезде тарақтылар дарияның бергі бетіндегі Қалдыбай құмына келіп қоныс тепкен. Бірақ, отырған жерлері шаруашылыққа қолайсыздау болғасын көбісі Еңбекшіге қоныс аударған. Ал Жақай атамыздың әулеті осы күнгі Жақаев ауылына көшіп барған, Қызылту артелінің құрылуына бастамашы болған.
Шынында Қызылтудың орналасқан жері көкорай шалғын, ауылды айнала дарияның тармағы өзектер, өзектің жағасы қалың тоғай, тоғайлары құммен шектеседі, өз елінде балығы, тоғайында қырғауыл, қояны, әрбір шеңгелінің түбінде бір асым ет бар деп Асанқайғы бабамыздың Сыр бойын суреттегені осы аймақтың табиғатына тура келеді. Бір ғажабы осы аймақта қоныстанған Қызылту ­ауылы ашаршылық кезінде де қиындық көрмеген, ешкім күнін көре алмай ашығып басқа жаққа қоныс аудармаған, елдің қаймағы бұзылмаған. Әрине, елдің өз күнін көруіне, жейтін тамағын егіп алуына Ыбырай атамыз бастамашы болған. Дарияның арғы бетіндегі ызаларға бидай, тары, қауын, қарбыз еккен тәжірибесін халыққа үйрете білген. Өзектің жағасындағы қалың шеңгелді аршығаннан кейін шеңгелдің астындағы қара топыраққа егіннің шығымы, өнімі жоғары болған. Кейін артель күріш өсіруді қолға алғанда да атамыз егіс егудегі өз тәжірибесін күріш егуде де шебер пайдаланған. Күріш егетін арнайы звено құрып, оның жұмысында өзінің өмірлік тәжірибесін шебер қолданған. Менің әкемнің туған інісі мені асырап өсірген Қазбек көкем 1929 жылдан 1952 жылға дейін Ыбырайдың звеносында кетпенші болған. Ол кезде звено мүшесін кетпенші деп атайды екен. Кетпеншінің міндеті звеноның қажеттілігіне шеңгел жидеден тазартып, жаңа жерді аршып отырады екен. Өзінің Ыбыраймен серіктес болған жылдарын Қазбек көкем былай еске алатын: «Қалдыбай құмынан Қызылтуға қоныс аударғанда Ыбырай маған: – Қазбек, сен Еңбекшіге бармай-ақ қой. Маған ертең Қызылтуға барғанда сен сияқты қарулы жігіттер керек. Бір жағы сенің туыстығыңмен қатар жекжаттығың да бар ғой» дегесін көңілін қимай Ыбырайдың қарамағында қалып қойдым. Жекжатпыз деп отырғаны менің әкемнің інісі ­Наржан бидің қызы Назкүл анамыз Ыбырайдың туысы Әбуге тұрмысқа шыққан.
Ол кезде техника деген атымен жоқ, жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Шеңгел, жидені отап егістікке жер дайындаймыз. Жұмысымыз қысы-жазы толастамайды. Ерте көктемде күріш егісіне арнап жер тегістейміз. Сол кезде жиде, шеңгелден аршылған жерлерде ақ жылан қаптап кететін. Әдепкі кезде жыланнан сескеніп жақындаса кетпен сілтейтінбіз. Бірақ, бірде-бір жыланға тигізе алмайтынбыз. Кейін түсіндік қаптап жүрген ақ жыландар Ыбырайдың киесі екен. Әсіресе, көктемде жер тегістеп, күрішті суға бастырғанда жыландар алаңсыз бізбен араласып жүреді. Кейде бір жерге тоқталып күнге қыздырынғандай болып жатады. Сөйтсек, олар су шықпайтын биік жерлерді бізге нұсқағандай болып жатады екен. Жылан жатқан жерлерге су шықпай қалатын, кейін бізде түсініп жылан жатқан жерлерді тегістейтін болдық.
Ыбырай атамыздың туғанына 125 жыл толуы қарсаңында Ыбырайдың тарихи өлкетану музейін жерлесіміз Темірхан Әлімқұлов ауыл ортасынан өз қаражатына жаңадан ғимарат салып бергені белгілі. Ғимарат бітуге жақындаған кезде Жақаев Сейітбек ағамыз:
– Жәкеңнің музейі бітуге таяу. Құрылысшыларға үйден шәй берейін деп едім, келіп кетсей, – дегесін барып Темірханмен қатар отырдым. Біраз отырғасын Темірхан тіземе қолын салып:
– Аға, мен мына Ыбекеңнің суретін көріп ту балалық кезімдегі бір оқиғаны есіме түсіріп отыр­мын деді. «Бала кезім, үйдегі азын-аулақ уақ малды ауыл сыртындағы арықтың жағасында бағып отырғанмын. Бір кезде бес орындық жеңіл машина қасыма келіп тоқтады. Ішінен кеудесі орден медальға толы бір егде кісі мен жас әйел түсті де машинаның ішінен бір сарыала қауын алып сойды да мені шақырып бір тілік берді. Жеп болғасын бата берді де жүріп кетті» деді. Мен:
– Темірхан, сен де тегін емессің. Атадан бата алған азамат екенсің ғой дедім. Шынында Темірхан да тегін емес, облысқа белгілі азамат. Сауапты тірліктері де көп.
1980 жылдың ақпан айында КазГУ-дің журналистика факультетінің студенттері Нұртөре Жүсіп пен Дархан Мыңбай арнайы атадан бата алуға Алматыдан келіпті. Атадан бата алған екеуі де қазақтың мықты азаматтары. Нұртөре сенатор болса, Дархан мәжіліс депутаты. Атаның тегін емес киелі жан екенін Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева да былай еске алатын:
– Ыбекеңмен көп аралас­тым. Келін ретінде «Көп жаса» деген батасын көп алдым. Ұзақ жасауым да батадан шығар. Ыбекеңмен жекжат болып та көп араластық. Менің күйеуім Жұмаділданың апасы Әлмекейді Ыбекеңнің туған інісі Боранбайға ұзатқанбыз. Бірде Ыбекең иығыма қолын салып тұрып:
– Қарағым, Жұмаділдаға тарлық жасама, артында ұрпақ қалсын, – деді. Өзім ыңғайсызданып қалдым. Бірдеңені сезе ме, әлде мен тағы бала көтеремін бе деп ойланып жүрдім. Бір күні үйге Еңбекшіде тұратын туысымыз Әбді қайнағам келіп:
– Балам, мен көп ұзамай бақилық боламын. Абысының әлі бала көтереді. Мен кеткесін Жұмаділдаға қос, артында ұрпақ қалсын – деді. Ойыма баяғы Ыбекеңнің айтқаны түсіп, ойпырмай, жарықтық-ай тегін емес екенсің ғой дедім. Көп ұзамай қайнағам қайтыс болды. Жалғыз ұлы қайтыс болып еді, соның қайғысын көтере алмады-ау деймін. Жыл өткесін өзім күйеуімді ертіп барып абысыныма қостым. Аллаға шүкір, бақытқа кенелдік, шалымның артында ұрпақ бар деп атын Бақыт қойдым, – деді. Атамыздың артындағы ұрпағына, халқына жасаған жаңалығын айта берсек таусылмайды. Атамыздың әруағы жыл өткен сайын биіктеп барады. Биыл да 130 жылдық мерей тойын өткізуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Мен де өзімнің естіген әңгімелерім, ой-толғауым арқылы ата аруағын биіктеткім келеді. Себебі, атамыз ғасырлар өтсе де биіктей беретін, аласармайтын заңғар тұлға. Атамыздың батасымен елі, жері жылдан жылға көркеюде, Жақаев ауылы өсу, өркендеу үстінде. Ақшаңқан аппақ үйлер көбейіп, халықтың әл-ауқаты артуда.
Ыбырайдың мұрасы – келесі ұрпағына аманат. Ауылын көркейтемін, елдің әл-ауқатын жақсартамын деп еңбек етіп жатқан Асқар, Ақылбек, Арыстан сияқты азаматтарды ата аруағы қолдай берсін, ел биіктей берсін дегіміз келеді.

Есіркеп Шәдібеков,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
08 маусым 2021 ж. 338 0